Мәскеуде Савелов вокзалы маңындағы жарылыстан полицей қаза тапты
Мәскеудегі Савелов вокзалы алаңында болған жарылыс салдарынан бір полицей қаза тауып, тағы бір қызметкер жарақат алды.
Бұл туралы ТАСС хабарлады.
Ресей ІІМ-нің «МВД медиа» арнасының мәліметінше, оқиға шамамен түнгі 00:05-те болған. Солтүстік-Шығыс әкімшілік округінің Жол-патруль қызметі (Госавтоинспекция) қызметкерлері патрульдік бағытта қызметтік көлікте отырған кезде, оларға белгісіз ер адам жақындаған. Осыдан кейін белгісіз жарылғыш құрылғы іске қосылған.
Алдын ала дерек бойынша, жарылыс салдарынан бір инспектор ауыр жарақат алып, оқиға орнында көз жұмған. Екінші қызметкер жарақат алып, ауруханаға жеткізілген.
Бастапқыда құқық қорғау органдары күдіктінің оқиға орнынан қашып кеткенін хабарлаған. Оны ұстау үшін полиция мен басқа да күштік құрылымдардың бөлімшелері жұмылдырылып, жедел-іздестіру шаралары жүргізілген.
Алайда кейін Мәскеу қалалық ІІМ баспасөз қызметі оқиға орнын тексеру және бейнебақылау камераларының жазбаларын зерделеу нәтижесінде күдіктінің жарылыс салдарынан қаза тапқаны анықталғанын мәлімдеді.
Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы нақтыланып жатыр.