Мавзолей синдромы. Билікке талас басталып кетті ме?
 
                                        Кейінгі бір ай кадрлық ауыс-түйістермен есте қалды. Әсіресе, Президент әкімшілігінде өзгеріс көп. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йорк сапарынан кейін бірден үш көмекшісі мен үш кеңесшісін қызметінен алды. Жақында ПӘ ішкі саясат бөлімінің басшысы Абзал Нүкенов отставкаға кетті. Сондай-ақ Қазақстанның бірнеше мемлекеттегі төтенше және өкілетті елшісі ауысты.
Бұдан бөлек, бұрын Антикорды басқарған Асхат Жұмағали бас прокурордың орынбасары болып тағайындалды. Ең қызығы, 25 қазан күні президент Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаевты қабылдаған, кездесуден кейін көп өтпей оның орынбасары ауысқаны хабарланды. Тура бір жыл ҰҚК төрағасының орынбасары болған Қанатай Далматовтың орнын генерал-майор Марат Ирменов басты.
Сондай-ақ Сыртқы істер министрлігінде үлкен «тазарту» болды. Министр Мұрат Нұртілеудің орнына Ермек Көшербаев тағайындалды. Нұртілеуден кейін көп кешікпей бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин де қызметінен кетті. Ал оның орнын төрт жыл АҚШ-та елші болған Ержан Ашықбаев басты. Айтпақшы, Мұрат Нұртілеу қызметінен абыроймен кеткен жоқ. Қыркүйектің басында БАҚ-та Нұртілеудің ұсталғаны жайлы ақпарат тарап, экс-министрге қатысты үлкен айыптаулар айтылған. Ақпарат қоғамда үлкен резонанс туғызса да, Нұртілеу жұрт алдына шықпай, төрт күн бойы тым-тырыс жатып алды. Кейін Мәжіліс залында журналистерге «аққа Құдай жақ» екенін айтып, ақталған болды. Бірақ не үшін екені белгісіз, өзі жайлы шулы ақпарат таратқан адамдарды сотқа беріп, ақ екенін дәлелдеуге тырысқан жоқ.
Осыдан кейін Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысы өтіп, Конституцияға көптеген өзгеріс енетіні белгілі болды. Ал өткен аптада елде инфляцияның шарықтап кетуіне байланысты Үкіметтің шұғыл шарасы жарияланды. Тоқаевтан тапсырма алған премьер-министр Олжас Бектенов «азаматтардың мүддесін ескере отырып», азық-түлік, жанармай және коммуналдық қызмет тарифтерін қымбаттатпау туралы шешім қабылдады. Бірақ бұл шешім мамандардың сынына ұшырап жатыр.
Билікке талас тоқтаған емес
Айналасы бірер айдың ішінде елде болған осы оқиғаларға қарап, билік елдегі экономикалық және саяси ахуалды реттей алмай, әбігерге түсіп жатқанын аңғаруға болатын сияқты. Яғни, сыртқы саясат мәз емес, инвестициялық климат пен халықаралық имиджіміз нашарлап барады. Ішкі жағдай одан да қиын. Қымбатшылық қысып барады, халық наразы болып, өзгеріс талап етіп отыр. Оның үстіне кейінгі кезде бірнеше мемлекетте зумерлер буынының толқуы болып, көптеген автократиялық елдерді ойлануға мәжбүр етті. Алаңға шыққан жас буын өкілдері бірнеше елде билікті төңкеріп тастады.
Мұндай қиын сәтте билікті сақтап қалу оңай шаруа емес. Сол үшін билік үлкенді-кішілі ауыс-түйістер жасап, саясат сахнасында жұмыс қызып тұрғандай түр танытады. Бектенов үкіметінің жеңілдігі де осындай жұрт көңілін уақытша аулауға бағытталған шара екені анық.
Қазіргі жоспар бойынша, Қазақстанда 2027 жылы Парламент сайлауы, 2029 жылы президент сайлауы өтеді. Бірпалаталы Парламентке депутаттар партиялық тізіммен ғана өтпек. Бұл да жұртқа ұнамайтын шешім. Көпшілік мұндай жолмен шын оппозицияның Парламентке бара алатынына сенбейді. Елдегі ауыр экономикалық жағдайға әділетсіз саяси бәсеке мен әділ емес сайлау қосылса, халықтың наразылығы шарықтау шегіне жетуі мүмкін.
Ірі саяси дода алдында билікке үміткер топтар пайда болуы мүмкін. Содан барып таққа талас туындайды. Мұны билік маңындағылардың өзі айтып жүр. Жақында «Ұлысмедиа» басылымына берген сұхбатында мәжіліс депутаты Айдос Сарым «билікке талас мезгілінен бұрын басталып кеткенін» айтты. Журналист Мұрат Нұртілеуге қатысты сұрағанда мәжілісмен әңгімені «адам ретінде пікірім, күн астындағы орын үшін талас деген ұғым бар, меніңше, Қазақстанда сол процесс уақытынан бұрын басталып кеткен сияқты» деп бастайды.
Оның бұл сөзі ел арасында айтылып жүрген «Нұртілеудің саяси мансабына кедергі келтіру үшін әлдекімдер қастандық ұйымдастырды» деген болжаммен үндесетін сияқты. Мұрат Нұртілеудің қызметі Қаңтар оқиғасынан кейін жылдам өсіп, мемлекет басшысының сенімді серігіне айналған. Тіпті кей сарапшы оны елдегі ең жоғары билікке ізбасар ретінде көрсетіп жүрді. Бірақ биылғы дау репутациясына теріс әсер етіп, саяси салмағын түсіргені анық. «Жас Алашқа» пікір білдірген сарапшылар Нұртілеу саяси қызметте қатты құлдырағанын айтқан болатын.
Сондай-ақ Сарым «белгілі бір азаматтарды дискредитациялау немесе олардың жұмысын мүлдем жоққа шығару тұрғысындағы белгілі бір топтардың ойыны жүріп жатқан сияқты» деген күдігін айтады. Билікте көбіне «Аманат» партиясының өкілдері отыр, Мәжілісте де осы партия өкілдерінің саны басым. Содан болар, сырттай шенді-шекпенділер бірауызды сияқты көрінеді. Бірақ биліктің айналасы мұндай бейбіт емес екені анық. Кландар мен топтардың қақтығысы сайлаудың дүбірі естілгенде су бетіне шыққан сияқты.

Саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева мұндай саяси ойындардың жүріп жатқанын жоққа шығармайды.
«Билікке талас тоқтаған емес. 2022 жылдан бері жалғасып келеді. Елдің көріп отырғаны, сыртқа шыққан ақпараттар ғана, іште қандай күрес болып жатқанын анық білмейміз. Мұрат Нұртілеу кейінгі бірнеше жылда «ауыр салмақты» ойыншылар қатарына енген еді, сол орнынан айырылып қалғанын көріп отырмыз. Осыған қарап, ішкі жақта күрес болып жатқанын аңғарып жатырмыз. Мұндай шабуылдар қазір билік басында жүрген тағы бірер тұлғаға қарсы жасалып жатқанын байқауға болады», – дейді сарапшы.
Кадрлық ауыс-түйіс – реформа емес
27 қазан күні ПӘ ішкі саясат бөлімінің басшысы Абзал Нүкенов қызметінен кеткенін жоғарыда жаздық. Сол кезде билікке жақын сарапшылар «бұл елде басқару жүйесінің жаңа кезеңі басталғанын білдіреді» деп жар салды. Оларға салсаңыз, әрбір тағайындау мен қызметтен босатуды реформа ретінде көрсетуге дайын. Биліктің өз ұстанымы да осыған саяды. Жұрт өзгеріс талап еткенде әкім-министрлердің орнын алмастырып, жаңа Үкімет жасақтай салатыны жасырын емес.
Бірақ мамандар мұндай ауыс-түйістің реформа емес екенін айтады. Яғни, адам ауысқанмен, жүйе өзгермесе, бәрі бекер. Саясаттанушы Досым Сәтбаев ашық саясатқа мүмкіндік берілмеген жүйеде барлық мәселе элита ішіндегі қарым-қатынасқа байланып қалады деп санайды.
«Кейінгі кадрлық ауыс-түйістер бір тарихи аналогияны еске салды. КСРО кезінде Батыс советологтары кеңестік элита ішіндегі күштердің тепе-теңдігін түсіну үшін Парад кезінде Мавзолейде тұрған тұлғалардың орнын мұқият зерттейтін. Кім Бас хатшыға жақынырақ тұрса – сол фаворит, кім алыс тұрса – ықпалы азайған. Ал біреу мүлде Мавзолей мінберінде көрінбесе, оның тізімнен шыққаны. «Мавзолей синдромы» қоғамдық саясаты ашық емес саяси жүйелерге тән құбылыс. Мұндай елдерде мемлекеттің тағдыры көбіне билікке жақын топтардың жабық ойындарына тәуелді болады. Мұның соңы көп жағдайда жақсылыққа әкелмейді», – деп жазады сарапшы.
Біздің елдегі кадрлық ауыс-түйістер кімнің қандай қызметке барғанын талқылаудан әрі аспайды. Жаңа басшының сол мекемеге қандай пайдасы тиерін немесе бұрынғы қызметінде қандай жетістікке жеткенін ешкім сұрамайды. Тіпті бір лауазымда сөгіс алып, абыройдан жұрдай болып, отставкаға кеткен адам дереу екінші ірі лауазымға тағайындалып жатады. Ал мұндай ауыс-түйісті өзгеріс немесе реформа деп қабылдауға еш негіз жоқ.
1994-1997 жылдары Қазақстан премьер-министрі болып, 1998 жылы елден кеткен Әкежан Қажыгелдин жақында отандық БАҚ-қа екі сұхбат берді. Сырттай сотталған экс-шенді сұхбат барысында қазіргі Үкімет шешімдерін сынап, елдегі экономикалық мәселені тез арада шешуге болатын жолды білетінін айтты. Тіпті ұсыныстарын қағазға түсіріп, Ақордаға жолдаған көрінеді. Кей басылым 2026 жылы Қажыгелдинге реабилитация беру мәселесі талқыланады деген ақпарат таратты. Бұл ақпараттың шын-өтірігі қазірше белгісіз. Бірақ елде реформа жасау үшін «ескі Қазақстан» кезінде қабылданған кей шешімдерді өзгерту керек шығар.
«Қазірше Ақорда мемлекетті басқару жүйесін өзгертуге дайындалып жатыр деп айтуға ерте. Әлі нақты ұсынысты көрген жоқпыз. Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының отырысынан кейін ешқандай жаңа идея жарияланған жоқ. Тек Парламенттің бірпалаталы болатынын ғана біліп отырмыз. Бірпалатаны алып тастау ешқандай өзгеріс алып келмейді. Мұның саяси жүйеге еш әсері жоқ. Сондықтан елде саяси реформа бола ма, саяси жүйе мен билік жүйесі өзгере ме, дәл қазір бірдеңе деу қиын. Елде реформа жүріп жатыр, жүйе өзгереді деп сеніммен айта алмаймын.
Қоғамда мажоритарлы сайлау болса, билікке халық арасынан көп адам келеді деген түсінік қалыптасқан. Бірақ бұл жүйенің өзі билікке оппозиция бола алатын халық өкілдерінің Парламентке бара алатынына кепілдік бере алмайды. Мысалы, Ұлыбританияда Парламент тек мажоритарлы принциппен сайланады. Бірақ екі партия ғана өте алады. Осы тұрғыдан алғанда пропорционалды сайлау жүйесі көптеген партияның Парламентке өтуіне мүмкіндік береді. Бізде жүйе дұрыс жұмыс істемегендіктен, пропорционалды жүйеге теріс баға береміз. Мұндай түсінікті сайлау жүйесін дұрыс түсінбейтін адамдар қалыптастырып отыр. Шындап келгенде, мажоритарлы жүйе бай адамдарға, билікке жақын топтарға көбірек мүмкіндік беретінін ұмытпау керек», – дейді саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева.
Қуаныш Қаппас
