«Мауглилердің» сұрауы кімнен?
Павлодар облысында адам көрсе үрке қарайтын, сөйлеп, жүре алмайтын, тіпті өздігінен тамақтана алмайтын төрт бала бар.
Ата-аналары ащы суға салынған. Ал шиеттер балалар жүрек жалғар, тіске басар, талғажау болар тамақ таппай, аш жүр. Олардың мұндай мүсәпір халге түсуіне кім кінәлі? Әкелік, аналық міндетіне немқұрайлы қараған жастар ма, әлде қиын жағдайға тап болған отбасын тасада қалдырған шенеуніктер ме?
Соңғы күндері павлодарлық төрт бала туралы дерек бүкіл елді дүр сілкіндірді. Тіпті ел арасында оларды «Мауглилер» деп атап кетті. Ерлі-зайыптылар Ильдар Афатеев пен Любовь Зейналованың 2014, 2016, 2017 және 2018 жылдары туған төрт баласы шынымен басқа әлемде өмір сүріп келген. Балабақша мен мектепке бару былай тұрсын, жүріп-сөйлемейді. Физиологиялық және психологиялық тұрғыдан артта қалып қойған. Бұл отбасы туралы еріктілер кездейсоқ білмегенде, олардың өмірі бәз баяғыша қара түнек іспетті жалғаса берер ме еді, кім білсін?!
Бұл отбасы туралы алғашқы ақпарат өткен аптаның соңында пайда болды. Жергілікті волонтерлар әкімдікке шығып, осындай отбасы бар деп хабар таратқан. Ал оған дейін Екібастұз қаласындағы атқамінерлері бұл шаңырақтың жағдайы туралы мүлдем бейхабар болып келген. Сонда халық санағы қалай жүргізілді? Әлеуметтік қорғау, білім мен денсаулық сақтау салалары қайда қарады?!
Шенеуніктер мұның барлығына ата-аналардың өздері кінәлі дейді. Себебі олар әлеуметтік жәрдемақы, медициналық көмек сұрап, бірде-бір мекемеге бас сұқпаған. Осы уақытқа дейін төрт бала үшін төленетін ақының есебінен күн көріп келген. Отағасы Ильдар осы жылғы ақпанда ғана «Богатырь Көмір» кенішімен жұмыс істейтін мердігер компаниялардың біріне жұмысқа орналасыпты. Әйелі Любовь еш жерде жұмыс істемейді. Отбасын танитын адамдардың айтуынша, екеуінің де аузы арақтан құрғамайды. Балаларға баскөз болып отырған ешкім жоқ.
Афатеевтердің жағдайы еріктілер арқылы көпшілікке жарияланған соң, балалар облыстағы инфекциялық ауруханаға жатқызылды. Аналары да жандарында. Белгілі болғандай, ешқайда шықпаған, бөгде адамдармен мүлде араласпайтын балалардан коронавирустық инфекция анықталды. Басқа да сырқаттары болуы әбден мүмкін. Қазіргі уақытта тиісті талдамалар жасалып жатыр. Өмірге он екі мүшесі түгел, дені сау болып келген төрт бірдей бала, осылайша, ата-анасы мен олардың жағдайын бақылауға алуы тиіс кей атқамінерлердің кесірінен мүсәпір халге түсіп отыр.
Бұл жағдай облыстық, тіпті үкіметтік деңгейде жиын өткізіп, әлеуметтік қорғау саласындағы мәселелерге терең үңілуге итермеледі. Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов отбасы тұратын кеншілер шаһарында шұғыл жиналыс өткізіп, тиісті тапсырмалар берді. Көпбалалы отбасы 2018 жылға дейін тұрған Ақсу қаласының әкімі Жанат Шұғаевқа, қазір тұратын Екібастұз қаласының басшысы Ардақ Қаңтарбаевқа сөгіс жариялады. Ал оларға мәселені бақылаудан шығарып алған қол астындағы қызметкерлерге шара қолдану жүктелді. «Бұл отбасыны айдаладағы қыстақтан емес, әкімдіктен бес минуттық жерде орналасқан, қаланың қақ ортасындағы жалдамалы пәтерден тапты. Сонда халық санағы қалай жүргізілді? Әлеуметтік қорғау өкілдері неге отбасының жағдайын бақылаусыз қалдырды? Бұл отбасыға неге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған жоқ? Балалар білім және денсаулық сақтау басқармаларының есебіне неге тіркелмеген? Сұрақ көп, жауап жоқ. Бір отбасының мәселесі бірнеше мемлекеттік мекеменің олқылығын, тұтас жүйедегі қателікті ашып берді. Сондықтан тез арада шұғыл шаралар қабылдауды тапсырамын. Бұл бәрімізге сабақ болуы тиіс», – деді Әбілқайыр Сқақов.
Қазіргі уақытта балалар ауруханада қажетті ем-домды алуда. Олардың кейінгі тағдыры емдеу орнынан шыққан соң белгілі болады. Ал бұл жағдай бүкіл қоғамға ой салуы керек. Шенеуніктер былай тұрсын, халық санағын жүргізген тіркеушілер, түптеп келгенде, көпбалалы отбасыға пәтерін жалға берген үй иесі қайда қарады? Әрине, баланың жағдайына бірінші кезекте ата-ана жауапты. Олар бұл оқиғадан сабақ алып, түзу жолға түсер деген сенім мол. Бірақ бұл әлеуметтік салаға жауапты қызметкерлерді еш ақтамайды.