Мәсімовтің «бәлелі үйін» қазақ билігі сата алмай-ақ қойды

Түрмедегі Кәрім Мәсімовтің зәулім сарайын сату билік үшін үлкен сынаққа айналатын түрі бар. Өзімізді қойшы, бұл жағдайға әлемдік басылымдар назар аударып жатыр. Мәселен, Bloomberg агенттігі бұл жағдайды «Қазақстан шенеуніктері қиын тапсырмамен бетпе-бет келді» деп сипаттайды.
«Қазақстанның мемлекеттік активтерді басқару компаниясының шенеуніктері бұрын-соңды болмаған ерекше әрі қиын тапсырмамен бетпе-бет келіп отыр: Астананың ең қымбат ауданында орналасқан элиталық вилланы сату», – деп жазды Bloomberg.
Америкалық агенттіктің назар аударып отырғанына және аздап мысқыл араластыра жазғанына қарағанда, расында біздің билік үшін Мәсімовтің үйі әжептәуір салмақ түсіріп жатқан сияқты. Өйткені бұл үй сатылымға шыққалы біраз болды. Үш мәрте аукцион жарияланса да өте қояр түрі жоқ.
Аумағы 2 878 шаршы метр болатын бұл аты шулы «хан сарайында» бәрі бар. Тіпті театрға дейін, би алаңына дейін қарастырылған 30 ауызды үй туралы тамсана жазған басылымның ләміне қарағанда, ұзақ жылдар бойы премьер-министр болған, ҰҚК-ні басқарған, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді үзеңгілестерінің бірі болған, қанды Қаңтар оқиғасынан кейін билікті күшпен басып алуға талпынды, мемлекетке сатқындық жасады деп айыпталып, 18 жылға сотталған Кәрім Мәсімовтің бұл сарайының өтпеуіне Қазақстандағы соңғы жылдардағы саяси оқиғалар себеп болып отыр. Былайша айтқанда, нағыз «бәлелі үй».
Расында, үш мәрте сатылымға шығарылса да өтпей қойған үйдің бағасы бірте-бірте түсіп келеді. Алғашқы бағасы 1 883 338 958 теңге болса, биыл көктемде 1,6 млрд теңгеге бағаланған. Одан бері доллар біраз өсті, сондықтан қазіргі долларға шаққандағы бағамын алғашқы бағасынан 40 пайызға төмен деп бағалайды басылым. Әдетте, доллар көтеріліп кетті деп, бүкіл дүниені қымбаттатып жіберетін қазақ билігі дәл Мәсімовтің үйіне келгенде «исключение» жасауға мәжбүр – теңге де құлдырап келеді, «бәлелі үй» де құлдырап келеді.
Сөйтіп, «Жаңа Қазақстанның» «қас жауы», «Ескі Қазақстанның» «бас құрбандығы» Мәсімовтің үйін сатып алуға ешкімнің жүрегі дауалай қоймайтын түрі бар. Біріншіден, бүкіл ел аңдып отырған сауда, екіншіден, ырымға жаман, үшіншіден, Астанадағы жылжымайтын мүлікке байланысты дағдарыс – мұндай элиталы үйлерден пайда аз болып тұр.
Осының бәрін есептей келіп, америкалық басылым Қазақстан билігіне ақыл айтуды да ұмытпапты: қала билігінің балансына беріп, әкімшілік ғимарат немесе балабақша жасап алуға болады ғой дейді. Көрдіңіз бе, мұнда да сарказм бар. Астана әкімдігінің балансына өткізу туралы Қазақстанда да сөз болған. Бірақ бір қауесет шықты да, тынышталып қалды. Соған қарағанда, Мәсімовтің үйін Астана әкімдігінің өзі алуға батпай отырған сияқты.
Қазақстан элитасы бұл элиталық үйді «тегін берсе де алмаймын» деп жүр ме екен, кім білсін. Олар да ырымға сенеді ғой...
Олжас СЛАМЖАН