Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:15

Майдангер әйелдің жүрек шежіресі

Светлана Алексиевич
Светлана Алексиевич, Фото: Reuters

Ақ жолдан айнымай келе жатқан кіршіксіз тағдырға әлдебіреулердің өзіндік бейшара танымымен, ақымақтығымен, ойсыз тоғышарлығымен қойып кетіп, былғап ойраңдап және соны ерлік көретіні – адамзат жаралғалы бері келе жатқан дерт сияқты.

 Адамның ішіндегі «адам» не нәрсеге көбірек ұмтылса, сонысы ақыры көрініс бермей қоймайды екен. Ашу мен билікке деген шексіз ынтызарлықтың түбі қай заманда да соғысқа әкеп соққаны мәлім. Жазушы Светлана Алексиевичтің «Соғыстың сұрқы әйелге жат» атты шығармасы дәл осы ескі жараны қайта тырнап, санамыздың көлеңкелі бұрыштарында қатып-семіп қалған дәл осы ақиқатты қайта жарыққа алып шыққан сыңайлы. 2015 жылы Нобель сыйлығын алған бұл туынды – соғыс шындығын қаз-қалпында баяндайтын қатардағы әдебиет емес, шығарма – соғысты көрген әйелдердің ішкі қасіретінен құралған жүрек шежіресі. Байқасақ, жазушының бұл тақырыпқа қалам сілтеуі бекерден-бекер емес. Жазушының шығармашылық жолына көз салсақ, Светлана Алексиевичтің өзі де соғыс туралы естеліктер мен әңгімелерге әбден қанығып өскен. Нобель сыйлығын алғаннан кейін дәріс оқыған сәтінде жазушы жұртшылықтан тайсалмай: «Мен бізді жас кезімізден өлуге үйреткен елде тұрдым. Ажалды мойындауды үйретті. Бізге адам өзін тұтастай беріп жанып кетуге, өзін-өзі құрбан етуге жаратылған деп айтатын. Мылтық ұстаған адамды сүюді үйрететін. Егер мен басқа елде өссем, онда әлгі жолмен жүре алмас едім» деп көзқарасын ашық білдіріп, ойын әлемге әйгіледі. 

Соғыс тақырыбында жазылған бізге таныс көп шығарма майдандағы «ерлер» туралы ер жазушының көзқарасымен жазылғаны жасырын емес. Әдетте майдангер әйелдердің хал-жайы мен хикаясы оқырман назарынан тыс қалып жатады не тыл жұмысындағы әйелдер тағдыры төңірегінде ғана қалып қояды. Сол үшін де беларусь жазушысы соғыс майданындағы, мылтық ұстап, қан кешкен батыр әйелдің үнін оқырманға жеткізуді өзіне басты парыз санады. Жазушы бұл жолда әдетте біз ұрандата беретін батырлық пен ерлікті емес, мың қатпарлы адам жанының көлеңкелі тұсында бүгіп жатқан ең елеусіз «кішкентай» адамдар тағдырын, анығында, әйелдер тағдырын жазуға бел буады. Шығармада өмірді көркем шығармаға тән пафос пен көркемдік идея тұрғысынан емес, мейлінше «жалаңаш» көрсету, әйелдің ішкі дүниесіндегі арпалысқан сезімді, сырды көрсетуді басты мақсат тұтты. Сондықтан Нобельді иеленген бұл шығарма сол дәуірді, уақытты жалаңаштап, адамдарының ішкі әлемін «теріс аудара» көрсеткен шыншыл да шебер шығарма екеніне күмән жоқ.

Бір қарағанда бұл туынды әдеттегі классикалық романдардан өзге, мұнда жалғыз бір кейіпкер, сюжет сызығы, тіпті ойдан шығарылған көркем оқиға желісі жоқ. Оның орнына біз ондаған, жүздеген әйелдің дауысын естиміз, әрқайсысы жеке тағдыр, әр тағдыр – тарихтың үзілген бөлшегі. Автор осы бөлшектерден үлкен бір мозаика құрастырады. Әр әйел – куәгер. Бірақ олар куәлік еткен шындық ресми тарихқа енбеген, бұл – көмескіде қалған, ұран мен айғайғай көмілген, мойындалмаған, мойындатылмаған шындық. Ең әуелі «Соғыстың сұрқы әйелге жат» деген шығарма атауы арқылы Алексиевич әйел табиғаты мен соғыс табиғатының мүлде кереғар екенін алға тартады. Әйел – өмір тудырушы, махаббат пен мейірім иесі. Соғыс – зобалаң, қырғын, өлім мен қайғы әкелуші. Бұл екеуінің түйісуі – табиғат заңдылығына қарсы құбылыс. Бірақ тарихта бұл заңдылық сан мәрте бұзылды. Осының нәтижесінде дүниеге келген үн – осы кітап. Шығарманың құрылымы полифониялық сипатқа ие. Бахтиннің полифониялық роман тұжырымдамасымен байланыстыра отырып айтсақ, Алексиевичтің туындысы – көп дауысты, әрқайсысы жеке өмір сүретін, әр үні мағыналы және бірегей бітімге ие дербес кейіпкерлерден тұратын дүние. Әр әйелдің әңгімесі – шағын драматургия, қысқа, бірақ толыққанды өмір.

Светлана Алексиевич Нобель сыйлығын иеленген тұста «публицистикалық ортақол шығармаға» атақты сыйлықты табыстаған Швед академиясын жазғырғандар көп болды. Тіпті кейбірі бұл сыйлықты саясаттың ойынына балады. Қалай десек те, Алексиевич аталмыш туындысына тұп-тура жеті жылын арнаған. Әдебиет бойынша Нобель сыйлығының лауреаты майдангер қыздарды іздеп, олармен тілдесіп, бірнеше блокнот пен сансыз магнитофон кассеталарын түгелдей соғыс туралы естеліктер мен оқиғалар тізбегіне толтырған екен. Мұны жазушының өз сөзімен айтсақ, магнитофонға түскен «парақтарда» қан майдандағы қыздардың тарихы мен сыры, не істеп, не қойғаны, соғыс біткеннен кейінгі адам тағдыры бүкпесіз сайрап тұр. Жазушы майдандағы қыздардың рухын қаламына көшірді. Романды оқып отырып, адамзат қоғамы осындай қанға бөгіп, қатыгездіктің алаңына айналған соғыстың бір емес, екеуін бастан қалай өткерді деген ұлы сұрақтың торына шырмалып, соған жауап іздеуге тырысасыз. Әуел басында соғысты көріп, от ортасында қалған көп әйел жауап беруден, өткенді еске алудан қорыққан екен. Арада қанша уақыт өтсе де, кейбірі «артық айтып қоямын ба» деген күдікпен ішіндегісін бүгіп қалған. Бірақ жазушының ең аяулы қасиеті – оның сезімталдығы емес пе? Қаламгер кейіпкердің үнінен, шындығын сөзсіз ақтара салған жанарынан бәрін байқап қоятынын айтады. Кітаптың алғашқы нұсқасы Перестройка кезінде жарық көрген тұста заман да бір қалыпқа түсе бастағандай еді, ақыры көп кейіпкер шындықты ашық айтуға мүмкіндік алды. Естеліктерінде кітаптың алғашқы басылымынан кейін жазушыға мыңдаған хаттар ағылып келе бастағанын, сөйтіп кітаптың өзі де қайта жазылып, толықтырылғанын айтып өтеді. Кеңес цензурасының кезінде алып тасталған тұстар кітапқа қайта енгізіліп, жаңа кейіпкер мен естеліктер, толықтырылып, қосылды. Жазушының ең алғашқы ізденісі Минск қаласының шетіндегі үш қабатты үйде басталған еді. Бұл үйде зейнетке енді шыққан Мария Морозова тұратын. Өзінің елеусіз өмірінде ешкімге зияны не пайдасы жоқ қарапайым ғұмыр кешіп жатқан бұл әйелдің бір кездері соғысқа қатысып, жетпіс бес немісті өлтірген снайпер болғанына біреу сенсе, біреу сенбес. Қай кейіпкер де әңгімесін «еске түсіргім келмейді...» деп бастағанымен, өткенді еске салар естелік тиегін ағытып жіберсең болды, арғы жағынан арнасынан тасырдай боп іркілдеп тұрған аңсар мен арманды, үміт пен үрейді көресің. Жазушы кітаптың күнделігінде: «XX ғасырдың ең сұрапыл соғысында әйелге жауынгер болуға тура келді. Ол тек қана жаралыларды құтқарып, жарақаттарын таңып қана қойған жоқ, мергендік танытып оқ атты, бомбылады, көпірлерді де қиратты, барлауға да барды. Не керек, әйел адам өлтіруге мәжбүр болды. Ол өзінің туған жеріне, үй-жайына, бала-шағасына адам айтқысыз қастандықпен тарпа бас салған жауды жоюға кірісті» деп жазады. Осы жүздеген әңгіме Светлана Алексиевичке... жоқ, шындығына келгенде, күллі оқырманға ең қарапайым шындықты ашып берді. Соғыс – бала кезден құлағымызға жатталып өскен «Жеңіс!» деген жалғыз ауыз сөзбен шектелмейді екен. Анығында, соғыс деген ерлік туралы аңыз я әпсана да емес, ол – ең үлкен тарихи трагедияға заманы лақтырып жіберген кішкентай адамдардың тағдыры.

Ескі тәмсіл «соғыста жеңімпаз болған емес» дейді. Адам баласы қолына қару алып, майданға аттануының өзі – ақыл мен сезімнің, ар мен адамгершіліктің жеңіліс табуы. Автор бір сұхбатында: «Соғыстың сұрқы әйелге жат» кітабымның көптеген қаһармандары, жеңіс – айтуға және еске алуға тұрарлық дүние емес дейтін. Айтуға және еске алуға тұрарлығы – қалай адам болу керегі мен қалай адам өлтірмеу керегін білетін тәжірибе ғана. Адамдарға осыншама көз жасы, осыншама қайғы-қасіреттерден кейін соғыс ендігәрі ешқашан болмайтындай көрінеді» дейді. Тарих беттері адам баласы жалаң қолмен от көсеп, оққа ұшырайтын сұм соғыстың әлемге тек нәубет пен апат алып келетінін әлдеқашан дәлелдеп өтсе де, бүгінгі жаһанданған дәуірдің өзінде мемлекеттер арасындағы соғыс пен қақтығыстар тоқтаған емес. Негізі кез келген дамыған ел үшін ең басты капитал – адам өмірі. Сәйкесінше, «мемлекет пен бүкіл игілік – адам үшін» идеологиясымен өмір сүретін қоғам бақытты. Алайда біздің қоғам «адам – мемлекет үшін, сен еліңе не бердің» дейтін кеңестік идеологияның сарқыншағынан арыла алмай келе жатқан сияқты. Көзін тырнап ашқаннан осы таным-түсінікпен өмір сүрген ұрпақ «соғыс» деген сұрқылтайдың зардабын әлі күнге тартып келе жатыр. Соғыс дегеніміздің өзі де – адамзат баласының болашаққа деген асқақ арманын күл-талқан қылып бұзатын өктем де өткір кесапат. Сезіміңді таптап, болашағыңа балта шабатын сұрқай соғыстың салдары ешкімді айналып өте қоймасы анық. Бұған осы күнге дейін адамзат баласының жүріп өткен жолы, көрген қасіреті айқын дәлел. Соғыс тақырыбында адам трагедиясы екі тарапқа да ортақ, десек те, бүгінгі ақыл мен ойдың заманында не үшін мемлекет арасындағы қақтығыстар әлі күнге жалғасын тауып келе жатыр деген сұрақ ойыңа орала береді.

1

Соғыстың азабы мен қасіретін біле, түйсініп тұрып, өрімдей жас қыздар соғысқа неге өз еркімен аттанды? Шығармада оқырман жазушымен бірге дәл осы сұраққа жауап іздейді. Оқып отырып бұл романды майдангер әйелдердің соғыс туралы естелігі екеніне көзіңіз жетеді. Сұрапыл соғыстың жүздеген көзі тірі куәгері әртүрлі оқиғаны баяндаудан жалықпайды. Бір ғажабы, соғыс олардан бәрін алса да, есте сақтау қабілетін жоя алмапты. Бәрі майдан даласын күні кеше болғандай қаз-қалпында, уақыты, мекенжайымен қоса тізбектеп айтып берген. Сол кезде дүниенің құбылғаны соншалық, үй шаруасында жүрген аналар, оқуда жүрген, емтихан тапсыруға дайындалып жүрген жап-жас қыздар қас-қағым сәтте майданға аттанып, суық қару ұстап, жауды жайратуға ниеттеніпті. Арман-тілегі мен жастық жалынын ысырып тастап, ұзын бұрымдарын қиып, ерлерше киінген жас қыздардың Отанға адалдығы оларды майдан шебіне айдап апарды. Бұл кітапта соғыстың біз білмейтін сұмдықтары айтылғанда, денең түршікпеуі мүмкін емес. Екі рет контузия алып, екінші рет жерден қазылып алынғанда, шашы аппақ қудай болып ағарып кеткен кейіпкердің өмірі туралы ойлаудың өзі үрейлі һәм аянышты. Ал мерген, ефрейтор Мария Ивановна Морозова (Иванушкина): «Менің тамаша бұрымым бар еді, мен оны мақтан ететінмін. Иә, екінші есіктен соны қиғызып шықтым...Көйлегімізді де тастадық. Анама не көйлегімді, не бұрымымды беріп үлгермедім», - дейді. Соғыстың қыздарға берген алғашқы «сыйлығы», міне, осындай. Жазушы шеберлігі де сол, оқып отырып жан-жүйкеңді шымырлатар осындай ауыр сәттерді аса сезімталдықпен, трагедия жасамай-ақ, баппен шағын эпизодтармен беріп отырады. Соғысқа әйелдер Сталин үшін аттанды деу жаңсақтық болар, әйелдер анығында соғысқа болашақ балалары жау қолында тізе бүгіп өмір сүрмеу үшін аттанып кетті. Жазушы кейіпкерлері соғыс мұнша ұзаққа созылады деп ойламағанын айтады. Кітаптағы қай әйел де соғыс күзде бітеді деп ойлағанын жеткізеді. Кеуделерінде сенім мен үміті әлі өше қоймаған еді. Майданның қақ ортасында жүріп те әтір мен көйлек жайлы ойлайтын. Бірақ шындықтан қашып құтылған кім бар? Жазушы сөз арасында осы романның басты идеясы қайда жатқанын да айта кетеді: «Соғысқа мына біздің, әйелдердің көзімен қарасаң, ол бұрынғыдан да қорқыныштырақ болып көрінеді», - дейді роман кейіпкері санинструктор, сержант Александра Иосифовна Мишутина. Бүкіл соғысты кешіп өткен, содан соң тұрмысқа шығып, үш бала туған, ендігіде немерелерін мәпелеп отырған осынау қарапайым әйелдің дәл осы сөзінде Нобель сыйлығын иеленген үлкен шығарманың басты идеясы жатқан сыңайлы. Ең қызығы, Алексиевич деректі материалдардан әдеби мәтін жасайды. Бұл – журналистика мен әдебиеттің түйісу шегі, бірақ ол шек жаңаша бір бағытқа – деректі көркем прозаға бастап апарған сыңайлы. Алексиевич әлемге осы бағыттың шебері ғана емес, соны қалыптастырған қаламгер ретінде танылды десек те болады.

Жазушының қойындәптеріне түртіп алған майдангер қыздардың естеліктерінің көптігі сонша, әр кейіпкерінің артында тағы бір әйел өз оқиғасымен, тек өзі білетін шындығымен кезегін күтіп тұрады. «Соғыс туралы мен де айтайыншы» деп өтініш айта бастайды. Сол үшін қаламгер соғыс хақындағы естеліктерді кейіпкерлер аузынан жазып алған магнитофонын «қинау құралы» деп атайды. Неге дерсіз? Ол кейіпкер аузынан естіген қан майданның қатыгез оқиғаларын үйіне қайтып барған соң қағазға түсіру барысында тағы қайталап естиді. Сосын соғыс оның миында, ойында, ақ қағазының бетінде қайтадан көрініс табады да, әбден асыр салады. Дегенмен жазушы әр әйелдің әңгімесін кезек-кезек тізе беруді кенет тоқтататын тұсы бар. Автор ендігіде майдан шебіндегі түрлі мамандық иелерін таңдауға қарай көшеді. Мәселен, Нина Вишневская Курск шайқасының ең шешуші кезеңінде танк бригадасының санитарлық инструкторы боп қызмет атқарған. Әдетте танк әскерінде санитар қыздардың жүруі тым сирек жағдай. Мұнда көбіне-көп ер адамдар қызмет атқаратын. Нина жазушы-журналиске майданға жету жолындағы қасіреті мен азабын түгел баяндап береді. Осы әңгімеден соң Алексиевич айтқанын магнитофоннан қағазға түсіріп, хатпен Нинаға жібереді. Бірақ Нина жазушының мәтінінен күлкілі сәттерді, жүректі елжірететін нәзік тұстарды түгел сызып тастайды. Ол ұлына соғыстың осы бір шындығын көрсеткісі келмеді. Ол үшін ұлының алдында батыр, өр тұлға болып қалу маңыздырақ еді. Бұл – арын бәрінен биік қойған әйелдің болмысы еді. Мәскеуге, анығында, Вишневская тұратын қалаға бара жатқан жолда жазушы пойыз купесінде серіктес жолаушылармен әңгімелесіп кетеді. Ең қызығы, екеуі де соғысқа қатысқан: бірі – сапер, екіншісі – партизан. Қос жолаушы да әйелге соғыста орын жоғын қайталай береді. Егер әйел медбике боп, жаралыларды құтқарса – бөлек әңгіме. Ал қолына мылтық ұстаған әйелді түсіну де, кешіру де қиын. Майдандағы қыздарға сарбаздар әдетте қарындасындай, құрбысындай қарайтын. Сол үшін бе екен, әйтеуір оларды әйел ретінде сүю, сезім білдіру сирек жағдай еді. Соғыс біткен соң да майдангер әйелдер бұрынғыдан да осал, қорғансыз күйге түсті. Тылда қалған әйелдер от кешіп келген қыздарды «соғысқа күйеу іздеп кеткен» жеңілтекке балады. Соғыста қару ұстап, ал соғыс аяқталғанда, өткен өмірлерімен күрескен қыздардың басым көпшілігі көйлек, туфли кигенді жаны қаламайтын күйге түскен. Неге? Соғыс біткенімен, олардың санасындағы соғыс әлі жалғасып жатыр. Олар енді неміспен емес, өздерінің ойымен, өткен күндерінің елесімен соғысады, байыз таппай арпалысады. Санаға түскен жарақаттың бірін жеңсе, келесі біреуі сопиып шыға келеді. Олар үшін бұл мәңгілік соғыс болмақ.

Соғыс біткен соң, майданнан оралған қыздардың өмірі тіптен күрделі болғаны да романда мейлінше шынайы суреттеледі. Олардың соғысқа барғанына тіпті кейбіреулер күдіктене қараған сияқты. Өйткені соғыс – әйелге жат. «Мен кәбеңкеге отырдым, ол менің шабаданымды қорапқа орналастырды. Менің формамды, наградаларымды көрді.

– Неше немісті өлтірдің? – деп сұрайды.

– Жетпіс бесін.

Ол сәл кідірді де, күлімсіреді:

– Өтірік соқпа, бірде-бірін көрген жоқ шығарсың, сірә!». Туған ауылына соғыстан аман оралып, жолда кезіккен көлікке мінген солдат қыз бен шопыр жігіттің әңгімесі осылай басталады. Қысқа ғана диалогта немістерге деген өшпенділіктің оты қайнап тұр. Төтесінен «неше немісті өлтірдің» деп сұраудың өзі адам үшін қаншалықты оңай не қиын.

Бір қызығы, әйелдердің өзара айтысатын әңгімелері мейлі қай жерде де өзгермейді екен. Сол баяғы үй ішін, туыс-туғаны, аналары мен әкелері туралы айта беретін сияқты. Тіпті соғыста жүріп те. Қан майданда да олардың әңгімелері осы тақырыпта өрбіген. Әрекеттері де сол қалпында қала бермек. Жазушы бұл құбылысты өз кейіпкерінің аузымен: «Соғыс қыздардың ештеңесін де өзгертпепті. Бірде Алманиядан қайтып келе жатқанда, әлдекімнің сөмкесінен тышқан атып шыққанда, қыздардың баршасы секіріп-секіріп түсті, жоғарғы полкадағылар болса, бақырып жатыр. Бізбен бірге қайтып келе жатқан капитан таңғалды: «Әрқайсыңның омырауыңда орден бар, сонда тышқаннан неге қорқып отырсыңдар» деп суреттейді. Бұл – табиғаттың, күллі адамзат болмысының бұлтармас шындығы. Біз оқып шыққан Светлана Алексиевичтің романындағы кейіпкерлердің көбі «Біз соғысқа дейін бақытты өмір сүріп едік» деп өкіне тіл қатады. Әрине, олардың атасы, әкесі, бауыры, тіпті өзі сол соғыстың зардабын тартты. Жастық көктемдері соғыс даласында өткен қыздардың көбі соғыстан кейін қоғамнан ажырап, елден бөлектеніп қалған, тіпті кейбірінің тұрмысқа шыққысы, бала сүйгісі де келмеген. Бұл майданның адамзатқа берген «сыйының» жаңаша түрі.

Соғыс адамдарды бір-бірінен айырады, бөлектейді, психологиялық тұрғыда әбден әлсіретеді. Соғыстың алғы шебіне барған жауынгерлерден қатардағы кір жуушы болып істеген қыздарға дейін сөйлесіп, әңгімелескен жазушының бұл романы тірі куәгерлердің соғысқа деген көзқарасын білдіреді. Қалай десек те, соғыс деген жалғыз сөзге сан миллион адамның тағдыры, ондаған мемлекеттің мүддесі сыйып тұр. Жазушы осы романы арқылы соғысқа қатысты қатып-семген түсініктерге нүкте қояды. Бұл роман Алексиевичтің басқа шығармаларына қарағанда қиынырақ әрі өзгеше десек те болады. Өйткені ол қатыгездік пен нәзіктіктің арасындағы әлемді бір араға тоғыстыруды, елдестіруді көздеді. Сонымен бірге қанды ұрыс алаңында да адамның абыройын сақтауға деген шексіз ұмтылысы мен үмітін көрсеткісі келді. Осы екі жауапкершілікті де жазушы артығымен орындай алды. Ең бастысы, әйелдің жаны мен әлемі тек осалдықтан тұрмайтынын күллі әлемге тағы бір дәлелдеп берді.

Ақгүлім Ерболқызы