Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:01, 14 Ақпан 2023

«Масс-медиа» заң жобасы – журналист мәртебесін айқындайды

None
None

«Арқалағаны алтын, жегені жантақ». Журналистер қауымының да өз мұңы бар. Қоғамда журналист мәртебесі туралы бұған дейін айтылып, жазылып, әбден жауыр болған-ды.

Былтыр Қазақстан президенті өз жолдауында «Қоғамның сұранысын және медиасаланың даму үрдісін ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау керек» деген болатын. Сол әңгімеден кейін құзырлы министрлік «Масс-медиа туралы заң жобасын» дайындады.

Талай талқыға түсіп, әлі де басбауы мен шашбауы дайындалып жатқан заң жобасының журналистер үшін берері мол болуы керек. Заң жобасына журналистердің сөз бостандығы, ақпарат алудағы және ақпарат таратудағы қауіпсіздігі, журналист мәртебесі, журналист картасы сияқты жаңалықтар енген. Дегенмен бұл заң жобасы әлі де талқыға түсіп, таразыға тартылатыны анық. Неге? Өйткені белсенді журналистер мен журналистиканы дамыту туралы әртүрлі қоғамдық ұйым өкілдері аталмыш заң жобасы әлі де толықтыруды қажет ететінін айтуда.

Мәселен, белгілі журналист, экс-мәжілісмен Дархан Мыңбай «Масс-медиа туралы» заңда тілшілер қауымы ғана емес, жалпы, журналистерге деген қоғамның пікірі, қарым-қатынасы да реттелуі тиіс. Сондықтан да бұл заң жобасы өзекті. Сонымен бірге, заң жобасында бұрын айтылып жүрген тәуелсіз немесе тәуелді журналист деген ұғым-түсінік болмауы керек. Ондай ұғымдар Кеңес кезінен қалған сарқыншақ түсінік. Журналист деген кім? Ол қараша халықтың талап-тілегін айтып, мұң-мұқтажын құзырлы орындарға жеткізіп, ақпаратты объективті түрде беруге міндетті тұлға. Шынын айтсақ, БАҚ саласының өкілдеріне мемлекет ыңғайлы, қолайлы жағдай жасауы керек. Сондай-ақ «Масс-медиа» туралы заң жобасына барлық журналистер атсалысып, кәсіби мамандардың пікірі мен ұстанымдары ескеріліп, қоғамдық пікірлер енгізілуі керек деп ойлаймын – деп түсіндірді.

Ал ардагер журналист-публицист Марат Тоқашбаевтың айтуынша, заң жобасының артықшылығы сол – мұнда журналистің құқықтары мен міндеттері нақты айтылып, журналист мәртебесі тұңғыш рет белгіленіпті. Бұл қазақ баспасөзінің ардагерлері тәуелсіздіктен бері айтып келе жатқан тақырып.

«Журналистерді басқа қаламгерлерден ерекшелейтін «Баспасөз картасының» енгізілуі өте құптарлық бастама. Бұл карта журналистика факультетін бітірген, әртүрлі БАҚ саласында кемінде, 3 жыл қызмет еткен, дипломы жоқ журналистерге 5 жылдан кейін беріледі. Бұл карта тілшілер қауымының әлеуметтік мәселесін, оның ішінде, баспана алуларына септігін тигізіп жатса, құба-құп» – деді, қазақ журналистикасының ардагері. Заң жобасы медиа саласының мінсіз жұмыс жасауына барлық жағынан толымды болуы керек. Әлі де талқылау, таразылау керек!

Тегтер: