Мәуелі ағаш иіліп тұрады

2004 жылдың қаңтар айының 25-і күні қасиетті Мекке-Мәдинаға, қажылық сапарға барудың сәті түсті.
Жеті адамнан тұратын тобымыздың басшысы – араб жігіті Муаз Сабри. Қалған алты адам қазақтар. Арасында танитыным – жазушы Нұрдәулет Ақыш.
Бір қызығы, үш-төрт күн бұрын үйден шыққанда Астанада 30 градус аяз болса, Меккеде 30 градус ыстық. Соның өзінде меккеліктер: «Биыл бізде қыс суық», – деп қояды. Расында, Мекке түні салқындау екен, соны айтса керек олар.
Алматыдан шыққаннан Нұрағаң екеуміздің әңгімеміз жарасып, шүйіркелесіп кеттік. Қасиетті жерде жүрген соң, әңгіме тақырыбы да – имандылық туралы.
- Анау ғасырда болған оқиға, – дейді Нұрағаң. – Елу-алпыс шақырым жерде тұратын бір тақуа араб қажылыққа жаяу келе жатса керек. Жаз айы, күн шіліңгір ыстық. Меккеге жақындағанда тоқтап, тәхарат аларда белдігін шешеді. Белдігінің ішкі қалтасында жолға қажет алтын бар екен. Одан соң намаз оқып, жолын жалғастырады. Әлгі жерде белдігін ұмытып кетеді. Қасиетті шаһарға келіп, қажылық тәуафын атқарып жүргенде, ақша керек болып белдігін іздесе – жоқ. «Ә-ә, кеше тоқтаған жерімде қалыпты, қайтар жолда алармын» дейді.
Қажылық тәуаф аяқталған. Әлгі жолмен бір жолаушы келе жатса, жол шетінде ала шұбар дәу жылан жатыр дейді. Қорқып, не істерін білмей отырғанда, қажылыққа кеткен баяғы араб жігіті жыланның қасына келіп отырады.
– Абайлаңыз! Шағып алмасын, – дейді жолаушы жанұшыра айқайлап.
– Қайдағы жылан? Бұл менің белдігім, – деп, белдікті беліне байлап, ілгері аттайды араб.
– Ғажап оқиға емеc пе? – деймін мен әңгімеге елітіп.
– Араб жігітінің адал ниетіне орай, белдікті жылан етіп көрсетіп, сақтап қалған – Алла. Көрдің бе, адалдық деген, ниет тазалығы деген – сол, – деді Нұрағаң.
– Ататегіңізде тақуа адамдар болғаны ғой, шамасы?
– Әкем өмір бойы еңбекпен күнелтсе де, кедейліктен арыла алмаған кісі еді. Өте адал, ақкөңіл, аздап жаңғалақтау адам болды. Мен көзімді ашып көргелі намаз оқыды. Қатты ауырып, дүниеден өтер алдында да қал-қадерінше Аллаға сыйынып отыратын. Біреудің ала жібін аттауды білмейтін сондай таза жүректі жан мен оныншы класты оқып жүрген жылдың қысында ауыр науқастан сол кедей қалпында өмірден өтті. Шешем ауыр науқаспен басқа жақта ауруханада, біз қарындасым екеуміз әкемнің інісі Қайса ақсақалдың үйін паналап қалдық.
Басқаны былай қойғанда, үйімізде тіпті сағат та жоқ. Әкем ауыз бекітер алдында мені есік алдына шығарып, таңның ағарып атып кетпеуін қадағалатып қоятын. Алланың құдіреті, бірде-бір рет таң шапағы сейілген емес.
Менің ерте бастан ала қағазға үйір болуыма да ықпал еткен жарықтық әкем. ХІХ ғасырда өмірге келген ол кісі мүлде хат танымайтын. Мен ес біле бастағалы үйге тышқаншылап әр жерден, соның ішінде пошта мен кітапханадан газет-журнал таси беретін. Ертеңгісін жастығымның астындағы сытырлаған қағаз дыбысынан оянып кетемін. Әкем әкеліп тығып қоятын. Сондағы айтатыны: «Жаман қарғам бірдеме қылып хат тани берсін. Оқу оқыса, әйтеуір, жерде қалмас...» Асыл арманы – менің бастауыш кластың мұғалімі болғандығым. Біздің мектепте бастауыш кластардың мұғалімдері ер адамдар болушы еді. Соларды көре жүріп, армандайтын болса керек.
***
1978 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген жас жазушылардың әңгімелер жинағынан Нұрдәулет Ақыштың «Қоңыр өгіз» деген шағын әңгімесін оқығаным бар. Бір ғажабы, осы әңгімедегі қоңыр өгіз әлі есімде. Мұнда мал қадірін жақсы білетін ауыл ақсақалдарының бейнесі азғана детальмен ұтымды шыққан. Жұмысқа жегілген өгізді мал деп қарап, жанашырлық білдірмейтін Әбілхан есімді адамдардың қатыгездігі шынайы бейнеленген.
Осыдан соң Н.Ақыштың шығармаларын көрсем, қуана-қуана оқып жүрем. Жазушының «Қажыр мен қаржы», «Жалғыздың шешесі», «Мұңды жанардың сәулесі», «Бұрынғы бастықтың әйелі», «Байлар кварталында» сынды әңгімелерін де риза көңілмен оқыдым.
«Мұңмен оқылатын шығармалардың бірі – Нұрдәулет Ақыштың «Мұңды жанардың сәулесі» атты әңгімесі. Нақтырақ айтқанда, бұл тіпті әңгіме де емес, жан тебірентерлік лирикалық новелла. Төгілген көркем тіл, лапылдаған сезім және онымен тайталасқан ақыл-парасат», – деп жазды халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов.
Бұл – елге танымал аға жазушы берген үлкен баға. Осы орайда, филология ғылымының докторы, белгілі әдебиеттанушы Гүлжаһан Орда бүй дейді: «Н.Ақыштың көркем прозадағы негізгі еңбек етіп жүрген жанрларының бірі – шағын әңгімелер. Оның қай әңгімесі де белгілі бір ойға құрыла отырып, шымыр жазылуымен назар аудартады. Жанр табиғатын жете меңгере отырып, өзінің көркемдік позициясын тиянақтап жеткізе алуымен жазушы бұл жанрдағы басты бағытын анықтап алған сияқты. Атап айтқанда, «Қадірсіз қоңыр», «Нағыз әже қайда?», «Дон Жуанның әйелі», «Көнбіс бәйбіше», «Жұмыс іздеген қыз» және басқа да көптеген әңгімелері орындалу тұрғысынан көркемдік үдесінен шыққан шығармалар».
***
Жетпіс жылдық мерейтойы қарсаңында Н.Ақыштың біраз кітаптарымен қайыра таныстым. Өзінің мінез-құлқына, болмысына орай, шығармалары да байсалды, салмақты, айтар ойы анық екеніне көзім жетті.
Жалпы, әңгіме жазу – қиынның қиыны. Небәрі тоғыз-он беттік шығармада тілі, оқиғасы, кейіпкердің ой-қиялы, сыр-сезімі, таңданысы, күйініш-сүйініші, жылауы, күлуі – бәрі-бәрі нақты, анық-қанық болмағы ләзім. Мұндай талап биігінен көрініп жүрген жазушылар көп емес.
– Қазақ жазушыларының басым бөлігі ауылда туып-өскендер. Олар өз кейіпкерлерін өздері жақсы білетін әрі жан дүниелеріне жақын сол ортадан алып жатады. Жазушының өзі меңгере алатын тақырыпты жазуы да шығармашылық заңдылық, – дейді Н.Ақыш. – Сондай қазақи ортада өскендіктен де шығар, өзім жақсы білетін адамдар туралы еріксіз қалам тербеп жататыным. Жазу барысында көбінесе көрген-білген тәжірибеме, тіпті өзім бастан кешкен әрқилы оқиғаларға сүйенемін. Кейде базбір жандардың ауызша айтқан әңгімелерінің ішінде жан дүниеме әсер ететіндері де болады. Жазушы үшін жазбай қала алмайтын бір сәттер болады, мен де сондай жағдайда қолыма еріксіз қалам аламын.
***
Н.Ақыш қаламына тән ерекшелік – әңгімелері мен повестерінің кейіпкерлері көпшілігіміз байқай бермейтін қатардағы қарапайым тіршілік иелері. Жазушы шағын деталь арқылы қадау-қадау соқталы ойларға жетелейді. Иман, ар-ұят, адамгершілік құндылықтарын, адамның ішкі әлеміне үңіліп, қилы-қилы тағдырларын алға тартады. Өмір философиясын да содан іздейді. Оған дәлел – «Аласа таулар аясында» романы, «Рақымсыз көктем», «Өксікті өмір», «Жатақхана қыздары», «Сезім жетегіндегі жігіт», «Құз хикаясы», «Ұры қыздың тағдыры» т.б. повестері.
Жазушы балалар мен жасөспірімдерге арналған бірсыпыра шығарманың да авторы. Солардың арасында елеулісі – «Момақан қыз» хикаяты. Мұнда оқушы қыз Гүлшаттың өмір бастауындағы адасушылығы, сол жолдағы жақсылыққа ұмтылысы тартымды детальдарға негізделіп өріледі. Жазушы жас қыздың жан дүниесін жарқырата ашып, тартыстар үстінде көрсетуге ұмтылған.
***
«Айналайын Нұрдәулет!
Уақытқа сөз бар ма! Әдебиет табалдырығынан аттағаның күні кеше ғана сияқты еді. Енді, міне, елуге келіп, еліңе нағыз ат басындай абыройлы, атан жілікті қайраткер азамат ретінде танылып отырсың. Адал пейіліңмен, терең біліміңмен, нәзік талғамыңмен ұлттық руханиятымыздың арғы-бергісіндегі шын асылдары мен ақықтарын әділ бағалауға атсалыстың. Балақтан жабысар қауыпкелдік пен шауыпкелдікке ұрынбай, сарабдал да салихалы сыншы, ғалым бола білдің. Ұрпаққа ұлағаты мол тәлімгерлік көркем шығармалар тудырып, өркениетті елдерге тән жасөспірімдерге арналған ақ жүріп, адал сөйлер ақылман әдебиетімізді қалыптастыруға айта қаларлық үлес қостың. Өмір танытқыштық парасаты, кісі танытқыштық пәтуасы, жігер қайрайтын рухани уыты мол кітаптар жаздың.
Әдебиет базарының керексіз қоқысын емес, зәрулігі мол қазынасын көбейтістің.
Береріңнен де, аларыңнан да көбі алда.
Тәңір мен тағдыр алған бетіңнен адастырмасын.
Алға баса бер!»
Бұл – Еңбек Ері, Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлының «Егемен Қазақстанда» (27.11.2010 ж.) жарияланған мақаласынан үзінді.
Қазақтың көрнекті суреткері Әбекеңнен мұндай баға алу, жақсы сөз есту көп қаламгердің маңдайына бұйырмайтын бақыт.
***
Соңғы жылдары Н.Ақыш есімі бүгінгі прозадағы, жалпы, әдеби ағымды зерттеуші ретінде әдебиеттанушы ғалымдардың қатарында саналып келеді. 2004 жылы филология ғылымы бойынша кандидаттық, 2009 жылы докторлық диссертация қорғады. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша жасалған 10 томдық «Қазақ әдебиетінің тарихы» (2004, 2005 ж.) аталатын еңбектің 8-9 томдарының және «Қазақ романы: өткені мен бүгіні» (2010 ж.) атты ұжымдық жинақтың негізгі авторларының бірі. Тәуелсіз еліміздің талап-тілегі тұрғысынан жазылған «Зұлмат жылдары қазақ прозасында» (2005 ж.), «Қазақ мемуарлық романы» (2010 ж.) атты монографиялары жарық көрді.
Біз белгілі қаламгерге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілей отырып, одан алдағы уақытта да шуақты, сәулелі шығармалар күтеміз.