Мәслихат майшелпек пе?
Наурыздың 30 күні Қарағандыда VIII шақырылым депутаттарының қатысуымен облыстық мәслихаттың бірінші сессиясы өтті.
Су жаңа құрамдағы 36 депутат бұған дейін Бұқар жырау ауданының әкімі болған Нұркен Қобжановты мәслихат төрағасы етіп сайлады. Жиынға қатысқан облыс әкімі Ермағанбет Бөлекбаев жергілікті өзін-өзі басқарудың негізгі буыны болып табылатын мәслихат депутаттарына алдымен 10 мыңнан астам жұмыс орнын құру міндеті тұрғанын және сайлаушылар алдында бұдан да бірқатар шешілуі тиіс маңызды міндеттер барын еске салды. Содан бері сәуір сырғып өтті, мамыражай мамыр келді. Бірақ бас депутаттан ешқандай бастама естілмеді. Халық арасына шыққан депутаттың қарасы көрінбеді.
Жақында әріптесіміз әлеуметтік парақшасына Нұркен Қобжановтың мерейтой мен туған күн тойлаудан қолы босамай жүрген жазба мен суреттердің көшірмесін қатар жариялады.
— Қарағанды облыстық мәслихатында күнде той-думан. Мәслихаттың төрағасы Нұркен Қобжановтың парақшасына кірсеңіз, туған күннен бас алмайсыз. Өткенде «Тораңғылықтың» мәселесін көтергенде оны таппадық. Сөйтсек, туған күн тойлап жүр екен ғой. Халық сайламаған депутаттардың деңгейі осыдан-ақ көрінеді, – деп жазды ол.
Бұдан әрі мәслихаттың бюджетіне барлау жасаған журналист мемлекеттік сатып алу порталынан ашық ақпарат жариялаған. Оның келтірген дерегінше мәслихат депутаттарын пиарлау үшін ел қазынасынан 25 млн теңге қаржы бөлінген. Әріптесіміздің айтуынша, ашық қоғам қағидасына сай ақпарат айтқан айыбына бола облыстық мәслихаттың төрағасы оның әлеуметтік парақшасын блокқа қойып тастаған.
Төртінші билік өкілдеріне қыр көрсеткен аймақтық мәслихат басшысының сиқы осындай. Одан әрі біз мәслихаттың биылғы құрамы жайлы мәліметтер алу үшін облыстық мәслихаттың сайтын ақтардық. Өкінішке қарай, сайттан жаңадан сайланған депутаттардың бірде-біреуінің қарасын таппадық. Былтыр сенатқа депутат болып сайланған Серік Өтешов сол күйі тұр. Ол аздай ескі құрамындағы 36 депутаттың дидарын көріп қайран қалдық. Тіпті кейбіреулеріндегі «Нұр Отан» партиясының мүшесі деп жазылған деректері де әлі күнге дейін түзетілмеген. Жаңа Қазақстанның ескі дерегімен сөйлейтін мәслихаттың жаңа құрамы қалың ұйқыдан қашан оянады екен? Бір білеріміз, бұл жолғы депутаттардың арасында кәсіпкерлер де аз емес. Олар кімнің мүддесін көксеп, кімге қызмет еткенін алдағы уақытта көре жатармыз. Әзірге біздің арман «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыратын елжанды азаматтарды аңсау ғана...