Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:07

Майданда қантөгіс, тылда талқы көбейген 3 жыл

Зеленский, Трамп, Путин
Фото: Reuters/РИА «Новости»

Ресей-Украина соғысына үш жыл толды. Осы уақыт аралығында, Зеленскийдің апта басында Еуропа елдері лидерлерімен кездесудегі бір сөзімен айтсақ, бұл соғыстың «Ресейдің Украинаға қарсы негізсіз, қылмыстық соғысы екенін бәріміз түсіндік».

 Рас, бұл соғыстың жаулау мен басқыншылық екенін о баста-ақ түсінгенбіз, тіпті о баста «арнайы операция» деп атаған Кремльдің өзінің құлағы «соғыс» деген сөзге үйреніп кетті. Украина президентін сәл толықтырсақ, біз осы үш жыл аралығында соғысты бастап жіберудің аса қиын шаруа емес екенін де, халықаралық кепілдіктердің көбі әшейін құжат жүзінде қалып қоятынын да, басқыншы болам деген ел халықаралық құқықтық нормалар мен мемлекетаралық келісімдерді бір-ақ аттап, жоққа шығара салатынын да ұқтық. Және керек болса, соғыстың іргемізде тұрғанын түсіндік.

Осыны дәлелдей түскісі келді ме, соңғы уақытта Украинаны құтқарушы ретінде көрініп келген АҚШ тарапы теріс қарап сөйлей бастады. Бұл, әлбетте, күтпеген жағдай еді. Трамп президент болып келе салысымен (келмей тұрып та) АҚШ-тың Украинаға көп көмек беріп қойғанын айта бастады. Ақыры, Сауд Арабиясында өткен Ресеймен келіссөзге Еуроодақ елдерін, тіпті Украинаны шақырмай қойды. Бұл соғысты тоқтату туралы сценарий қалай өрбиді деп екі жағына кезек қарап отырған Украинаға ғана емес, Еуроодақ елдеріне де ауыр тиді. Тіпті Владимир Зеленский бастап, әр ел өзі берген көмегін жіпке тізіп, бұл соғыста Украинаға қолдау білдіріп жатқан тек АҚШ қана емес екенін көрсетіп қалуға тырысып жатты. Еуропаның Украинаны жау қолына тастамауға АҚШ-тан гөрі мүдделірек екенін көрсеткен бір сәт болса, ол осы 3 жылдықтың аяқталар тұсы болды.

Осы апта басында БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің жиынында АҚШ Ресейді айыпты деп танудан бас тартты. Ресейдің агрессор ел екені туралы қарарға қарсы дауыс беретін Ресейдің өзі және Беларусь болатыны айтпаса да түсінікті жайт еді, осы тізімге АҚШ-тың қосылып кетуі, қалай болғанда да, күтпеген оқиға болды. Дегенмен АҚШ-тың бұл қарарға қарсы дауыс беретіні бұған дейін де белгілі болып қалған. Трамп тіпті бұл қарарға дауыс беру басталмай тұрғанда-ақ оны күн тәртібінен алып тастау туралы әңгіме көтерген және G7 елдерінің соғысқа қатысты бірігіп жасаған мәлімдемесінен «агрессор Ресей» деген сөзді алып тастауды талап еткен. Бірақ АҚШ бастаған 18 мемлекет айыптамады екен деп тоқтап қалған ешкім жоқ, Ресей агрессиясын айыптайтын қарар қабылданды. Қазақстан әдеттегідей қалыс қалғандар қатарында. Бұл тізім де үлкен – 65 мемлекет. Сөйтіп 93 дауыспен қарар қабылданды.

Киевте өткен жиынның шұғыл шақыртылуы осы қарармен тұспа-тұс келді. 13 мемлекеттің басшылары арнайы келген, 20 шақты мемлекет онлайн қатысқан бұл жиыннан кейін әлем Украинаның соншалық үмітсіз емес екеніне көз жеткізгендей болды. Әйтпесе, соңғы уақыттарда Дональд Трамптың мәлімдемелері шынында көп нәрседен үміт үздірердей болып тұрған. Ресей Украинаның төрт облысын қосып алып, мектепте география пәні оқулығына енгізіп қойған тұста Трамптың «Украина Қырыммен қоса Донецк, Луганск, Херсон, Запорожье облыстарынан мәңгіге айырылды» деп жар салуы Украина үшін үлкен салмақ еді. АҚШ осымен тоқтайық деген сыңай байқатып қана қоймай, Зеленскийдің өзін кінәлап жатыр. Трамп Зеленскийді диктатор деп атады, қызды-қыздымен «тіпті оның елі болмай қалуы мүмкін» деген сөз айтты. Бұл Украинаның тәуелсіздігіне күмән келтірген өте ауыр сөз болды. Одан кейін «Путин қаласа тұтас елін тартып ала салар еді» деп Путинді мақтап, тағы күйдірді.

Осының бәріне қарамастан «Трамп ойын жүргізіп отыр, ертең картасын ашқанда көресіңдер» деген сарапшылар да шығып жатыр. Бірақ Трамптың «ойыны» тым шығандап кеткен сияқты. Даниямен Гренландия бойынша, Канадамен «51-ші штат» бойынша, Еуропамен баж салығы бойынша ырылдасып жатыр. Оның сыртындағы толып жатқан оңды-солды мәлімдемелер Трамптың абыройын түсіріп-ақ тұр. Оған дауыс бергеніне өкініп жатқандар да бар. АҚШ-тағы сауалнамалар оны қолдайтындардың 50 пайызға жетпейтінін көрсетіп жатыр. Мұның ақыры импичментке әкелуі мүмкін бе? Әлем әзірге мұндай тақырыпты талқылауды бастаған жоқ. Осылай жалғаса берсе, жақын арада бастап қалуы да ғажап емес.

Соңы не болары белгісіз, бірақ осының бәрі батысқа үмітпен қарап отырған, қарап келген Украинаға оңай тиіп жатқан жоқ. Ол енді соңғы кезде күрт белсеніп, аймақтық мүдде үшін біріге бастаған ЕО елдеріне көбірек үміт артады. Оның үстіне, Еуропа мен АҚШ арасы шиеленісе түскен сайын ЕО тарапы Украинаға тиімді мәлімдемелер жасап жатыр. Мәселен, Еуроодақ төрағасы Антониу Кошта «ЕО Украинаға берген көмегі үшін Киевтен ешқандай табиғи ресурс талап етпейді» деді. Трамп бұған дейін «ЕО-ның берген көмегі қайтады екен де, біздікі қайтарымсыз болады екен, бұл дұрыс емес» деп, қаржы министрі Скотт Бессентті Киевке жіберген. Зеленский оның қолындағы Украина қойнауындағы сирек кездесетін минералдар мен стратегиялық ресурстардың 50%-ын беруді талап еткен құжатқа қол қоймай қайтарып жіберген. Осы кездесуде Зеленский Скоттқа дауыс көтеріпті, айғайлапты деген ақпараттар желдей есіп тұр. Айғайласа да, басқа қылса да, Зеленский АҚШ-тың талабын зорлық деп бағалап, қабылдаудан бас тартты. Содан бері бұл құжатқа АҚШ пен Украина ғана емес, бүкіл әлем көз тігіп отыр (Путин де «ондай жер қойнауындағы байлық бізде де бар» деп шықты). Соғыстың біту-бітпеуі осыған тіреліп тұрғандай бір кеп. Қаржы министрі бос қайтқан Трамп осыдан кейін тіпті өршеленіп, «келіссөзге қол қоймаса Украинаның проблемасы көбейеді» деп салды. ЕО басшысының сөзі осыған қарсы айтылған жауап болатын.

Трамп осылай ала-құла сөйлеп, алақұйын болып жүргенде Эмманюэль Макрон белсеніп шықты. Франция президенті тіпті АҚШ-қа дейін барып келді. Трамптың тізесіне қойған қолын «қағып» тастаған Макрон, Украина тақырыбына келгенде қатқыл сөйлесті. Оның алдында Ұлыбритания премьері Стармермен бірігіп, Украинаға 5 млрд еуроның қаруын жөнелтетіндерін айтқан, артынша бұл цифр 20 млрд-қа жетті. Кейін Венгрия бұл цифрды 40 млрд-қа жетеді деп дабыл қақты. Макрон осы күні тіпті қоймадағы қаруды түгелге жуық берейік, қалғанын өндірейік, әйтеуір Украинаға жөнелтейік деп, бүкіл Еуропаны бірігуге шақырып жатыр. Соған қарағанда бұл соғыстың тағы бір қаһарманы туып келе жатқан сияқты.

Макрон тіпті G7 елдерінің саммитіне Трамптың кабинетінде отырып қосылды. Тілшілердің сұрағына да қатар отырып жауап берді. Осы отырыста Трамптың кейбір тезистері жұмсарғандай көрінді. Мәселен, Ресейдің Еуропа әскерінің Украинаға орналасуына қарсы еместігі және Украинаның оккупацияланған жерлерінің бір бөлігін қайтарып алатыны жайлы айтты. Осыған қарап, Трамп расында Путинмен келіскен екен ғой, ойын ойнап жүргені рас болғаны ма деп, сеніп қала жаздағанбыз. Бірақ Трамптың өтірігін кеше ғана Ресей Сыртқы істер министрі Лавров шығарды. Ол Ресейдің территория жөніндегі ұстанымын айтып, жер қайтарып беру туралы келіссөз мүлде қарастырмайтынын және Еуропа бітімгершілік күштерінің Украинаға кіруіне үзілді-кесілді қарсы екенін айтты. Соған қарағанда Трамптың Путинді іш тартып, біреулер айтып жүргендей «жүргізіп жатқан ойынынан» ештеңе шықпайтын түрі бар. Алақұйын Трамп мына мәлімдемеден кейін өтірігін шығарған Путинмен жүз шайысып шыға келуі де ғажап емес.

Құлағымызды «соғыс» деген сөзге әбден үйретіп тастаған текетірестің 3 жылдығы қарсаңында Трамп бастап, өзгесі қостап, Ресей-Украина соғысын біраз жерге апарып тастады. Бірақ майдан даласында өзгеріс жоқ. Соған қарамастан, Еуропа Украинада ұрыс қимылдары тоқтаған соң кім не істейді деген сияқты сұрақтарды талқылауды бастап кетті. Әуе ұшақтары арқылы барлау жүргізейік, әуе күштері коалициясын құрайық, бітімгершілік күштерімізді (30 мың әскер) жіберейік деп жатыр. Соғыс аяқталмайтын сценарийге де дайын, агрессия жалғасса не істейміз деген мәселеде де қамсыз емес.

Не де болса, ЕО АҚШ-тың аузын бақпай, өздігінен қимылдай бастады. Олар тіпті АҚШ санкциясын алса, біз тағы қосамыз деп, Ресейге қарсы 16-шы санкция пакетін жариялап тастады. Ал Украина қару жасауды меңгеріп келеді – миллиондап дрон (ұшатын, суасты дрондары) шығарып жатыр, жүздеген артиллерия жасап шықты. Және оның сыртында оқ-дәрі, қосымша керек-жарақтардан бөлек заманауи соғыс тактикасы бойынша да ілгерілеу көп. Трамптың тосын мінезі Еуропаны біріктіре түсті, сондықтан Украина алғашқыдағыдай емес, өз талаптарын батыл қойып жатыр.

Олжас Сламжан