Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:12, 15 Ақпан 2025

Майдан даласындағы үш жыл: Қираған Украина, 19 мың тұтқын бала және шығынға батқан Ресей

соғыс
Фото: из открытых источников

Әлемдік тәртіп жылдам өзгеріп жатыр. Адамзат дамыған сайын түрлі қайшылықтарды өзара келісіммен, ымырамен, бейбіт жолдармен шешеді деген нарратив келмеске кеткен сияқты. Әлемнің әртүкпірінде соғыс қаулап келеді.

 Көптеген саяси күштер өз мүддесін шешудің ең тиімді жолы, ықпалды жолы ретінде соғысқа жүгінгенді жөн көреді. Оны кейінгі кезде Африка елдерінде, Таяу Шығыста, Ресей мен Украина арасындағы соғысқа қарап байқауға болады. Осындай жаңа трендтен шошынған мемлекеттер қару-жарағын сайлап, заманауи құралдарды көбейтіп, соғысқа дайындала бастады. Әлемді «соғысалды психозы жайлап алды» десек, шындықтан алыс кетпейміз. Жанталаса қаруланудың өзі соғыс қаупін күшейте түседі. Алда мүлдем күтпеген нүктелерде соғыс өрті лап ете қалуы ықтимал.

Соғыста ұтылып бара жатқан мемлекеттердің жаппай қырып-жоюға әкелетін бактериологиялық, химиялық қаруларды және атом бомбасын пайдалану қаупі байқалып отыр. Украинаны 3 жылдай жеңе алмаған Ресей билігі ызаланғаннан атом қаруларын қолданамыз деген ниеттерін бірнеше мәрте ашық жариялады. НАТО мен АҚШ бастаған Батыс блогындағы 40 шақты мемлекеттің Украинаны әскери, қаржылай және ұйымдастырушылық тұрғысынан қолдауы Ресей билігінің зығырданын қайнатты. Ресей армиясы жай қарулармен Украинаны талқандай алмайтынына әлемдік қауымдастықтың көзі жетті. Ресей билігі енді кейін шегінуі керек немесе ядролық стратегиялық қаруларына жүгінуі қажет. Екіншісі, өте қорқынышты. Ресей атом бомбасын қолданса, НАТО-ның жауабы әп-сәтте болатыны ақиқат. Олай болған жағдайда Украинамен бірге Ресей де катастрофаға ұшырамақ.

Путин
Фото: Дмитрий Азаров / Коммерсантъ

Ресей идеологтары 3 жыл бойы украин халқы мен билігі орыстілділерді қудалауда, орыс мәдениетін тұншықтыруда, «орыс әлемін» украиндар жау көріп отыр деген идеологиялық ұстанымдарды насихаттаумен келеді. 2022 жылы 24 ақпанда Ресей президенті В.Путин «біз Украинаны милитаризацияланудан, ұлтшылдықтан, бандершылдықтан құтқару жолында арнайы әскери операция ұйымдастырамыз» деп жариялады. Бұл қадам – көрші, ғасырлар бойы туыстас болып келген, діні, тілі, мәдениеті жақын украина халқына қарсы әділетсіз, басып алушылық соғыстың басталуы еді.

Ресейдің шын мәніндегі Украинаны отарлау саясаты 2014 жылы Донецк, Луганск облыстары мен Қырым түбегін аннексиялап алуынан басталғаны белгілі. Ол жылдарда Украина билігі, ел халқын топтастырып, орысқа қарсы соғысуға бастай алған жоқ. Украина халқы ол кезде ұлттық мүдде платформасында топтаса алмады. Орыстілді электоратта сепаратизм мен ресейшілдік психология күшті болды. Әсіресе Шығысында проресейлік, сепаратистік топтар ықпалды болды. Ресейдің жасырын әрекеттері де украиналықтарға жік салды. Украина халқының біршама бөлігі Ресейдің насихатының, идеологиялық диверсиясының құрбанына айналып, украиндық бірегейлену алаңынан кетті.

Сонымен бірге Украина билігіндегі жемқорлық, сатқындық елді біршама әлсіретті. Жалпыұлттық топтасудың күшеюі тек 2022 жылғы ақпандағы Ресейдің үлкен шабуылынан кейін ғана басталды. Украина халқы күреске шықпасақ, еліміз тәуелсіз мемлекет болудан қалады деген қауіпті ұғына бастады. Жер, ел, тәуелсіздік үшін күресеміз деген ұлы идея украиналықтарды өздерінен әлдеқайда қуатты, үлкен Ресеймен соғысуға бастады. Өркениетті, демократиялық адамзат Украинаны қолдауға кірісті. Ресейдің соғысы әділетсіз екендігін әлемдік қауымдастық жақсы білді, түсінді. НАТО мен ЕО, АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция сияқты қуатты мемлекеттер көмегімен Украина 3 жыл бойы Ресей агрессиясына тойтарыс беруге қол жеткізді.

Байден
CBS News

Ресей Украинаға шабуылын бастай салысымен Джо Байден АҚШ президенті ретінде Украинаны қолдайтынын ашық айтты. Украинаға АҚШ Қорғаныс министрі Ллоид Остин, вице-президенті Камала Харрис бірнеше рет келіп кетті. Байден әр жерде В.Зеленскиймен кездесіп отырды. Украина АҚШ-тың зор көмегінің арқасында Ресей басқыншылығына төтеп берді. Киевке дейін жеткен басқыншылар армиясын Донбасс, Луганск, облыстарына дейін қайта шегіндірді. Ресей 2014 жылға дейін басып алған жерлерін кеңейтуге ұмтылғанымен үлкен табыстарға жете алмады. Запорожье, Херсон облыстарындағы біраз жерлерді жаулап алды. Соғыс аймағындағы ондаған қалалар мен жүздеген деревнялар сау тамтығы қалмай, үйінділерге айналды.

Осы жағдайды жақсы білген АҚШ басшылығы 3 жылдай Украинаға заманауи қару-жарақты, ұшақтарды, зымырандарды берді. Алайда Байден УҚК (ВСУ)-не бұл қаруды Ресейдің ішкі аймақтарына соққы жасауда пайдалануға тыйым салды. АҚШ билігі Украина өз жерін азат ете алса жеткілікті болмақ деген принципті ұстанды. Әсіресе әуе қорғанысына қажетті зымырандарды беруді баяу жүргізді. Ғ-16 жойғыш ұшақтарын беру де созылды. Сарапшылар АҚШ осы әрекеттерімен соғыстың созылуына мүдделік көрсетті, оның мақсаты – Ресейді барынша әлсірету деп байыптады.

Зеленский мен Байден
Фото: ТАСС/Patrick Semansky/AP

Байден ұдайы Зеленскиймен кездесіп, АҚШ беретін 65 млрд доллар көмектерді ақылдасумен болды. Бірақ та Ресейді талқандап жіберетін батыл әскери шараларды ұйымдастыруға батылы жеткен жоқ. Ресейдің ядролық потенциалынан жасқанды. Украина халқының азаттық соғысын ұдайы қолдаймын деп ашық жариялап отырды. УҚК әсіресе 2024 жылдың бас кезінде оқ-дәріге зәру болды. Себебі АҚШ беретін көмегін 4 айдан астам уақытқа кешіктірді. АҚШ Конгресі берілетін көмекті ұзақ талқыға салды. Байден мен оның командасы Украинаны қатты қолдағаны ақиқат. Дональд Трамптың АҚШ президенті болып сайлануы Украина-Ресей соғысына өзінің ықпалын тигізуде. 25 қаңтарда болған инаугурациясында Трамп Таяу Шығыстағы және Украинадағы соғыстар тоқтайды. Мен билікке келгенде әлемге бейбітшілік келеді, АҚШ-тың «алтын дәуірі» басталады деп жариялады. Ал бұрынғы бәсекелесі Камала Харриспен дебаттар жүргізу барысында «Мен АҚШ Президенті болсам, орыс-украин соғысын бір-ақ күнде тоқтатуға сөз берем» деген болатын. Сарапшылар таңданыстарын жасырмады. Әбден шиеленіскен орыс-украин қатынастарынан туындаған соғысты Трамп қалай ғана тез тоқтата алады деген пікірлер басым болған еді. Өкінішке қарай, Трамп билікке келу мақсатында жасаған популистік уәдесінің бірі екендігін байқатты.

АҚШ билігіне келген соң Трамп Украина президенті В.Зеленскийді соғысқа жауаптылардың бірі деп айыптап, «ол соғыстың алдын алу мүмкіндігін пайдалана алған жоқ» деп мәлімдеді. Ресей соғысты 2014 жылдан бастап жүргізуге кіріскенін, 2022 жылы 22 ақпанда кең масштабтағы шабуыл бастағанын айтқан жоқ. Ресей агрессорлық, жаулап алушылық, әділетсіз соғыс бастады деп батыл айыптар таққан жоқ. Путинді айыптайтын, оның іс-әрекеттеріне шектеу қоятын ниетті байқатпады. Бір сөзінде «Ресей 800 мыңдай, Украина 700 мыңдай әскерилерінен айырылды», бұл қырғынды тоқтатуымыз керек деген ниет көрсетті. Трамп осы уақытқа дейін АҚШ Украинаға беріп келген 65 млрд долларлық көмекті шектеймін, Еуропа соғыс шығындарын өздері арқаласын деген позициясын ашық айтты. НАТО блогының әскери шығындарына миллиардтаған ақша құймаймыз, Еуропа өз қауіпсіздігі үшін өзі шығындансын деген пікірді әлденеше рет жария етті.

Д.Трамптың Джо Байденнен мүлдем бөлек бұл ұстанымы Украина үшін, әрине, тиімсіз. Үш жыл бойы өзінен он есе қуатты Ресеймен Украина АҚШ-тың белсенді көмегінің арқасында ғана тайталасып келген болатын. 2025 жылы АҚШ көмегі азайып кететін сыйқы бар. Трамп бұл көмекті 3 айға тоқтатып қойды. Артынан райынан қайтып, көмекті жалғастырды. Тек біздің көмек үшін Украина сирек металдарымен төлем жасасын деді. Ал Еуроодақ елдері Украинаға көмек беруді тоқтатпаймыз, АҚШ-тың берген көмегінің орнын толтырамыз деп айтуда. Еуропаның, НАТО-ның көмегі АҚШ-тың көмегін толтыра ала ма, әзірше белгісіз. Еуропа лидерлері бір ақиқатты жақсы түсінуде. Егер Украина Ресейден жеңілсе, онда Еуроодақ елдерінің шығындары триллион доллардан асып түседі. Украинаның жеңілуі Ресейдің агрессиясын кеңейтеді, Шығыс Еуропа елдерінің, Прибалтиканың мемлекеттерінің тәуелсіздігіне тікелей қауіп төнеді. Сондықтан біз Украинаны қолдай беруге мүдделіміз деген нарративті басшылыққа алуда.

Трамп
Фото: Tasos Katopodis/Getty Images

Д.Трамп сөздерінде американдық демократияны дамыту мақсаты байқалмайды. Трамп мен үшін АҚШ-тың ұлттық мүдделері бірінші орында деді. Ол бір жыныстық некеге қарсы. Эмигранттардың басына бұлт үйірді. Заңсыз келгендер елден шығарылмақ. Ішкі саясатта американдық азаматтардың құқықтары, экономикалық бостандығы мен әл-ауқатын жақсарту бірінші кезекте. Еуропадағы, Таяу Шығыстағы, т.б. соғыстарда АҚШ қаражатын шашпауы керек дейді. Трамп авторитаризм өкілі екендігі ақиқат. Сондықтан ол Путин, Си Цзиньпин сияқты басшыларға іш тартады ма деген ой келеді. Себебі Трамптың Украинаға қатысты саясаты Джо Байденнің позициясынан бөлек. Украинаны қолдай отыра Байден батыл қимылдарға бармады. Жаңа қаруларды беруді баяулатты. Алысқа ұшатын ракеталар «Атамкс», «Патриот», т.б. Ресей жерін атқылауға рұқсат бермеді. Дегенмен Байден, Харрис, Лоийд Остин сияқты АҚШ басшылары Украинаның Ресейге қарсы соғысын әділетті, азаттық соғысы деп бағалап, айтарлықтай көмек берді. Украина қарулы күштері 3 жылдай 65 млрд доллардай тұратын қару-жарақ, әскери ақпарат, азық-түлік, киім-кешек, оқ-дәрі, т.б. көмектер алып тұрды.

Украина халқы бақытты. Себебі оны Еуропаның мемлекеттері қуатты қолдауда. Олар әр жылда шамамен 40 млрд евро көлемінде УҚК көмек беруде. Германияның өзі ғана 3 жылда 25 млрд евроға жуық әскери көмек бергенін федералды канцлер Олаф Шольц айтты. Тіптен шамасы аз Прибалтика мемлекеттерінің өзі қолда бар қаруларын Украинаға беріп келді. Еуропа Ресей агрессиясының Украина жерімен тоқтамайтындығын біліп отыр. 1939 жылғы фашистік Германияның әрекеттерін 2022 жылғы 22 ақпаннан бастап Ресей қайталауда. Еуропа халқы Ресейдің Украинаға қарсы, туысқан елге жасап отырған агрессиясынан қатты сескенуде. Сондықтан Еуропа басшылары «біз Украинаны қолдай отыра өз қауіпсіздігімізді жасаудамыз» деген қағидаға ден қоюда. Жуырда Еуроодақ дипломатиясының басшысы Кая Каллас ханым «бізге қорғанысқа қаржыны жиынтық ішкі өнімнің 5 пайызына дейін көтеру керек. Себебі Ресей Федерациясы ЖІӨ 9 пайызын қорғанысқа бағыттауда. Қазір Еуропа елдері ЖІӨ 1,5-2%-ын ғана әскерге жұмсауда. Д.Трамп дұрыс айтады, біз соғыс шығындарын көбейтуге міндеттіміз. Ол Еуропаның жалпы қауіпсіздігі үшін ауадай қажет деген пікірін айтты.

Бұл нарративті Польшаның премьер-министрі Дональд Туск те НАТО-ның Бас хатшысы Марк Рютте де қолдайтынын білдірді. Сондай-ақ Урсула фон дер Лян, Роберто Метсола, Марк Рютте, Дональд Туск, Кир Стармер, О. Шольц, т.б. сынды Еуропа басшылары В.Зеленскиймен жиі-жиі кездесуде, бірлескен шараларды шешуде белсенді Украина сарапшылары Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Борис Джонсонның Ресей агрессиясына қарсы Украина халқының соғысын ерекше қолдағанын осы күнге дейін жыр қылып айтуда. Германия мен Францияның да көмектері айтарлықтай маңызды болды. НАТО блогының қару-жарағы Украина-Ресей майданында сыртынан өтуде. Әсіресе әуе шабуылына қарсы қондырғылар, дрондар, ұшқышсыз ұшу аппараттары, заманауи ұшақтар, ракеталық қондырғылар, оқ-дәріні Еуропа мемлекеттері Украинадан аяған жоқ. Тек Венгрия ғана Украинаға азырақ көмек берді. Бұл елдің басшысы Виктор Орбан Ресей президенті В.Путинмен кездесіп, өзінше саясат жүргізбекке ниеттенді. Орбанның бұл әрекеттерін Еуроодақ басшылары ашық айыптады. Венгрия арзан орыс газына қызығушылық танытуын тоқтатар емес. Орбан Украина өз жері арқылы Ресейдің Еуропа елдеріне жіберетін газ құбырларын жаппауы керек деп есептейді. Чехияда да осындай ниет байқалуда. Италия премьер-министрі Джоржиа Миллони бұл соғысты тоқтату қажет деп 1 жыл бұрын жар салған болатын. Екі тарап келісімге келсін. Еуропа соғыстан жалықты деген еді Миллони ханым.

Екі рет дүниежүзілік соғыстардың себепкері болған Еуропа Ресей-Украина соғысының етек алып, басқа мемлекеттерді тартуынан қатты сескенеді. Солтүстік Кореяның 12 мыңдай әскерінің 2024 жылдың қараша айынан бастап Ресей жағында соғысқа енуі соғыс өртінің кеңейе бастауының белгісі деп есептеуге болады. Еуропа тыныштыққа, бейбітшілікке, экономикалық жаңаруға, АҚШ, Қытаймен бәсекелес болатын қуатқа ие болуды қалайды. Сондықтан ұжымдық Еуропа Украинаны қолдауда, оның жеңісін қалауда, бұл соғыстың нәтижесінде Украина тәуелсіздігінен айырылмауы керек деген батыл ұстанымда.

соғыс
Фото: AP

Ресей-Украина соғысы заманауи өзгерістерге толы. Қазіргі соғыстарда БПЛА (ұшқышсыз ұшу аппараты) мен дрондар елеулі рөл атқаратындығын көрсетті. 5-6 мың долларлық дрондар 20-30 млн тұратын танктерді, ірі қару қоймаларын жойып жібере алатындығын көрсетуде БПЛА-лар жүздеген шақырымды ұшып өтіп, қарсылас елдің маңызды нысандарына тиімді соққылар жасауға қабілеттілігін дәлелдеуде.

Бұл соғыстың барысында екі жақ қарсыласының неғұрлым көп әскерлерін жоюға ден қойды. Алайда қарсыластың тірі күштерін өлтіру, неғұрлым көп қыру жеңіске жеткізбейтіндігі белгілі болды. Армияны толтыра беруге болады екен. Ал қауіптісі – сыни инфрақұрылымға соққы беру. Ол дегеніміз, қарсыластардың әскери қоймаларын, жанар-жағармай станцияларын, әуежайларын, әскери штабтарын, ірі командирлерін, электр станцияларын, порттарын істен шығарып отыру. Логистикалық тірегінен айырылған армия мүлдем қауқарсыз болып қалатынын осы соғыс жақсы көрсетті.

Үшінші ерекшелік – барлау қызметінің қарсыластың қадамдарын бақылауды үздіксіз жүргізуі. Бұл ретте электрондық, спутниктік барлау жүйелерінің маңызы арта түсуде. Қарсыластың ірі әскери құрамаларының қозғалыстарын бақылап отыру арқылы болатын шабуылдарға жақсы қарсылық көрсетуге мүмкіндік туады.

Төртіншіден, мемлекеттің ішкі саяси ахуалының тұрақты болуы да маңызды. Ресейде де, Украинада жемқорлық пен парақорлық етек алып отыр. Батыстың берген мол қаржысын украиндық коррупционерлер көптеп жымқыруда. Осы жағдай Украина армиясын әлсірететіні сөзсіз. Ал Ресейде қорғаныс министрлігінде жемқорлықты көріп, бүкіл әлем таңғалуда. Бұрынғы министр С.Шойгудың бірнеше орынбасарлары миллиондаған доллар пайда көріп, істі болуда. Қазіргі қорғаныс министрі С.Белоусов ондағы парақорлармен аяусыз күрес жүргізуде. Коррупцияның кесірінен Ресей қарулы күштері Украинаны және аямай отыр. Киім, тамақ, қару барлығын ұрлайды.

КХДР әскері
Фото: picture-alliance/Kyodo

2024 жылдың қазан айының 13-14 күндері Солтүстік Кореяның 11500 мыңдай арнаулы дайындықтан өткізілген әскерлерін Ресей әскери кемелері мен ұшақтары Владивосток қаласына әкелген. АҚШ билігінің мәліметтері бойынша Солтүстік Корея диктаторы Ким Чен Ын Ресейге 11500 әскерін Украинамен соғыста көмекке берді. НАТО мен АҚШ бұл жағдайда Ресей-Украина соғысындағы жаңа ауыр қайшылықтың басталуы деп есептейді. 3 жылдан бері Солтүстік Корея режимі Путинге ракеталар, қару, оқ-дәрі беріп көмектесіп келген болса, енді тікелей әскерлерін берумен көмектеспек. Бұлай болуын Солтүстік Кореяның Украинаға қарсы соғысқа тікелей қатысуы деп есептеуге болады. Ресейге келген Корей солдаттарына Ресей армиясының киімдері мен жарақтары берілген. Корей әскерлеріне көп мөлшерде жалақы төленбек. Ондай ақшаны корейліктер өз елдерінде мүлдем көрмеген. Алайда корейліктерде соғыс тәжірибесі мүлдем жоқ. Соңғы мәліметтерде Курск облысындағы әскери қимылдарда 300-дей корейліктер мерт болған. 1950-1953 жылдардағы Корея соғысынан кейін екіге бөлінген елде ірі соғыс болған жоқ. Корей диктаторы осылайша өз әскерилерін Еуропадағы соғысқа салып, шынықтырып көрмек?!

3 жылдай соғыста 800 мыңдай әскерилерінен айырылған Ресей диктаторына тың әскери күш керек-ақ. Орыс халқы ұлдарын соғысқа жіберуден қашып отыр. Бұратана халықтардың Путиннің соғысынан қырылып-қырылып, қазір шошынып отырғаны шындық. Осы уақытқа дейін Ресей Украинаға қарсы соғысқа 1 трлн доллар жұмсаған.

Ресей-Украина соғысы қазіргі уақытта ел азаматтарын соғысқа тартудың тым қиындап кеткенін көрсетуде. Жас жігіттер өлімге, мүгедектікке барғысы келмейді. «Отан үшін жанпида» дейтіндер бар, бірақ тым көп емес. Нарықтық экономика психологиясы, индивидуализм идеологиясы, прагматизм барлық мемлекеттердегі адамдардың санасын, ұстанымдарын жаулаған. Осындай жағдайда халықты соғысқа тарту қиын. Украина да, Ресей де соғысқа қатысуға тартқан ер-азаматтардан осындай қарсылықтар көруде. Демек, сарбаздарды соғысқа тартуға мотивация қажет. Әрине, отаншылдық, туған жерді, елді қорғау, әділетті соғыс жүргізу, мемлекет болашағы үшін жанпидалыққа бару деген насихат болуы міндетті. Бірақ заманауи соғыста бұл жеткіліксіз. Сарбаз соғысқа қатысуға материалдық жағынан мүдделі болуы маңызды. Жанын оққа түйген адамға жақсы жалақы төленуі оны жақсы соғысуға жетелейді. Жараланған, өлген жағдайда отбасына өтемақы қомақты төленсе жақсы. Сарбазды әлеуметтік, медициналық қамсыздандырудың тартымды пакеті болған абзал. Әскери адам киімнен, тамақтан таршылық көрмеуге тиісті. Сарбаз, офицер өздеріне мемлекет осындай жақсы жағдайлар туғызса тиімді соғыс жүргізетіні анық.

Зеленский
Фото: AFP

Тек қана алға, Отан үшін жанпидалыққа бар деген ұрандар толық жұмыс істемейді. Осыған қоса, армияда заманауи қару-жарақ болса, ол жеңімпаз болары анық. Өкінішке қарай, Украинаның басқарушы элитасының арасында алауыздық қатты байқалуда. В.Зеленскийдің әрекеттеріне сын айтушылар көбейді. Елдің қорғаныс министрі Рүстем Умеровтің заңсыздықтарға барғандығы туралы да айтылуда. 10 миллиондай босқын болып кеткен украиндықтардың шешілмеген мәселелері таудай. Әсіре күйреуге ұшыраған энергетикалық жүйені және әлеуметтік инфрақұрылымды жамау тіптен қиындай түсуде. Украина халқы соғыстан әбден қажыды. 3 жылғы Ресей агрессиясы Украинаны тек Батыс елдерінің көмектерінің арқасында ғана сақтап тұрған іспетті. 700 мыңдай украиндық әскерлердің қаза болғандығы айтылуда. 19 мыңнан астам украиндық балаларды Ресей алып кеткен. Олардың тағдырлары белгісіз. Барлығы тірі жетімдерге айналды. Соғыстан күйреген шаруашылық, қалалар мен ауылдарды есептесе, Украина шеккен зардап бірнеше триллион доллар болғаны ақиқат. 40 миллионға тарта халқы бар Украина гүлдеп тұрған елден – күйреуге ұшыраған елге айналды. Оған жасалған демографиялық, моральдық, материалдық соққы тым ауыр. Соғыс әрмен қарай жалғаса берсе, Украинаның тәуелсіз мемлекет ретінде өмір кешуі неғайбыл болуы мүмкін дейді сарапшылар. Соғысты тоқтатып, ымыраға келудің қажеттілігін Украина мен Ресей билігі түсінетін уақыт жетті деп ойлаймыз. Тек бейбіт өмір ғана Украинаны қайта даму жолына әкеледі.

Ресей халқы да соғыстан жалықты. Бұл соғыс Ресей шовинистерінің басқа халықтарды басып алу оңай еместігіне көзін жеткізуде.

Сайын Борбасов

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих

және этнология институтының

бас ғылыми қызметкері, саяси

ғылымдарының докторы, профессор