«Мәсімовтің әкесіне бизнес бермедік — азаматтықтан айырылдық» — қандас

Этникалық қазақ, Ауғанстаннан келген қандас Абдул Халил Наджибулла Қазақстанда 20 жылдан астам уақыт өмір сүріп, азаматтық алып, бизнесін дөңгелеткен. Алайда ол 2019 жылы азаматтығынан да, кәсібінен де айырылып қалғанын айтады.
Бұл жағдайдың себебін ол сол кездегі ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімовтің әкесі – Кажымқан Мәсімовке кәсіпорнын беруден бас тартқанымен байланыстырады.
Абдул Халилдің айтуынша, 2019 жылы Астанадағы қонақүйлердің бірінде оның әкесі мен Кажымқан Мәсімов арасында кездесу өткен. «Кәсіпорынды бермесеңдер, ұлыммен ісің болады» деген ашық қысым жасалған. Әкесі бас тартқаннан кейін, біртіндеп қуғын-сүргін басталған. Кейін ол екі жылға қамалып, 2022 жылы Жоғарғы сот шешімімен ақталғанымен, бизнесінен айырылған. Оның айтуынша, элеваторы, ұн өндіретін кешені мен 16,6 мың гектар жері болған агро-холдинг басқа адамдарға өтіп кеткен.
Сонымен қатар, ҰҚК 2019 жылы оның азаматтық алуына қатысты құжаттарды тексере бастап, жалған құжат тапсырды деген уәжбен азаматтығынан айырған. Наджибулла бұл айыптауларды жоққа шығарып, ешқандай жалған құжат тапсырмағанын, тіпті 2019-2020 жылдары елден шықпағанын дәлелдейтін шекара қызметінің мәліметтерін де көрсеткен.
Ол Ауғанстаннан 1993 жылы кетіп, 2001 жылы Қазақстан азаматтығын алған. 1980-жылдары КСРО-мен одақтасып, талибтерге қарсы күрескен әскери ұшқыш болған. Осы әрекеті үшін Талибан режимі оны әскери қылмыскер деп танып, оны Ауғанстанға депортацияламақшы.
Бұдан бөлек, бірнеше апта бұрын оның әйелі, қызы және екі үлкен ұлы да Қазақстан азаматтығынан айырылған. Қазір бүкіл отбасы бұл шешімнің себептерін анықтап, әділеттілікке қол жеткізуге тырысып жатыр.
— Біз қазақпыз, бұл – біздің Отанымыз. Бірақ бізді еш сотсыз, қорғаусыз елден шығарғалы жатыр, – дейді Абдул Халилдің ұлы Алижан.
ҰҚК жауабында 2022 жылы Наджибуллаға қатысты салық төлемегені үшін қылмыстық іс қозғалып, 2023 жылы 5 жылға сотталғаны айтылған. Іс қаралып жатыр.