Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:46, 21 Шілде 2022

Матаевтарды матаған Нығматулин жазаланбай ма?

None
None

О, тоба! Мына мемлекет, «Адастық, шатастық, қателестік, білмей қалдық», дегендей болып әкелі-балалы қазақ журналистері Сейітқазы мен Әсет Матаевтардан кешірім сұрады… «Біз пақырлар сендерді заңсыз соттаппыз», дейді… Бас прокурордың наразылығы бойынша сотталған Сейітқазы Матаев пен Әсет Матаев қатысты қылмыстық істі қараған Жоғарғы соттың 7 судьядан тұратын қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы наразылықты қарап, сот актілерінің күшін жойды.

 

Сейітқазы және Әсет Матаевтардың әрекеттерінде қылмыс құрамының болмауына байланысты іс жүргізу тоқтатылды. ҚПК-нің 39-бабына сәйкес, ақталғандардың қылмыстық процесті жүргізуші органның заңсыз әрекеттерінен келтірілген зиянды өтеттіру құқығы танылды.Әке мен ұлдың биліктен тәуелсіздеу, беделі бар «ҚазТАГ» ақпарат агенттігін рейдерлік жолмен тартып алмақ болған кім еді? Мәжілістің бұрынғы спикері, қазір шетелге қашып кеткен Нұрлан Нығматулин, Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бұрынғы басшысы, одан кейін тіпті Бас прокурор және сенат депутаты болып кеткен Қайрат Қожамжаров, олигархсымақ медиа-магнат Клебанов дегендер болатын. Заңсыз үкімді шығарған Астананың Есіл аудандық сотының судьясы Ақболат Құрмантаев. Мә, ол да әлі үкім шығарып, судья болып жүр ме екен? Ал Матаевтар ақталды, заңсыз тірлігі үшін әлгілер сонда соттал­май ма? Сот заңсыз болған екен, ендеше, бұл істі соңына дейін жеткі­зіп, барлық кінәлілерді жауап­қа тарту керек еді ғой.

Бұл негізі, шын ақтау емес. Сот алқасы­ның кесімінде «сот қателігі» деген бір сөз жоқ екен. Бірақ сотталып, түрмеде отырып үлгерген адамдарды «қылмыс құрамы жоқ екен» деп оп-оңай ақтай салады. Қылмыс құрамы шындығында жоқ болған екен. Онда неге тергеу жүргізілді, прокуратура неге сонша тыраштанды, сот неге жоқ қылмысты жасады деп шешті? Бұл арада бірдеңе дұрыс емес сияқты. Адамдарды заңсыз соттағыштар аса ауыр қылмыс жасап жіберді ғой. Мемлекеттік органдар Матаевтарға қарсы өзара астыртын сөз байласып, қылмыс жасады.

Иә, 2016 жылы Матаевтарға қарсы мына екіжүзді мемлекет қылмыс жасады. Назарбаевтан кейінгі екінші адам саналған Нығматулинге қарсы келуден бұғып қалып. Мынау елдің шын «жаңа Қазақстан» болғаны рас болса, әрбір шын жасалған шын қылмыс тергеліп, дәлелденіп, кінәлілер жазалануы тиіс қой. Мемлекет пен заң деген дүние қашанғы бұлай заңсыз қолданылады? Жарайды, Матаевтар елге танымал адамдар. Олар ақталды. Ал заңсыз сотталған, бірақ беделі мен атағы жоқ әлі қанша қазақ заңсыз сотталып, әлі түрмеде отыр екен? Ондайлардың туыстары да енді жаппай наразылық жазуы тиіс. Заңсыз жүріп келген «ескі Қазақстан» ойына келгенін істеді. Артық кетті. Әбден шектен шығыпты. Қазаққа әділдік, шындық, заңдылық үшін әлі де күресуі керек. Талайды тауып, тергеуге әкеп, жасаған барлық былықтарына сұрау салыну керек! Тек мемлекетке ғана емес, жекелеген тұлғаларға келтірілген зиян шығындарын, сол үкімді шығарған судья мен сол үкімді шығартқан Нығматулин сияқтылардың мойнына ілген жөн. Сонда ғана жартылай болса да әділдік орнайды. Ал толықтай деген сөз орынсыз. Абырой-атаққа келген нұқсан мен түрмедегі теперіш, кезінде барлық баспасөзде бұрқырата жабылған жала мен күйені енді ештеңемен жуып кетіре алмайсың. Сол өкінішті!..

Тегтер: