Мәтін революциясы: жаңа өріс, жаңашыл тыныс

Музыка мәдениеті әр халықтың тарихымен біте қайнасып, бір ғұмыр кешетін ажырамас бөлшегі, құрамдас бөлігі.
Жүздеген жылдар бұрын айтылып, әр заманның тыныс-тіршілігін нақ көрсететін ұлттық әндер бүгінгі һәм ертеңгі ұрпақ үшін де аса қымбат мұра екені анық. Әр дәуірдің келбетін сол кезде жарыққа шығып, халық арасына тараған әндердей дөп басып сипаттайтын өнер кемде-кем. Кешкен ғұмыры мен сүрген тірлігін айна қатесіз айқындап беретін қазақтың ән өнері бүгінде жаңа өріс, жаңашыл тынысымен дамып келеді. Бірнеше өнерді бір бойына тоғыстырған музыка өнері мың қатпарлы адам жанының ішкі иірімін дөп басып, сезімін ақтара салатын қуаты күшті қару ғана емес, дәуірдің күнгей тұсын, халықтың арман-тілегі мен аңсарын жеткізетін қоғам айнасы. Оған халық руханиятындағы сал-серілердің қарсылық әндері дәлел болса керек.
Әдетте, қазақтың дәстүрлі ән өнеріндегі шығармалардың бір парасы билік жүйесі мен билеуші топқа қарсылық тақырыбында болған. Кейін Кеңес өкіметінің идеологиясының қаһары өнердің қай түріне кесірін тигізбей қоймады, сол себепті де осы дәуірде жарық көрген қарсылық әндердің саны кеміп кеткені рас. Бұл кезеңдегі әндердің басым бөлігі – лирикалық туындылар еді. Дәстүрлі музыка зерттеушісі Ерлан Төлеутай «Қазақтың қарсылық тақырыбында айтылатын классикалық әндері – Мәдидің Қаракесегімен аяқталады. Одан кейін лирикалық әндердің дәуірі туды» дейді. Тіпті шыққан күннің өзінде сал-серілердің не Алашорда дәуіріндегі қарсылық әндердей ашық күрес, арпалыс жоқ.
Кейін еліміздің тәуелсіздік алуы өнердегі тақырыптық, жанрлық жаңашылдықтарға жол ашты. Әсіресе соңғы бес-он жылда шыққан орындаушылар мен топтар арасында бүгінгі қоғам ақиқатын ашық айтуға талпыныс, қарсылық тенденциясы байқалады. Ән мәтіндеріндегі ой еркіндігі, мәтін революциясы тыңдарман жүрегіне де бірден жол тапқанға ұқсайды. Бүгінде «Қалтамда тек қана 5К, тоқта!» деп ұрандатқан ИК тобының әнін жатқа соқпайтын жас кемде-кем. Мархаба Сәби, Jeltoksan лақап атымен танымал Бексұлтан Бақытжан, Ninety one шығармашылығына көз сала қалсаң, мәтін революциясы бірден байқалады. Ал Ербол Нариманұлы «Екеуміздің арамыз жөнделмейді, Семейдің жолдарындай...» деп шырқаса, dudeontheguitar атауымен танымал Нұрбек Елемес «Ақшамды санап жатырм, ақшам таусылып жатыр» дейді. Қазіргі қазақ әндеріндегі азаматтық ұстаным, саяси позицияның айқындығы, мәтін революциясы төңірегінде дөңгелек үстел ұйымдастырдық. «Жас Алаш» ұйымдастырған дөңгелек үстелге мәдениеттанушы Еламан Мұзафар, музыкатанушылар Мерей Сембай мен Балнұр Сардарбек қатысты.
Ж.А: Бүгінгі музыка өнерінде адамның жеке сезімдерін ашудан бөлек, қоғамда орын алып жатқан әлеуметтік, саяси құбылыстарға қарсылық білдіріп, соны ашық баяндайтын тенденция пайда болды. Қазіргі қазақ музыкасында мәтін революциясы, ой еркіндігі бар. Поп-мәдениеттегі, әсіресе ән мәтіндеріндегі ой еркіндігі жайлы тарқатып айтайықшы.
Е.М: Иә,қазіргі қазақ поп музыкасындағы ой еркіндігі мен мәтіндер революциясы қарқынды дамып келеді. Оны ән мәтіндеріндегі лирикалық сарыннан гөрі протестік көңіл күй, жаңа идентификацияға ұмтылыс, жаһандық өркениет көшіне ілесуге деген талпыныс, әлеуметтік жағдайға деген көзқарасты байқау қиын емес. «Желтоқсан желі», «Қарабауыр қасқалдақ» әндерінен басталып, 2000-2014 жылдары рэп, хип-хоп (АШқазақ, Жақау, G.H.A.D) жанрларынан жалғасқан жаңа тенденция поп жанрында қоғамдағы әлеуметтік-саяси мәселелерді көтеруге ұласты. Атап айтар болсақ, Ninty one тобының Jur mapelep, ИК тобының «Беги» әндерінде отбасылық буллинг тақырыбы заманауи ән мотивімен әдемі берілген. Ал Мархаба Сәбидің «Жүйе» және «Балабақша», Jeltoksan Kozimdi Asam, ИК «5000» туындылары еліміздегі саяси-әлеуметтік оқиғаларға, Nazzarbeck-тің «Фальшь» әні – қазіргі қоғамдағы жасандылық, екіжүзділік және адами құндылықтардың құлдырауы әлеуметтік-философиялық туындылар деп бағалауға болады. Әсіресе Kozimdi Asam әнінде «Мұхтар Әуезовтің сәждеде кешірім сұрауы, Шоқанның есік қағып, бірақ ешкімнің ашпауы, Сәтбаевтың ұмтылуы» сияқты образдар қазақ тарихындағы интеллигенцияның ауыр тағдырын еске салады. Бұл – тек билікке емес, халықтың өз тарихи мұрасын ұмытуына да бағытталған сыни ой. Ақжол Түменбай мен Үкітай Ерниязовтың «Біздің өмір» әні – өткір әлеуметтік сарындағы поэтикалық шығармалардың бірі. Бұл туынды тек қарапайым ән емес, қазақ қоғамының заманауи мәселелеріне бағытталған көркемдік манифест деуге болады. Әнде әділетсіздік, билік пен халық арасындағы алшақтық, ұлттық сана мен рухани дағдарыс өткір сыналады.
Одан бөлек, Ninty one тобының Bari biled және Димаш Құдайбергеннің The story of one sky әндері әлемдік деңгейдегі әділетсіздік, соғыстар, қатыгездік сынды адамзаттық мәселелерді көтерді. Сондықтан заманауи қазақ әндеріндегі ой еркіндігі қарыштап өсіп келе жатқанын, тіпті тенденция деңгейіне жеткенін анық айтуға болады.
М.С: Қазақ музыка өнеріндегі ой еркіндігі, сөз еркіндігі – жаңадан пайда болып жатқан құбылыс емес. Қазақ музыка тарихында музыка арқылы хан, би, болыс, байларға ойын ашық жеткізген немесе қоғамды сынаған ән-күй үлгілері баршылық, тек бұл тақырып терең және ауқымды зерттеуді талап етеді. Абайдың «Сегіз аяқ» әніндегі сөздер есіме түсіп отыр: «Қайнайды қаның, Ашиды жаның, Мінездерін көргенде» деп сол кездегі қазақ қоғамына, әсіресе ел басқарған болыстарға сыни айтылған сөздер. Совет дәуірінің қатаң идеологиясы, әрине, бұл еркіндікті жоюға тырысты. Қазіргі таңда атап айтылған «мәтін революциясы» жанданып келе жатқаны – қазақ музыкасындағы болып жатқан деколонизацияның бір көрінісі деп санаймын және де бұл постмодернді қоғамға тән құбылыс. Жалпы әлемде ондай үлгілер көп. Мысалы, батыс музыкасының өкілі Боб Дилан шығармашылығында тек махаббатты ғана емес, соғысқа қарсы көзқарасты да насихаттады. Ресейде Виктор Цой белгілі «Перемен» әнімен жүйеге қарсылығын білдірді. Ал Қытай мен Иранда музыка индустриясы мемлекеттің қатаң бақылауында болса да, қарсылық ойларын жеткізген әртістері бар. Мысалы, Ли Жи, Шервин Хаджипур. Қазақ музыкасындағы қазіргі кейбір әртістердің көңіл күйлері осы жолға түсіп, жеке бастың емес, тұтас қоғамның үнін жеткізуге тырысып келе жатқаны қуантады.
Б.С: Қазіргі қазақ музыкасының мәтініндегі ой еркіндігі бүгінгі өнер мақсатының айқындылығын білдірсе керек. Себебі қазақ эстрадасындағы осыдан он бес жыл бұрын шыққан ән мәтіндерін қазіргі қазақ поп музыкасындағы ән мәтінімен салыстырсақ, бүгінгі поп музыкасының әлдеқайда мән мен мағына, түр-сипат пен көркем ой, жалпы қоғам күйіне жауап бере алатын деңгейі, қуаты бар екенін байқайсың. Саясатты да, сезімді де әлдеқайда еркін, әлдеқайда әдемі, көркем қып жеткізіп жатыр. Үлкендер «қазіргі әндерде не мән, не мағына жоқ, түсініксіз, біздің кезімізде басқаша еді» деп жиі салыстырып қалады ғой, бірақ менің бұл пікірге айтар уәжім көп. Шамамен 2010 жылдарда жарыққа шыққан ән мәтіндеріне қарағанда бүгінгі ән мәтіндері әлдеқайда тереңірек. Мәселен, бұрынғы әндерде «жұлдызым/құндызым», «асылым/ғашығым», «сүйдім/күйдім» деген ұйқастарға келетін жалпылама ойды айналдырып әкеп мәтінге қоя салатын. Ал соңғы он жыл ішінде шыққан ән мәтіндерінде нақтылық, мағына, батылдық бар. Тыңдарман жалпылама ән мәтіндерінен, қайталана беретін жалпылама ойдан шаршады. Қазір әнге мәтін жазатын авторлар мәселені ашық, кейде астарлап жеткізетін шебер туындылар жазып жүр. Соңғы он жылда мәтіндегі ой еркіндігі айқын байқалады, тек мәтін ғана емес, соңғы он жылда қазақ ән өнері, музыка мәдениеті әуен, музыка сапасы, жанрдың кеңдігі, идеология мен философиясы жағынан да әлдеқайда ілгеріледі.
Ж.А: Мәселен, ИК, Ninety one, Мархаба, dudeontheguitar сынды орындаушылар, топтар өз туындыларында азаматтық позициясын анық байқатып жатады. Мысалы, Мархабаның ««Жүйе» әнін алып қарайық. Әнде жылдар бойы қалыптасқан қате, қисық жүйенің салдары туралы баяндап, ән мұқабасында жүйе адамның аузын жауып, қалай қирататыны бейнеленген. Осындай әндер аудиторияға қалай әсер етеді? Қоғамның әлеуметтік-саяси белсенділігін арттыруда осындай ән мәтіндері рөл ойнай ма? Сіздің ойыңызша, жастар осы сипаттағы әндерді не үшін сүйіп тыңдайды?
Е.М: Бұл бағыттағы әндер аудиторияның назарын маңызды мәселелерге, тұрмыстың түйткілді тұстарына, қоғамның экзистенциалды кесапаттарына көңіл аударуға, оларға реакция білдіруге, азаматтық позицияны көрсетуге үндейді. Сәйкесінше, қоғам өкілдерінің әлеуметтік-саяси белсенділігінің артуына дем беріп, алға жылжуына ықпал етеді. Поп, хип-хоп, рэп сынды ән жанрлары жастар арасында сұранысқа ие болғандықтан, бұндай әндердің негізгі аудиториясы да жастар. Жастардың мұндай әндерге құмар болуы олардың жастық максимализмі, ой-санасындағы парадигмалардың өзгеруі, әлеуметтік шындықты іздеуімен тікелей байланысты. Сондықтан да жастар мемлекетке, қоғамға батыл сұрақ қоя алатын өнерді бағалайды. Өздерінің ойлары музыка арқылы айтылған кезде, оны қолдайды.
М.С: Қоғамда әділетсіздіктен зардап шегіп жатқан адамдар аз емес. Қаңтар оқиғасында зардап шеккен, әлеуметтік қиыншылық көріп жүрген қаншама халық бар. Олар үшін кей жағдайларда бұл әндер рух беріп, кейде жұбатуы мүмкін немесе әділетсіздікпен күресуге ынта беріп, әсер етеді. Әлеуметтік өзгерістерді оятатын әндер халықтың сана-сезімін дамытуда маңызды рөл атқарады, бұл туралы философтар да айтып кеткен. Қазіргі таңда аталған қазақтың жаңа буын орындаушылары өз шығармаларында батыл ойларын еркін жеткізіп, өз заманының шындығын айтып, музыка арқылы қоғамның дертін көрсетуге тырысып келе жатқаны – бір жағынан бұл табиғи процесс. Қоғамдағы әділетсіздікті көре тұра үнсіз қала алмаған әншілерді қолдайтын, саналы сұрақ қоя алатын олардың тыңдармандары да бар. Қазақстанда бұл басталып келе жатқан тенденция әрі қарай өз дамуын табады деп ойлаймын, өйткені әлеуметтік желіде көрсетілген жарқын өмір адамдарды жалықтырды, саналы тыңдарман тереңірек тақырыптағы әндерді тыңдағысы келеді, оны dudeontheguitar-дың соңғы айтылған әнінің қаралым саны бойынша да көруге болады.
Б.С: Әлеуметтік-саяси, қоғамдық мәселелерді той әндерінен бөлек, ерекшелікті аңсаған субмәдениет өкілдері, әсіресе «біртүрлі» әртістер жиі көтеріп жүр. Бұл тұрғыда ән мәтіндерінен ғажап батылдық сезіледі, мұндай құбылыстың жастар арасында әлеуметтік-саяси белсенділікті арттыруда да рөлі орасан зор екенін атап өткеніміз жөн. Халықтың бойында жүрген, ойында жүрген ашу-ызасын сүйікті әртісі ашып айтса, қарапайым халық та өзін осы ортада, осы елде әлдеқайда қауіпсіз, сенімді сезінер еді. Осыдан екі-үш жыл бұрын Ninety one тобы мен ИК бірігіп Taboo әнін жарыққа шығарды. Әні де, өңделуі де, бейнебаяны да өте сапалы, ал мәтініндегі батылдықты, шыны керек, күтпедім. Бұл жас буынның, жас орындаушылардың ой еркіндігінің белгісі болса керек.
Ж:А: Совет кезеңінде қарсылық сарынында шыққан әндер – жоқтың қасы. Бұл кезеңдегі әндердің басым бөлігі – лирикалық туындылар еді. Ал соңғы уақытта елдегі әлеуметтік саяси мәселелерді қозғайтын, қарсылық әндердің қатары көбейіп келеді дедік қой. Қазақ музыкасы контекстінде осы құбылысты қалай түсіндіруге болады? Себебі неде?
Е.М: Қазіргі қазақ музыкасындағы әлеуметтік-саяси мәселелерді қозғайтын әндерінің көбеюін бірнеше фактормен түсіндіруге болады.
Біріншіден, қалай десек те, тәуелсіздік жылдары советтік кезеңді көрмеген, жаңа көзқарастағы тәуелсіз буын өсіп шықты.
Екіншіден, еліміздегі экономикалық және әлеуметтік теңсіздіктер, саясаттағы өзгерістер мен өзгеріссіз қалған жағдайлар, азаматтық белсенділік осы бағыттағы өнер туындыларының пайда болуына себеп болды.
Үшіншіден, жастар арасындағы ұлттық идентификация, өзінің кім екендігін танып-білуге деген ұмтылыс, ұлттық сананың оянуы дәл осы тақырыптағы ән туындыларының пайда болуына триггер болды.
М.С: Совет дәуірінде жалпы мәдениет мемлекет бақылауында болды ғой. Ол кезеңде кез келген әнші эстрадаға шыға алмайтын, қатаң іріктеуден өтетін. Совет кезеңінде идеология басым болғандықтан, мемлекет музыканы саяси құрал ретінде пайдаланып, оны белгілі бір шектеулер аясында ұстады. Бұл тұрғыда 86-шы жылдың оқиғасына арналған Есенғали Раушановтың сөзіне жазылған «Қара бауыр қасқалдақ» әнін атап айтар едім. Ал қазіргі таңда қарсылық әндерінің қайта жандана бастауы қоғамдағы өзгерістердің, жаңа ұрпақтың өз көзқарасын ашық айтуға деген ұмтылысының белгісі. Бұл құбылыс тек Қазақстанда емес, бүкіл әлемде байқалады. Бұл – қазақ музыкасының табиғи эволюциясы. Бір кездері Ақан сері, Жаяу Мұса, Біржан салдар елдегі әділетсіздікті әнмен жеткізгендей, бүгінде жаңа орындаушылар өз үнін заманауи музыкалық стильде жеткізуде.
Б.С: Соңғы бес-он жылда халыққа өз идеологиясын ұсынып, сара жол, сарабдал талғамымен эстрадаға келіп жатқан орындаушылардың саны көп. Ал советтік кезеңде шынымен-ақ лирикалық әндер басым болды. Жалпы қазақ музыка мәдениетінің тарихындағы лирикалық әндердің әу басында Абай тұр. Абайдың әндерінің құрылысын сал-серілердің әндерімен салыстыруға келмейді. Себебі ақын қолындағы мүмкіндікті пайдаланып, Ресейден Алябьевтердің альбомдарын алдыртты, солардың романсын тыңдап өсті. Орыс романстардың әуенін, әуезділігін, интервалдардың құрамын қазақ музыкасына алғаш алып келген еді. Сол себепті де лирикалық әндерді қазаққа алғаш сіңіргендердің бірі де, бірегейі Абай деп айтуға толық құқығымыз бар. Абайдың «Айттым сәлем Қаламқас» шығармасын орыс тіліне аударып орындасаң, орыс романстарынан айнымай қалады. Кейін Кеңес өкіметіндегі идеология, қысым салдарынан көп композитор, ақын лирикалық туындылармен ғана шектелді. Сал-серілердің қарсылық әндерінде идеяны бүгінгі «біртүрлі» әншілер жалғап жатыр. Сондықтан қарсылық әндердің дәуірі аяқталып қалды деуге келмейді.
Ж.А: Осы орайда өнердегі этика деген дүние болады ғой. Ойымызды ашық айтамыз деп лас сөздер қосатын орындаушылар да кездесіп қалады. Әсіресе орыстілді орындаушылардың туындыларында жиі ұшырасады. Азаматтық позицияңды ашық білдіру өнердегі қағидаттарды сақтамау дегенді білдірмесе керек. Осы тақырып аясында ой тарқатайықшы.
Е.М: Әрине, ой еркіндігі – маңызды құндылық. Бірақ өнердегі этика мәселесі әрдайым өзекті болып қала береді. Кейбір орындаушылар қоғамды немесе мемлекетті ашық сынау барысында дөрекі, былапыт сөздерді, мемлекеттік қызметтегі тұлғалардың жеке басына тиісу, фактіні бұрмалау сынды этика шекарасын аттап өту актісіне бой ұрып жатады. Популистік, тез және арзан атақ жинау мақсатында да протестік музыканы қолданатын кейстар бар.
Дөрекі сөздер белгілі бір мағына беру үшін қолданылады, ол стиль ретінде қарастырылуы керек деген де пікір бар. Алайда өнер адамдарға әсер ететін құрал. Сондықтан өнер адамдары өз сөздерінің салмағы мен салдарына да мән беру керек. Мысалы, ИК тобының боқауыз, бейпіл сөздерге акцент бере отырып жасалған туындылары бірден танымалдылыққа алып келді. Ал бұл топтың протестік әндері мен топ мүшелерінің принциптері, яғни сөздері мен істерінің шынайылығы қаншалықты деңгейде деген сұрақты өздеріңізге қойып көріңізші. Ең дұрысы, азаматтық позицияны өнер арқылы білдіру мәдениеттілік, эстетикалық шеңберден аспай, еркіндік пен жауапкершіліктің тепе-теңдігін сақтай отырып жүзеге асуы керек деп санаймын.
М.С: Өнер – еркіндіктің символы, бірақ еркіндік жауапкершілікті де талап етеді. Кез келген сөз, кез келген ой – мәдениет пен моральдық шекараларды бұзбауы керек. Ән-өлеңдердегі, жалпы сахнадағы боғауыз сөздерге мен қарсымын, эстетикалық тазалықты сақтау керек. Байқағаныңыздай, боғауыз сөздер орыс, ағылшын тілді әндерде көбірек кездеседі. Әлем музыка тарихында (рэп, хип-хоп) мұндай жағдайлар көп болса да, боғауыз сөздер қазақ өнерінің табиғатына жат нәрсе. Өткір тақырыптарды қозғап, бірақ мәдениет шекарасынан шықпай-ақ әсерлі дүние жасауға болады.
Б.С: Соңғы он жылдағы сананың отарсыздануы музыка мәдениетінде анық байқалады. Олардың шығармашылығын байқасақ, ой еркіндігі ғана емес, сөз еркіндігі де есіп тұр. Ойды ашық жеткізу үшін қолданылатын лас, боқтық сөздер меніңше дұрыс. Лас сөздер, заңсыз заттарды қолданған кейінгі әсеріңмен бөлісу жастарға кері әсер етеді деген теорияны жоққа шығарар едім. Себебі адамның адам боп қалыптасуына өнер әсер етеді, бірақ пайыздық мөлшерге шаққанда өте аз деңгейде ғана. Тыңдаған әндері арқылы адамға баға беру, менің ойымша, дұрыс емес. Абай айтпақшы, «адамның адамшылығы: жақсы ата-ана, жақсы ұстаз, жақсы құрбы-жолдастан» ғана. «Ұят» сөздерді тығып қою, нашар көзқарас таныту өнерді, автордың ой, сөз еркіндігін шектейді. Мәселен, Эминем есімді ағылшын орындаушысының рэптерінде боғауыз, «ұятты» сөздер жетіп артылады. Бірақ оның туындыларындағы идеология, негізгі ой, философиясы мен идеологиясы әлдеқайда тереңде жатыр. Орындаушы өзінің азаматтық позициясын осылай білдіруді қаласа, қарсы болмауымыз керек.
Дайындаған: Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ