Мәскеуде орыс армиясының генералы жарылыстан қаза тапты
17 желтоқсанда Мәскеудің Нижгород ауданында бір үйдің алдында жарылыс болып, екі адам қаза тапты. Жарылыс толқыны айналадағы пәтерлердің терезелерін ұшырып жіберген.
Жарылыс нәтижесінде Ресей Федерациясының Тергеу комитеті Ресей Қарулы Күштерінің радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс күштерінің басшысы генерал-лейтенант Игорь Кириллов пен оның көмекшісі Илья П. қаза болғанын растады.
Қылмыстық іс қозғалды. Бұл істі Мәскеу прокуратурасы өз бақылауына алған.
«Оқиға орнында тергеушілер, сот-медициналық сарапшылар мен төтенше жағдайлар қызметі жұмыс істеп жатыр. Жасалған қылмыстың барлық мән-жайын анықтауға бағытталған жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде», - деп хабарлаған прократура.
Куәгерлердің айтуынша, жарылыс қызметтік көлік Кирилловқа жеткенде, әскерилер үйден шығып бара жатқанда болған. Болжам бойынша, бомба үйдің жанында тұрған самокатқа қойылған.
Жарылғыш заттың ішінде 300 грамм тротил болған, соның салдарынан үйдің кіреберіс есігі мен терезелері сынған, генералдың қызметтік көлігі де зақымданған.
«Коммерсантъ» газетінің хабарлауынша, тергеу жарылысты Украинаның арнайы қызметі – Украина Қорғаныс министрлігінің барлау бас басқармасы немесе Украина қауіпсіздік қызметі ұйымдастырған деп күдіктеніп отыр.
Бір күн бұрын украиналық ақпарат құралдары бұл ресейлік генералдың соғыста химиялық қару қолдануға өзі бұйрық бергенін, оның әскери қылмыс жасады деген күдікке ілінгенін жазған.
54 жастағы Кириллов 2017 жылдың сәуірінде Ресей Қарулы Күштерінің радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс күштерінің басшысы болды. Тимошенко атындағы радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс әскери академиясын бітірген. Ол бұл академияны 2017 жылға дейін басқарған.
Кирилловтың бүгін Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің брифингіне қатысуы жоспарланған болатын. Ол үнемі осындай брифингтер өткізіп, АҚШ-тың Украинадағы «әскери-биологиялық қызметі» туралы әңгімелейтін. Атап айтқанда, 2022 жылы АҚШ-ты Украинада масалар тарататын вирустарды зерттейтін биолабораториялар құрды деп айыптаған. Ал 2023 жылы АҚШ жау әскери қызметкерлерін улау үшін осындай масаларды дрондар арқылы жеткізу жоспары туралы айтқан. Сондай-ақ ол Ресейде құс тұмауының көбеюін ауру құстардың Украинадан қоныс аударуымен байланыстырған.