Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:45, 11 Ақпан 2025

Мәсімовтің Астанадағы үйі 700 млн-ға арзан бағаланды

Мәсімов үйі
Фото: cabinet-auction.e-qazyna.kz

Ел іші жаңа салық жүйесін сынап, оның үстіне, президент «көрпеге қарай көсіліп, аяқты тартып басу керек» дегеннен кейін «ендігі күніміз не болады?» деп отырған шақта елді елең еткізіп, қалың уайымнан бірауық еңсені тіктегендей етіп Мәсімовтің үйі, нақтырақ айтқанда, қонақжай үйі жайлы ақпарат жарияланды. 

Қайтарылған активтерді басқарумен айналысатын компания елорданың қақ ортасында, Есілдің жағасында тұрған зәулім үйді саудаға шығаратынын хабарлады. Ауласы атшаптырым, айналасы қоршалған, аумағы шыршамен көмкерілген қосқабатты үйдің бұрынғы иесі Кәрім Мәсімов болуы бек мүмкін. Себебі аукционға жарияланған үйдің суреттері 2022 жылы Кәрім Мәсімовті ұстаған шақтағы ҰҚК жариялаған суреттерге ұқсайды. Оның үстіне, қаланың географиялық картасында да аталған мекенжайдан осы сурет шығып тұр.

Компания берген мәліметке қарағанда, үй қаланың қақ ортасында – Нұра ауданы, Қараөткел мөлтек ауданы, Ерейментау көшесі, 1 мекенжайында орналасқан, жертөле қабаты бар. Жалпы жер аумағы 1 гектарға жуық болса, үйдің жалпы аумағы 2 877,7 шаршы метр. Ішінде бассейні, бильярд залы бар.

Аукционға түсердегі бастапқы бағасы – 1 883 338 958 теңге. Сауданың өзі 25 ақпанда, сағат 10:00-де E-Qazyna веб-платформасында өтеді деп жоспарланған.

Мәсімовке қонақжай үй қайдан келген?

Айта кетейік, Кәрім Мәсімовтің 2022 жылғы 6 қаңтарда ұсталғаны жайлы ақпарат екі күннен кейін 8 қаңтарда жарияланды. Кейін сол жылы 10 наурызда толық мәліметін ұсынды. ҰҚК төрағасы болып тұрған шағында шетелдіктерден жабық келісімшарт арқылы 2 млн доллар пара алғанына қатысты тергеу бастағаны айтылды. Ал қаражаттың өзін Гонконгтан қайтарып алған.

Ал осы күні саудаға шығарылып жатқан үй Мәсімовке сонау премьер-министр болып тұрған шағында бір бизнесмен «сыйға тартқан». Бірақ қай жылдар екені белгісіз, өйткені бұрынғы президент мемлекетке опасыздық жасады деп танылған оған үкіметті 2007-2012, 2014-2016 жылдары екі рет басқартқан. ҰҚК жариялаған ақпаратта үйдің құны 2,5 млрд теңге еді. Неге екені белгісіз, аукцион бағасы 700 млн теңгеге арзан қойылып отыр.

Үйдің іші тұнған байлық болып шықты. Мәсімов ұсталған шақта осы үйінен 17,2 млн доллар қолма-қол ақша, сондай-ақ көптеген құнды зат – элиталық сағаттар, алтын кесектері, антиквариат пен басқа да бағалы дүние алынды. ҰҚК бәрінің суретін жариялаған. Ауласында қаңтарылып тұрған бизнес санаттағы 11 көлік те мемлекет меншігіне өтті.

Бұлардан басқа Астанадағы екі элиталық пәтері, Алматыдағы 2 пәтері мен дербес сарайы, сондай-ақ Щучье-Бурабай шипажайы аймағы көлінің жағасындағы 1 га жер теліміне тыйым салынды.

Бұл елдегі байлығы болса, шетелге шығарғандары бір бөлек. Бірақ ҰҚК оны іздеп жатқанын айтумен ғана шектелген.

Сөйткен ҰҚК-нің бұрынғы басшысы 2023 жылдың сәуірінде мемлекетке опасыздық жасады, билікті күшпен басып алуға тырысты, билік пен лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдаланды деп айыпталып, 18 жылға бас бостандығынан айырылды.

Айта кету керек, 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін басталған заңсыз активтерді, қаражатты мемлекетке қайтару мәліметтері сирек жарияланады. Былтыр маусымның басында Бас прокуратура қаражат пен активтерді қоса алғанда, барлығы 1,7 трлн теңгенің қайтарылғанын мәлімдеген еді. Соңғы рет президент Қасым-Жомарт Тоқаев 3 қаңтардағы Ana tili газетінде жарияланған сұхбатында заңсыз алынған қаржы және басқа да активтерді қайтаруға қатысты жұмыс­тың нәтижесінде 2022 жылдан бері мемлекет қазынасына 2 триллион теңгеден астам қаражат түскенін айтқан.

Бекбол Амангелді