Мәсімовтің екі қаруы аукционда сатылды

Электронды сауда алаңында ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовке тиесілі екі тарихи қару — қылыш пен пышақ сатылды.
16 қыркүйекте Қайтарылған активтерді басқару компаниясы сотталған экс-шенеуніктің мүлкінің бір бөлігін саудаға шығарды.
Сатылымға қойылған заттардың бірі — түрлі түсті эмаль мен сүйек әшекейлерімен көмкерілген қынға салынған қылыш. Оның бастапқы бағасы 453 мың теңге болды, бірақ сауда қорытындысы бойынша ол 385 286 теңгеге сатылды. Сондай-ақ, ағаш сапты және сары металдан жасалған қынға салынған пышақ 182 мың теңгеге бағаланған болса, сатып алушыға 155 281 теңгеге түсті.
Еске салайық, 2023 жылдың сәуірінде сот Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарларына қатысты үкім шығарған еді. Экс-ҰҚК басшысы мемлекеттік опасыздық жасағаны, билікті басып алуға әрекет жасағаны және лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылды. Сот оны 18 жылға бас бостандығынан айыруға, мүлкін тәркілеуге және өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан айыруға үкім етті.