Масс-медиа заңын тағы талқылаймыз ба?
2023 жылы 2 ақпанда «Ашық НҚА» порталында ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Масс-медиа туралы» заңының жобасын жария талқылауға ұсынды. Онда 1999 жылы қолданысқа енгізілген ескі заңнаманың 14 пайызы өзгергені айтылды.
Мұндағы басты мақсат – сөз бостандығын шектемеу, ақпараттың анық-қанығын нақтылау, демократиялық құндылықтарды дамыту және журналистің кәсіби қызметіне келтірілетін кедергілерді жою. Заң жобасы жария талқылауға ұсыныла салысымен түрлі ойлар айтылды. Қарсы болғандар да, қолдағандар да, қалыс қалғандар да аз болған жоқ. Кейбір медиа зерттеушілер бұл заңды журналистердің жұмыс істеуін қиындатады, сондай-ақ сөз бостандығы мен демократиялық құндылықтарды да айтарлықтай әлсіретеді деген пікір айтты. Аталған заң жобасы қоғамда кеңінен талқыланып, әр тараптың пікірі тыңдалғанмен, оның жолы ұзақтау болатыны әу баста белгілі болған. Қазір парламентте арнайы жұмыс тобы құрылып, масс-медиа туралы заңды талқылап, кейбір тұстарын нақтылап жатыр екен.
Талқыланып жатқан заңнаманың дау тудырған бір тұсы мерзімді басылымдарды субсидиялау немесе мемлекеттік ақпарат тапсырысын қаржыландыруға қатысты. Масс-медиа туралы заңның 3-бабының, 3-тармағында: «Республикалық және өңірлік деңгейлерде мемлекеттік ақпарат саясатын жүргізу жөніндегі мемлекеттік тапсырысты орналастыру бөлігіндегі осы Заңда реттелген құқықтық қатынастарға Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының күші қолданылмайды» делінеді. Мұндағы басты кілтипан «Заңда реттелген құқықтық қатынастарға Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының күші қолданылмайды» деген тармақта. Егер дәл осыған сүйенсек, заңнамада қаржыландырудың грант, субсидия сияқты басқа да тетіктері ұсынылып отыр, бірақ бұл нақты қандай тетік, қалай жүзеге асатыны көп сұрақ туындатты. Кейбір сарапшылар осы тармақты «әлі де бұлыңғыр» деп есептейді. Әсіресе мұндағы қаржыландыру қандай ақпарат құралдарына, қандай ережемен берілетіні әлі де нақтыланбаған. Дәл осы мемлекеттік ақпарат құралдарын қаржыландыру тетігіне қатысты тармақты Factcheck.kz бас редакторы Думан Смақов та «қайта қаралып, нақтылануы тиіс» деп есептейді. Ол:
«Талқыланып жатқан масс-медиа туралы заңда Қазақстан аумағындағы мемлекеттен тапсырыс алатын бұқаралық ақпарат құралдарын қаржыландыру тетіктері айқын емес, себебі мұны бір жерде грант деп көрсетсе, тағы бір жерде басқалай атайды. Мұның кейбіреуі мемлекеттік сатып алу туралы заңды қолданбау арқылы оны гранттық жүйе есебінде беру көзделген. Негізі кез келген масс-медианың қаржылық көздерінің ашық болғаны дұрыс. Сондай-ақ мұның бәрі халыққа жарияланып отыруы тиіс. Осы жарияланбаудың, анық болмаудың кесірінен Қазақстандағы медиалар, ірі телеарналар мемлекеттен қаржыны бір алады, тапсырысты және алады, бұдан бөлек жарнамаға тағы қаржы төленеді. Бірақ дәл осы қаражаттардың қайда жұмсалып жатқаны белгісіз. Міне, осы сияқты түсініксіз дүниелер әлі де көп, сондықтан оған мықты аудит керек, соның нәтижесіне қарай кейбір шешімдер қайта өзгеруі керек», – дейді.
Масс-медиа туралы заңдағы «баспасөз картасы туралы» бап қоғамда қызу талқыланды, әсіресе журналистер арасында дүмпу тудырды. Мұны көбі «журналистерді алалау, қызметіне кедергі келтіру» деп есептейді. Ең қызығы – аталған заңнамада дәл осы журналистердің құқығы, кәсіби қызметі жөнінде бір-біріне қарсы келетін тармақтар мен баптар бар. Мысалы, қараңыз, Заңнаманың 4-бабының 3-тармағында «жеке және заңды тұлғалардың құқықтарының теңдігі» айтылады, сондай-ақ 15-тармағында «ақпаратқа қол жеткізудің теңдігін қамтамасыз ету» делінеді, сөйтеді де заңның әуелгі нұсқасындағы 33, 35-баптарда «баспасөз картасы туралы» айтылады, бұл 4-баптың 3, 15-тармағына қайшы емес пе? Егер шынымен де «ақпаратта қол жеткізудің теңдігі» сақталатын болса, журналистерге арнайы тіркеуден өтіп, құзырлы мекеменің мақұлдауын алудың қажеті болмас еді ғой.
Заңнаманың әуелгі нұсқасына енгізілген, кейін алынып тасталған «баспасөз картасы» туралы бапқа «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының президенті Қарлығаш Жаманқұлова да қарсы. Оның пікірінше, бұл бап түбегейлі жойылуға тиіс. Масс-медиа туралы заңды талқылауға қатысқан Қ.Жаманқұлова былай деді:
«Біз «Баспасөз картасын» енгізуге қарсымыз. Осы мәселе бойынша Астанада, өңірлерде журналистердің кең ауқымды кеңестерін өткіздік. Негізі бірқатар журналистер мен депутаттар да қосымша аккредиттеуді енгізуге қарсы. Талқылауға қатысқан, жұмыс тобындағы депутаттардың көбі бұрынғы журналистер немесе журналистикаға тығыз қатысы бар азаматтар. Сондықтан депутаттар журналистермен көптеген мәселелер бойынша ымыраға келіп, журналистердің ғана емес, бірінші кезекте азаматтардың мүдделерін қорғауға дайын деп ойлайын».
Сондай-ақ, «Баспасөз картасы» туралы бапта аккредитациядан өткен журналистерге мемлекет тарапынан көмек берілетіні туралы да айтылады. Алайда кейбір медиа зерттеушілер мен журналистер мұны құптамайды. Бұл туралы Думан Смақов:
«Баспасөз картасы – журналистерді алалау. Бұл – журналистерді мемлекетке тәуелді, соның сөзін сөйлейтін және мемлекетке «ыңғайсыз» деп бөлу үшін өте ұтымды тетік. Осы арқылы кейбір журналистерді «сенің журналистік картаң жоқ, жиналыстарға кірмейcің» деп желеу айтуға үлкен мүмкіндік. Сондай-ақ баспасөз картасы арқылы журналистерге жеңілдік берілетіні жөнінде айтылды. Алайда бұған қаржы министрлігі қарсы екенін жеткізді. Мұнда басты ескеретін мәселе – журналистер әлеуметтік әлсіз топ емес. Сондықтан оларға қандай да бір жеңілдік жасалып, көмек көрсетіліп, тіпті үй берілуі – абсурд. Одан да қазіргі нарық талабына, экономика талабына сай журналистердің жалақы, қаламақысын көбейтсін. Ал үй беру сияқты жеңілдіктер – заңдастырылған пара. Тіпті кейде журналистерге тегін концерт билеттері таратылады, бұл енді баланы кәмпит беріп алдау сияқты күлкілі жағдай».
Масс-медиа туралы заңның 4-тарау, 28-бабындағы журналистердің құқықтары мен міндеттері, оларға берілетін «ерекше мәртебе» де нақтылауды қажет етеді. 69-баптағы «теріске шығару не жауап беру құқығы» да солай. Мұнда журналистің сұрағына құзырлы мекемелер «5 күнде жауап береді» делінген, алайда күрделі сұрау болса журналистке ескерте отырып оны 15 күнге созуға қақылы, бұл заңда көрсетілген, демек осы заңға сүйене отырып журналистің сұрағына 15 күнге дейін жауап бермеуге болады. Ал қазіргі кезде 15 күнде қандай ақпарат болса да ескіреді.
Журналист Думан Смақов «заңды әлі де ширатып, пысықтай түсу қажет» дейді, оның ұсынысы мынадай: «Қазіргі қаралып жатқан заң жобасы бұрынғымен салыстырылғанда әлдеқайда көшілгері. Бірақ әлі де нақтылауды, өзгертуді қажет ететін тұстары бар. Ең алдымен «баспасөз картасы» дегенді заңнан алып тастау қажет. Сонымен қоса түсініктеме ақпараты дегенді реттеп шығу қажет. Қазіргі заңдағы түсініктеме ақпараты бұрынғы заңдардың қосындысы ғана. Заң жобасын әлі де ширатып, пысықтау қажет. Егер дәл осы күйінде кетсе, журналистер мемлекеттің ашса алақанында, жұмса жұдырығында болады. Тіпті жалпақ тілмен айтсақ, бірлі жарым «тентек журналистер» де қалмай қалады».
Ал Қарлығаш Жаманқұлованың айтуынша, ең алдымен журналистің ақпарат таратуына кедергі болмауы тиіс.
«Егер біз журналистің мәртебесі туралы айтатын болсақ, онда бірінші кезекте олардың кәсіби қызметін кедергісіз жүзеге асыруы туралы айтуымыз қажет. Сонымен қатар біз еліміздің ақпараттық қауіпсіздігін нығайтуға және оның жалған ақпарат пен айла-шарғыларға (әсіресе шетелден) қарсы тұрақтылығына қатысты түзетулер мен ұсыныстар айттық. Ең бастысы біз ақпараттық кеңістікті қамтамасыз етуіміз керек. Ал бұл үшін медиа-нарықты қаржыландырудың барынша ашықтығын, ақылы контентті таңбалауды, сондай-ақ белгілі бір БАҚ-тың нағыз меншік иелері туралы нақты ақпаратты жариялау қажет. Біз бұл ұсыныстарды халықаралық құқықтық тәжірибеге сүйене отырып дайындадық».
Масс-медиа туралы заң әлі де талқыланып жатыр, тиісті ұсыныстар ескеріліп, қажетті өзгертулер енгізіледі деп үміттенеміз. Ал, енді енгізілетін өзгерістер қандай болады, ол да үлкен сұрақ. Қалай болғанда да, бұл заңның ашық талқыға шығуы, соның нәтижесінде өзгерістер енгізілуі – аз жетістік емес. Екінші нұсқа дайын болып қалған сияқты, оны тағы бір талқылауға шығара ма, әлде, өзгертулер мен толықтырулар негізінде қабылдана ма, күтейік.
Жанұзақ Әлихан