Мәсімовтің Астанадағы үйі сатылымға шықты

Қайтарылған активтерді басқару компаниясы Астанадағы зәулім үйді саудаға шығаратынын хабарлады.
Кей дереккөзге қарағанда, ауласы атшаптырым, айналасы қоршалған, аумағы шыршамен көмкерілген қосқабатты үйдің бұрынғы иесі Кәрім Мәсімов болуы мүмкін.
Компания берген мәліметке қарағанда, үй Нұра ауданы, Қараөткел мөлтек ауданы, Ерейментау көшесі, 1 мекенжайында орналасқан, жертөле қабаты бар. Жалпы жер аумағы 1 гектарға жуық болса, үйдің жалпы аумағы 2 877,7 шаршы метр. Ішінде бассейні, бильярд залы бар.
Аукционға түсердегі бастапқы бағасы – 1 883 338 958 теңге. Сауданың өзі 25 ақпанда, сағат 10:00-де E-Qazyna веб-платформасында өтеді деп жоспарланған.
Бір қызығы, аукционға жарияланған үйдің суреттері 2022 жылы Кәрім Мәсімовті ұстаған шақтағы ҰҚК жариялаған суреттерге ұқсайды.
Айта кетейік, ҰҚК-нің бұрынғы басшысы 2023 жылдың сәуірінде мемлекетке опасыздық жасағады, билікті күшпен басып алуға тырысты, билік пен лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдаланды деп айыпталып, 18 жылға бас бостандығынан айрылды.