Мәскеуде тағы бір генералға қастандық жасалды
Мәскеуде Ресей Қорғаныс министрлігінің генерал-лейтенанты Владимир Алексеевке қастандық жасалды. Бұл туралы Ресей Тергеу комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
Алексеев – Ресей Бас штабы Бас барлау басқармасының (ГРУ) басшысы, адмирал Игорь Костюковтың бірінші орынбасары. Ол Украина және АҚШ-пен өткен үшжақты келіссөздерде Ресей делегациясы құрамында болған. 2017 жылы Владимир Алексеевке «Ресей қаһарманы» атағы берілген.
Тергеу комитетінің мәліметінше, белгісіз адам Волоколамск тас жолындағы тұрғын үйде генералға бірнеше рет оқ атып, оқиға орнынан қашып кеткен.
«Жәбірленуші қалалық ауруханалардың біріне жеткізілді», – деп мәлімдеді ведомствоның ресми өкілі Светлана Петренко.
Күштік құрылымдарға жақын Mash Telegram-арнасының жазуынша, шабуыл таңғы сағат жетілер шамасында үйдің лифт маңында, арт жағынан жасалған. Қазіргі уақытта Алексеевтің жағдайы мен алған жарақаттарының ауырлығы туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ. Shot Telegram-арнасы генералдың жағдайын ауыр деп бағалап отыр.
Аталған факті бойынша «адам өлтіруге оқталу» және «атыс қаруын заңсыз айналымға енгізу» баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Владимир Алексеев 2023 жылдың маусымында «Вагнер» жекеменшік әскери компаниясының негізін қалаушы Евгений Пригожин бүлік шығарған кезде Ресей Қорғаныс министрінің орынбасары Юнус-Бек Евкуровпен бірге оны көтерілісті тоқтатуға үгіттеген тұлғалардың бірі болған.
БАҚ мәліметтеріне сәйкес, Алексеев Украинадағы соғысқа қатысқан ресейлік «еріктілер» құрылымдарының негізгі кураторларының бірі саналады. Атап айтқанда, ол «Вагнерге» балама ретінде құрылған «Редут» жекеменшік әскери компаниясының қызметіне жауапты болған. Кейін көптеген «вагнершілер» осы құрылым құрамына өткен.
2016 жылдың желтоқсанында АҚШ Владимир Алексеевке қарсы санкциялар енгізген. Бұған АҚШ-тағы президенттік сайлау процесіне ықпал етуге бағытталған кибершабуылдарға қатысы бар деген айып себеп болған. Ал 2019 жылы Ұлыбританияның Солсбери қаласында Скрипальдар отбасын улау ісіне байланысты Еуропалық одақ та оған санкция салған.
Украина Қорғаныс министрлігі жанындағы Бас барлау басқармасы Алексеевті «Украинаға қарсы зымыран және әуе соққылары үшін қажетті деректерді дайындауға жауапты тұлғалардың бірі», сондай-ақ басып алынған аумақтарда жалған референдумдар өткізу арқылы «Ресейдің қатысуын заңдастыруға» жауапты деп есептейді.
Бұл алғашқы жағдай емес
Бұл – Ресейдің Украинаға қарсы соғысы басталғалы бері жоғары шенді ресейлік әскери қызметкерлерге қарсы жасалған кезекті қастандық.
2024 жылғы 24 шілдеде Мәскеудегі Синявинская көшесіндегі тұрғын үй ауласында Toyota Land Cruiser Prado көлігі жарылған. Нәтижесінде көлік иесі – Ресей Қорғаныс министрлігі Бас барлау басқармасының офицері мен оның жұбайы жарақат алған. Олар аман қалғанымен, әскери қызметкер аяғынан айырылған, алайда оның тегі ресми түрде жарияланбаған.
2024 жылдың желтоқсанында генерал-лейтенант Игорь Кириллов пен оның көмекшісі Илья Поликарпов көпқабатты үй подъезінен шыққан сәтте самокатқа орнатылған жарылғыш құрылғының қашықтан іске қосылуы салдарынан қаза тапқан.
Ал 2025 жылдың желтоқсанында Мәскеуде жеңіл автокөліктегі жарылыс салдарынан Ресей Бас штабының жедел дайындық басқармасын басқарған генерал Фанил Сарваров ауыр жарақат алып, оқиға орнында көз жұмған.