Математиктер ешқашан демалмайды
Кейінгі уақытта Қазақстанда ғылымға көбірек көңіл бөліне бастады, қаржылай қолдау артты, жүйе жетіліп келеді.
Дегенмен әлі де қарауды қажет ететін мәселелер мен реттелуі тиіс тұстар жоқ емес. Бұл туралы профессор, физика-математика ғылымдарының докторы, Математика және математикалық модельдеу институтының директоры Махмұд Садыбековтің пікірін сұрадық.
Ең жас мамандар математикада
Біз математика институтында мына күні, мына теореманы дәлелде деп тапсырма бере алмаймыз. Бірақ, сол нәтиже тез әрі сапалы болу үшін бар мүмкіндікті жасай аламыз. Ғалымдар ештеңеге алаңдамай жұмыс істеу керек. Мен басшы ретінде осы нәрсені назарда ұстаймын. Қоғамда әлі күнге ғалым деген ескі үстелде, қағаз-қаламмен отырады деген түсінік қалып қойған. Алайда қазір ғылымның барлық саласы дерлік цифрланып, жаңа форматқа көшті. Мамандарды осы игіліктердің бәрімен қамту – институт әкімшілігінің міндеті. Олардың басқа ғалымдармен байланысын, құжаттарды, осы сынды басқа да мәселелерді реттеп отырамыз. Қазір Математика және математикалық модельдеу институтында 250-ден аса маман жұмыс істейді. Біздің саладағы мамандар ешқашан демалмайды, тәулігіне 24 сағат ойланып жүреді. Елімізде басқа салалармен салыстырғанда математикада жастары көп. Олар жарияланымдардың санынан да, сапаснан да алда.
Өкінішке қаарй, кейбір басшылар «кеңес бердім, ақыл айттым» деп, қол астындағы қызметкерлердің ғылыми жұмысына, патентіне атын қосқызып отырады. Ал шетелдерді алып қарасақ жағдай мүлде басқаша – әр ғалым өз ғылымын жасайды. Ал бізде ғылым адамы басшылыққа келсе, оның ғылыми жарияланымдары азаюдың орнына көбейіп кетеді. Өзіміз де басшы басқарып та, ғылым жасап та отыр деп өзімізді өзіміз алдаймыз, сенгендей боламыз. Ал математика ғылымында олай емес, өтірік айта алмайсың. Мұнда соавторлардың орта көрсеткіші – 2. Мәселен мен, институтқа басшы болмай тұрып халықаралық рейтингтік журналдарда жылына 5-8 мақала шығаратынмын, қазір 1-2 мақала ғана.
Ақша көбейгенімен де маман аз
Тәуелсіздік алғалы Қазақстанда ғылымға бөлінетін бюджет деңгейі екі рет көзге көрінерліктей өзгерді. Біріншісі, 2011-2012 жылдар. Сол уақытта ғылым туралы заң қабылданып, конкурстық негізде грант бойынша ақша бөліне бастады. Оның алдындары ақшаның келгені белгілі, ал қайда кеткені бұлыңғырлау болатын. Сондықтан да, ішімізде ғылымға деген рсеурс ғылымға жұмсалып жатыр ма деген сұрақ тұратын да қоятын. Ол кезде көп нәрсе есеп-құжатпен шектеліп жүрді.
Міне, осы 2011 жылдары алғаш рет конкурс өткізіле бастады. Грантқа қатысуға ниетті ғалымдар өтініш толтырып береді, оны сарапшылар тексереді. Арасында шетелдік эксперттер де бар. Олардан соң Ұлттық ғылыми кеңес қарап, бағыттар бойынша шешім қабылдайтын. Әлбетте, бұл кезде бармақ басты, көз қысты әлі де аз емес еді. Бірақ, уақыт өте келе жүйе жетілді, ал қазір өте жақсы жұмыс істеп тұр деуге де келеді. Десек, те қарсы шығып жүргендер де көп. Олардың айтатыны – шетелдік сарапшылар. Өзге елдің ғалымы Қазақстандағы ғылымды қайдан ұқсын, олар сарапшылар тобына қажет емес деген наразылық артып келеді. Алайда, халықаралық көрсеткіштер ескерілуі тиіс, сондықтан шетелдік сарапшылардың болуы қажет. Қазір жобамен үш сарапшының екеуі шетелдік маман. Олар мына ғылым Қазақстанға керек немесе керек емес демейді, мұнда ғылым бар немесе жоқ, өзекті не актуалды емес деп баға береді. Оған қоса, ғылыми жұмыстың алдына қойған мақсатына, оның көнермегеніне, ғылымда бар ескі нәрсе еместігіне қарайды. Әрі зерттеу тобының таңдалған тақырыппен жұмыс істеуге деңгейі жеткілікті ме, соны саралайды. Осы факторларға сүйене отырып тиісті балын береді. Ары қарай соңғы шешімді ҰҒК қабылдайды. Бұл орайда мамандар ақшадан айырылып қалмауды ойламауы керек, грантты табыс деп емес, мүмкіндік деп қабылдау керек.
Кейіннен ғылымға, гранттарға, мақсатты қаржыландыру бағдарламаларына бөлінетін қаржы азая бастады. Оның үстіне, елдегі инфляция да кері әсерін тигізді. Артынан министрлік басшылығына А. Аймағамбетов келген соң қаржы деңгейі тағы артты. Қазір де ғылымға бөлінетін ақша түрақты түрде өсіп жатыр. Бірақ, ақшалай ресурс болғанымен ғылыммен айналысатын адамдар әлі де аз.
Ректорлар мақала талап етеді
Оны жарияланымдардың аздығынан-ақ көреміз. Жарияланымдар – ғылыми процесте зерттеу жұмыстарының нәтижесі, қорытындысы ретінде жазылатын ғылыми мақала. Қазір еліміздегі ЖОО-ларда сабақ беріп жүрген шамамен 38 мың оқытушы болса, Web of Science базасына, импакт факторы бар журналдарға жылына шамамен 2,5 мың рейтингтік мақала беріп отырмыз. Егер оқытушылардың әрбірі орта есеппен бес жылда бір рет жарияласа, қазір бізде шамамен 8 мың мақала болуы керек... Бұдан түсінетініміз, елде шынайы ғылыммен айналысып жатқан мамандар сирек. Бұл мәселені шешу үшін белсенді ғалымдарға тағы жаз демей, барлық оқытушылардың белсенділігін арттыруды қажет. Осыған қатысты Швеция Web of Science-ты есепке алмайтын болыпты, Португалия енді импакт-факторға қарамайды екен деп, біз де бас тартсақ деген ойларын айтатындар да табылып жатады. Алайда, ол елдердің жаңа ғылыми дейңгейге өткенін, ондағы барлық ғалымда жарияланым бар екенін ұмытпаған жөн. Демек, ондағы ғалымдар арасында рейтинг мақала норма болып қалыптасқан. Дәл сол деңгейге жеткенде біз де ойлана жатармыз, бірақ қазір керек пе, керек емес пе деп ойлану артық.
Бір жағынан олай болатындайы да бар. Себебі, ректорлар ғылым докторлары мен кандидаттар жылда мақала жаряилау керек деп талап қойған кездер де болды. Өйткені, ректорлар ғылым деген мақала жазу деп қателеседі. Осы әрекеттерін айта қалсаң, тағы ренжиді. Түсіну керек, айтылып жатқан нәрсе қарсылық емес, шындық. Ол адамның өзіне емес, ісіне қатысты конструктивті сын. Университеттегі оқытушыларда жүктеменің көптігі сонша, оларда ғылыммен айналысуға уақыт жоқ. Бұл мәселені шешу үшін олардың сағатын азайту керек. Ал енді мұндай жағдайда мамандар қаржылай мүддесі үшін екінші «ставкамен» басқа жерге жұмысқа орналаса бастайтыны заңды. Сондықтан сабақты азайтып, жалақыны көбейтіп беру – ең оңтайлы шешім. Осылайша, ғылыммен айналысуға жағдай жасау керек. Біз болса, мақала сұраумен шектелеміз.
Соның әсерінен, 2016-2018 жылдары еліміз Scopus-қа тіркелген «өтірік» журналдарға материал жариялау бойынша әлемнің алдына түсті. Бірнеше ғалым жиналып, ақша қосып, бір материалды жариялап жүрді. Әрине, оны министрлік те түсініп алды. Бірақ, біліп тұрып білмегендей болатын бір мінезіміз бар. Ақшаға шығарып жатқанын, оның ғылым емес екенін біле тұра әлгі журнал бір жыл ішінде базадан өшіп кетпесе, жарияланған материал қабылданады дедік. Ал импакт фактор бойынша бірінші квартильде тұрған сапалы журналдарға мақала жариялау өте қиын. Осыдан-ақ, елдегі мамандар ғылыммен емес, ғылыми дәреже алу үшін мақала жариялаумен әуре екенін түсінуге болады. Олар әлеуметтік лифтіде көтерілу үшін тырысады. Өз көзімізбен көрдік, ғылымда ақша аз болғанда да ғалымдар жоқ болып кеткен жоқ. Шынайы мамандар ештеңеге қарамастан зерттеумен айналыса берді. Ал қазір қаржыны азайта қалсақ, біраз адамдар ғылымды тастай салады. Әрине, бұл бөлініп жатқан ақшаны азайту керек дегенді білдірмейді. Себебі, ғылымға келгендер көбейген сайын, қалатындар да артып отыратыны анық.
Тағы бір ескерелік жайт, жарияланымдардың жиілігі әр ғылымда әртүрлі. Кейбір салаларда жарияланымдар көп, тез шығады. Бірақ, бұл белгілі бір ғылым саласының басқасына қарағанда белсендірек немесе күштірек жұмыс істеп жатқанын білдірмейді. Оған саланың спецификасы, ондағы мамндардың көптігі немесе аздығы, бір-біріне жиі сілтеме жасауы әсер етеді. Шын мәнінде, әртүрлі ғылымдар ғана емес, бір ғылымның ішіндегі сан салаларда да процестің жиілігі өзгешеленіп жатады.
Студенттерге грант санын азайту қажет
Қазір мектептегі математиканы қиынсыну көбейді. Оған қатысты әртүрлі ұсыныстар да айтылып жүр. Бірақ біз өзімізге қандай нәтиже алғым келеді деген сұрақ қоюымыз керек. Баланы 11 жыл ойнатып, қолына аттестатын бере салуымызға да болады. Бірақ, интеллектуалдар қалыптастырамыз десек талаптар да жоғары болуы керек. Университеттерде де мәселе бар. Қазір бізде студенттік грант саны тым көп. Елдегі демографиялық ахуалды ескере отырып, бала саны көбеюде деп, грантты да арттырып жатыр. Ал мен оларды керісінше азайту керек дер едім. Ол кезде грант құны артады, педагогтарға түсетін жүктеме азаяды, ал талапкерлер арасында бәсеке күшейеді. Бізге 100 пайыздық жоғары білім не үшін керек? Бізде мықты шикізат бар. Айтқым келгені, дарынды, талантты, ұмтылысы мықты жастар көп. Ал біз олардан 4 жыл ішінде сапалы маман даярлап шығудың орнына, өз қолымызбен сапасыз өнім өндірудеміз...
Нәтиже емес, деңгей сұралуы керек
Математиктер медицинамен де, экономикамен де, басқа салалармен де бірге жұмыс істеуге дайын. Бірақ өзге ғылымдағы мамандар көбіне өзіне математикадан не керек екенін нақтылай алмайды. Егер олар нақты жобасын әзірлеп, ұсынса, математиктер көмектесуге әркез дайын. Бірақ олардың орнына өзіміз бейхабар салада ешнәрсе жасай алмайтнымыз белгілі. Түптеп келгенде біз белгілі бір мәселені шешу үшін емес, отандық математиканы дамыту үшін жұмыс істейміз. Сондықтан да, математикадан нәтиже емес, деңгей сұралуы керек. Мысалы мен 120 формула жазамын, тағы да бір ғалым 120 формула жазады. Біз екеуін де журналдарға ұсынамыз. Қай жұмыс жарияланады, сол жұмыстың деңгейі жақсы. Және оған ғылымда сұраныс бар ма, соны ескеру керек. Ғылым деңгейі көтеріліп, оның аумағы өскен сайын өзі-ақ үлкен нәтижелерге алып келеді.
Жазып алған: Баян Мұратбекқызы