Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:52

Мәскеуге бара алмасаң, Астанаға келе алмасаң...

Бапи мен Сарым
Фото:ЖИ

Қазақстан жайлы жағымсыз пікір айтатын ресейлік саясаткерлер мен депутаттар, журналистер мен тарихшылар аз емес.

 Кейбірі еліміздің территория тұтастығына күмән келтіріп, солтүстік облыстарды Ресейге қосып алуды ұсынса, тағы бір тобы Қазақстан Украинаның жолына түсті деп, соғыс қаупімен қорқытады. Ал ел тарихына топырақ шашып, қазақта мемлекет болмаған, мәдениет болмаған дегенді солтүстіктегі көршілеріміз күнде айтып жүр. Тіпті Ресей президенті Владимир Путиннің өзі бір кездері қазақ жерінде мемлекет болмаған деген.

Мұндай империялық көзқарастарға ресми Астана көп жағдайда мән бермеген түр танытып, үнсіз қалады. Шектен шыққан ұшқары пікір үшін Мәскеуге нота жолдап, мінез танытқан кезі жоқ. Тек 2023 жылы қазанда Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Қазақстанға пиғылы теріс ресейліктердің тізімі бар екенін айтқан. Бірақ бұл тізімге кімдер енгені, саны қанша екені құпия. Мұндай адамдарға шекара жабылатыны, елімізге кіре алмайтыны ғана белгілі.

Сыртқы істер министрлігі аталған «қара тізімге» енгенін растаған соңғы адам – ресейлік журналист Тина Канделаки. Ол «Қазақстан орыс тілін мемлекеттік деңгейде ығыстырып жатыр» деген сөзі үшін ел аумағына кіре алмайтын тұлғалар қатарына қосылған. Ал оған дейін «Украинаның күні Қазақстанға да тууы мүмкін» деп мәлімдеген пропагандист Тигран Кеосаян «қара тізімге» енді. Қазақстанға қарата бұдан да ауыр сөз айтып, шовинизмнің шоғын үрлеп жүргендер жетерлік. Егер оның бәрін есепке алса, министр Мұрат Нұртілеудің тізім дәптері тез толары анық.

Қазақстанға кімдер кіре алмайды?

Биыл 27 сәуірде ТМД елдері институтының қызметкері, ресейлік тарихшы Андрей Грозиннің Қазақстан аумағына кіре алмай, әуежайдан кері қайтуы Астана мен Мәскеу арасында «қара тізім» шынымен бар екенін растады. Грозин Қазақстан билігін «русофобиялық нарративпен» әуестеніп, «нациктерді» қолдап отыр деп айыптаған.

Бұған дейін сөз жүзінде айтылып жүрген персона нон грата немесе «жағымсыз тұлғалар» тізіміне енген адамның ел шекарасынан өте алмағанын алғаш естіп отырмыз. Әйтпесе, 2023 жылы ел үкіметі Ресей мемлекеттік думасының депутаты Константин Затулиннің сапарына тосқауыл қоя алмаған. «Астана орыстар көп тұратын бірқатар аймақ пен елдімекеннің Қазақстан деп аталатын елге қатысы аз екенін жақсы біледі» деп тәуелсіз елдің тұтастығына қарсы сөйлеген депутат 2023 жылы мамырда елге келіп кетті. Оны паспорт бақылауынан өтерде шекарашылар тоқтатқан, бірақ Ресей сыртқы істер министрлігі араласқан соң біздің билік ұстанымында табандап тұра алмады.

Егер Затулин шекарадан қайтса, бұл Ресей саясаткерін елге кіргізбеген алғашқы «ерлігіміз» болар еді. Бірақ ол қолымыздан келмеді. Мұндай оқиға сәл ертеректе де болған. Өле-өлгенше Қазақстан жеріне сұғын қадап, қазақты кемсітумен өткен Ресей думасының мәңгілік депутаты Владимир Жириновскийді 2005 жылы ақпанда Қазақстан сыртқы істер министрлігі персона нон грата деп жариялаған. Бірақ сайқымазақ саясаткер одан кейін де түк болмағандай Қазақстанға келіп-кетіп жүрді.

Персона нон грата тізіміне елдің саяси ұстанымдарына көзқарасы қайшы келетін, ел қауіпсіздігіне қатер төндірген шетелдік саясаткерлер мен дипломаттар кіреді. Бұл әлемде бұрыннан бар саяси құбылыс. Ал Қазақстан мен Ресей арасындағы қазіргі әңгіме – екі ел билігі өз аумағында көргісі келмейтін «жағымсыз тұлғалар» жайында болса керек. Мұндай «қара тізімге» саясаткерлерді ғана емес, журналист, тарихшы, қоғам белсендісі сияқты кез келген адамды кіргізуге болады. Бұл тізім Астанада да, Мәскеуде де бар көрінеді.

ҚР Сыртқы істер министрлігі құпия ұстап отырған «Қазақстанға пиғылы теріс шетелдіктер» тізімінің шет-жағасын германиялық Deutsche Welle порталы жариялады. Басылымға сұхбат берген Қазақстан үкіметі өкілі мұндай тізім бар екенін растап, оған Қазақстан жайлы жағымсыз мәлімдеме жасаған адамдар кіретінін айтыпты. Бірақ құжат құпия болғандықтан, «қара тізімде» қанша адам барын білмейді екен. «Бұған дейін тізім басында Жириновский тұрғанын айта аламын. Қазір ол қатарға Тина Канделаки, Тигран Кеосанян, Александр Дугин, Никита Мендкович, мемлекеттік дума депутаттары Евгений Федоров, Вячеслав Никонов және Петр Толстой қосылды. Константин Затулин мен Евгений Примаковты да қазақстандықтар ұнатпайды. Бұл тізімде ресейліктер ғана емес, өзге елдің азаматтары да бар», – деп келтіреді Қазақстан үкіметі өкілінің сөзін DW.

Әрине, қазақ жеріне көз сүзіп, елдің территория тұтастығын сыйламағандарға бейжай қарамай, «қара тізімге» қосқан дұрыс. Бірақ басты мәселе, билік айтқанында тұрып, елге кірмеуі тиіс адамдарды кіргізбеуі қажет еді. Кеше – Жириновский, бүгін – Затулин тыйымды қайырып қойып, шекарадан өтті. Ертең тізімдегі тағы бір провокатор есікті теуіп ашып, келіп тұрса, мемлекет үшін де, билік үшін де абыройлы іс болмайды. Әліміз жалғыз Грозинге жетсе, елдігімізге сын. Саясаттанушы Дос Көшім персона нон грата атанған адамды шекарадан өткізгендерді жазаға тарту керек дейді.

«Билік Қазақстанға, Қазақстан саясатына қарсы пікір айтқан адамдарға шектеу енгіздік, елге кіргізбейміз деп халыққа жар салады. Бірақ олардың арасында елге кіріп кетіп жатқандары бар. Бұл ел үкіметінің, сыртқы істер министрлігінің өз халқын алдағаны болып саналады. Пәлен адам елге кірмейді деп айтып тұрып, елші араласты, басқа араласты деп, өткізіп жіберуге болмайды. Персона нон грата қабылданған соң оны тек заң бойынша алып тастауға болады. Басқалар араласып немесе президенттер бір-біріне қоңырау шалып, оны айналып өтуіне болмайды. Мұның бәрі мемлекеттік органдар үшін үлкен кінә. Тіпті персона нон гратаны шекарадан өткізген адамды жазалау керек. Өйткені бұл «бәке, сәке» арасуымен шешілетін мәселе емес, бұл мемлекет тарапынан берілген баға, оны жеке адамдардың шешуге еш құқығы жоқ. Бұл әлемдік қағида», – дейді сарапшы.

Ресейге кімдер бара алмайды?

Қазақстан «қара тізім» жасап жатқанда Ресей қарап отыра ма? Олардың да өз жабық тізімі бар. Бірақ оның сипаты біздегіден басқаша. Астана тізімге, империялық көзқарасын жасырмайтын шовинистерді, пропагандистерді, провокаторларды қосатынын айттық. Ал Мәскеу осылардың ұшқары ойына қарсы шығып, мемлекет мүддесін жақтаған қазақстандықтарды жау санайды. Сондай-ақ тарихи ақтаңдақты түгендеп, шынайы тарих жазуға ұмытылып жүрген ғалымдар да Кремльдің көзіне шыққан сүйелдей. Олар түрлі кедергіге ұшырап, архивтегі деректерге қол жеткізе алмайды. Салдарынан зерттеушілер Қазақстанның советтік және оған дейінгі тарихы жайлы ақпарат ала алмай жүр.

«Азаттық радиосының» ақпаратына сүйенсек, 70-ке жуық қазақстандық ғалымның Ресейге кіруіне тыйым салынған. Олардың арасында беделді зерттеу институттары мен университеттерде жұмыс істейтін тарихшылар, филологтар, өнертанушылар бар. Тіпті Сталин билігі тұсындағы репрессия мен Алашорда жайлы зерттеп жүрген 77 жастағы академик Мәмбет Қойгелді де Ресейге бара алмайды. Яғни еңбектері Кремль саясатына қайшы келмейтін қазақстандық ғалымдар шекарадан оңай өтеді, ал өткен ғасырдағы ашаршылық, Алашорда мұрасы, саяси репрессия сияқты Мәскеуге ұнамайтын тақырыптарды зерттейтін мамандар үшін Ресейге жол жабық.

Deutsche Welle басылымына сұхбат берген қазақстандық тарихшы Жақсылық Сәбитов Ресейге кіруге тыйым салынған кем дегенде он әріптесін білетінін айтыпты. Оның сөзінше, ғалымдардың көбі шектеу жайлы шекараға барғанда бір-ақ біледі. Бірақ ол Ресейге баруға тыйым салынған әріптестерінің есімін атаудан бас тартқан. «Менің байқауымша, мұндай шектеу 2022 жылдан кейін, адамдар Facebook пен Instagram желісінде өз позициясын ашық білдіре бастаған соң көбейіп кетті. Бұл тарихшыларға ғана емес, өзге мамандық өкілдеріне де әсер етті. Ресей әлеуметтік желілерді бақылап отыратыны анық», – дейді Сәбитов DW-ге берген сұхбатында.

Сондай-ақ басылым Ресейге кіруге болмайтын қазақстандықтар тізімінде саясаттанушылар Досым Сәтбаев пен Димаш Әлжанов, қоғам белсенділері Мұхтар Тайжан мен Тоғжан Қожалы және мәжіліс депутаттары Ермұрат Бапи мен Айдос Сарым бар екенін жазған. Айдос Сарым мұны өзі растап, 2021 жылы қолында дипломатиялық төлқұжаты болғанына қарамастан Мәскеуге кіре алмай қалғанын DW-ге айтып беріпті. Тіпті консулды шақырса да еш пайдасы болмаған. Яғни қазақ жерін қазақтан қызғанған Ресей депутаты Затулин өз елінің сыртқы істер министрлігін араластырып, Қазақстанға кіре алады да, біздің депутат дипломаттардан көмек сұраса да, Ресейге кіре алмайды. Тіпті Сарым Затулин сияқты қауіпті пікір айтқан емес, керісінше, оның Украинамен соғысқа қатысты кей пікірі ресейлік ұстанымға ұқсайды.

«Кез келген мемлекет өз саясатына қарсы көзқарасы бар азаматтың елге келуіне тыйым салады. Сондай-ақ тыңшылық қызмет атқарған адамдарды да персона нон грата деп танып жатады. Сондықтан бұл қалыптасқан халықаралық жағдай. Біздің ғалымдардың да кейбір жазған-сызғаны Ресей саясатына сай келмей жатады. Сол үшін ол пікірді қабылдамайды. Сондықтан мұндай тізім бір мемлекеттің жеке тұлғаға берген бағасы деп қарауға болады. Персона нон грата бір адамның алда істейтін емес, бұған дейін істеген ісіне берілген баға. Сондықтан тарихшыларға әдейі тосқауыл қойып отыр деген пікірмен келіспеймін», – дейді саясаттанушы Дос Көшім.

Астана мен Мәскеу бір-бірін тату көрші, мәңгілік серіктес деп сипаттайды. Жақында ҚР қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Мәскеуге барған сапарында «Біз – доспыз, одақтаспыз, қарулас бауырмыз» деп бұл қатынасты тағы бір саты жақындатып тастады. Бірақ «бауырларымыздың» арасында біздің елге жау көзқараспен қарайтындар аз емес екенін айтып отырмыз. Егер шынымен тең деңгейлі одақтас ел болсақ, персона нон грата тізімінде мұнша көп адам болмас еді. Демек Нұртілеудің тізімі мен Жақсылықовтың жақсы сөзіне сенім жоқ.

Қуаныш Қаппас