Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:30, 08 Қараша 2023

Майысқақ Макрон, ресейшіл Орбан және бір атаның балалары

Макрон
Фото: из открытых источников

Өткен аптада Астана «қонақ күтіп шаршады». 1 қарашада Франция президенті Эмманюэль Макронды, ертеңінде оның ізін баса келген Венгрия премьер-министрі Виктор Орбанды қабылдаған Ақорда сол екпінмен жұма күні Түркі мемлекеттері ұйымының саммитін өткізіп бір-ақ тоқтады.

 Макрон сапарында сауда-саттық, қазба байлықты игеру, инвестиция тарту мазмұны басым болса, Түркі мемлекеттері басшыларының жиынында бірлік, бауырластық туралы көп айтылды.

Макрон
Фото: akorda.kz

АСЫҚ АТЫП, АҒАШ ЕККЕН МАКРОН

Франция президенті мінген ұшақ Нұрсұлтан Назарбаев әуежайына қонғанда жапалақтап қар жауып тұрған. Ресми сапармен келе жатқан мәртебелі мейманды күтіп алу премьер-министр Әлихан Смайыловқа тапсырылыпты. Жалаңбас тұрған соң суықтан ба, әлде жаһанның геосаяси аренасында аузы дуалы саясаткердің бірін көргеннен кейін бе, ол жағы түсініксіз, Смайыловтың құлағы ұшына дейін қызарып кетіпті. Траптан түсе қалған Эмманюэль Макрон ешкімді жатырқамады. Астананың ызғарлы желі бетін шымшып, шашын желбіретсе де, ұлпа қар жүзін жауып, кірпігіне қонса да Франция президенті сыр алдырмауға тырысқандай, бәрімен жылы амандасып, Смайылов сілтеген бағытқа қарай жүре берді.

Мамырда Ұлан-батырға мемлекеттік сапар жасап, қазан айының басында Моңғолия президентін қабылдап, уран кеніштерін игеруге келіскен Макронның Қазақстан мен Өзбекстанға қарашадағы сапарын да батыс басылымдары осы энергетика саласымен байланыстырды. Сапардан бір күн бұрын 31 қазанда жариялаған мақаласында Bloomberg агенттігі Африка құрлығындағы Нигер республикасында шілдедегі әскери төңкерістен соң Франция ядролық отын тапшылығынан қауіптене бастағанына назар аударған. Өйткені Нигер Францияның атом электр станцияларына қажет отынның 10 пайызын беріп келген ел. Алайда Париж демеп, қолдап отырған үкіметті армия генералдары қуып шығып, билікті тартып алған соң Нигерде Францияға қарсылық күшейген. Тіпті тамыз айында нигерліктер елшілік ғимаратына шабуылдап, дипломаттарға қатер төнгенде Париж ол жақтағы адамдарын түгел әкеткен. Францияның ядролық отын өндірумен айналысатын Orano компаниясы да Нигердегі жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған. Нигердегі қазіргі көңіл күйге қарағанда олар француздарды жақын арада жолата қоймайтынға ұқсайды. Олқылықтың орнын толтыратын елдер енді Қазақстан мен Өзбекстан. Orano бұл екі елде бұрыннан бері жұмыс істейді. Енді соның күш-қуатын еселеп, өндіріс ауқымын кеңейту маңызды. Ресми мәліметке сүйенсек, қазірдің өзінде Франция өзі тұтынатын уранның 40 пайызын Қазақстаннан алады. Жалпы, Қазақстан – Еуропаға ең көп уран жіберетін ел.

Макрон
Фото: akorda.kz

Bloomberg мақаласында «Макрон сапарының тағы бір мәні – Орталық Азияға Ресейдің ықпалын азайту» деп айтылады. Ресей Украинамен соғысып, әлек боп жатқанда ОА елдерінің басшылары жетектесіп биыл Қытайға, АҚШ-қа, Германияға барып қайтқан. Қазба байлығы мол, орналасқан жері стратегиялық мақсатқа пайдалануға қолайлы аймақта батыс елдері үшін «жаңа мүмкіндік көрініп тұр» дейді агенттік.

Осы тұста айта кететін бір жайт, қазақстандықтар Bloomberg мақаласының мазмұнына емес, тақырыбына «ренжіді». Мақала – «Уран әрі жаңа дос іздеген Макрон Путиннің арт жақтағы ауласына қонды» деп аталады. Агенттік мақаласының сілтемесі тұрған әлеуметтік желідегі парақтарға жан-жақтағы қазақтар наразылық пікірлерін қарша боратты. Пікір қалдырғандардың ойын жинақтап келгенде, «агенттік «Путиннің артқы ауласы» деу арқылы 30 жылдан бері тәуелсіз, өз билігі өзінде бар елді қорлады» дегенге сияды. Инстаграм мен твиттерде жүздеген оқырман айбат шегіп, тақырыпты өзгертуді талап етсе де, авторды айыптап, балағаттап жатса да Bloomberg міз бақпады. Тақырыпты да өзгерткен жоқ, кешірім де сұрамады.

Макрон сапары тұсында Қазақстан мен Өзбекстанға Ресейдің ықпалы тақырыбындағы мақалаларды батыстың өзге басылымдары да жазды. Францияның Le Monde газеті «Макрон Орталық Азияны Қытай мен Ресейдің, Түркияның уысына беріп қоя салмайды» деді. Ұлыбританияның The Guardian басылымы Макрон Тоқаевқа Мәскеудің Украинаға қарсы соғысын қолдамағанына алғыс айтқанын келтіреді. Макрон «Сізге әртүрлі айланы пайдаланып, қатты қысым жасалып жатқанын бағаламауға болмайды. Қандай ірі держава болса да оның вассалы болудан бас тартқан сіздің еліңіздің ұстанымы Францияға өте жақын» деген. Американың CNBC телеарнасы Макронның Қазақстан мен Өзбекстанға сапарына Ресей қалай қарайтыны туралы талқы өткізген. Онда сарапшылардың бәрі соңғы кезде «Орталық Азия + Қытай», «Орталық Азия + АҚШ», «Орталық Азия + Германия» сынды саммиттердің жиілегенін, Франция да бұл мүмкіндікті мүлт жібермейтінін айта келе, оның сөзсіз Кремльге ұнамайтынына тоқтаған.

Ақордадағы кездесу мен келіссөздерге екі жақ та разы болғанға ұқсайды. Президенттер бірінің саясатын бірі қолдайтынын айтып, өзара көңіл табуға тырысқан. Әдетте Еуропадан, АҚШ-тан лауазымы жоғары саясаткер келсе Қазақстандағы адам құқығы, демократияның жайына тоқтамай кетпейтін. Бұл жолы Макрон ондайға «бас ауыртқысы» келмеген сынды. Қасым-Жомарт Тоқаев екеуі баспасөз конференциясын өткізіп тұрғанда ол Францияға Қазақстанның географиялық тұрғыда орналасқан орны, қазба байлықтары аса маңызды екенін атап өтті. Тоқаев сөзінше, қазір Қазақстан аумағында құны 46 триллион долларға бағаланатын игерілмеген байлық бар. Оның игілігін көру үшін дамыған елдердің инвестициясы ауадай қажет. Ал соңғы 15 жылда Қазақстан экономикасына 19 миллиард доллар инвестиция салған Франция сол байлықты игеруге көмектесе алатын санаулы елдің бірі. Ақорданың хабарлауынша, екі елдің ресми делегация мүшелері Қазақстанда француз тілін оқытатын мектеп ашуға, дәрі-дәрмек саласында, пайдалы қазбаларды зерттеуге, желден электр энергиясын өндіретін станция салуға және теміржол локомотивтерін жасауға уағдаласқан. Кейін екі президент Франция мен Қазақстан кәсіпкерлері бас қосқан бизнес форумға қатысқан. Онда да тараптар инвестиция, жасыл энергия, сауда-саттықты талқылаған. Сөз арасында француздар жақ Қазақстанның АЭС салуға деген ынтасы барын білетінін, ықылас танытса көмектесуге әзір екендерін аңғартқан. BBC агенттігінің жазуынша, Қазақстандағы болашақ АЭС құрылысына қажетті заманауи технологияны жеткізуші компаниялардың тізімінде Францияның мемлекеттік EDF компаниясы да бар. Бірақ Ақордада бұл мәселе бойынша нақты келісім жасаспаған сияқты. Қол қойылып, ашық жарияланған құжаттарда АЭС тақырыбы кездеспейді.

Негізгі шаруа біткен соң Тоқаев мейманға Астанадағы этноауыл көрмесін аралатқан. Түрлі экспозицияны тамашалап келе жатқан президенттер бір сәт тоқтай қалып, асық атқан. Макронның сақа ұстай алмай әбігерге түскені көрінген бір видеода Франция президенті мүлт кеткен. Тоқаев дәл тигізген. Ақорданың баспасөз қызметі монтаждап салған және бір видеода екі президенттің де сақасы бір-бір асықты ұшырған. Қас қарая Макронды Тоқаев Назарбаев әуежайына дейін өзі ертіп апарды. Астанадағы жұмысы аяқталған Франция президенті Қазақстан басшысының қолын қатты-қатты қысып, разы көңілін білдіріп, Өзбекстанның Самарқан қаласына ұшып кетті. Ол жақта Макронды құшағын айқара ашып Шавкат Мирзиеев күтіп тұр еді.

Тоқаев Ердоған
Фото: akorda.kz

ЕРДОҒАН СЫЙЛАҒАН КӨЛІК

Макронның ізін ала Қазақстанға Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан келді. Еуропа Одағында саяси тұрғыда салмағы жеңіл, экономикасы Батыстың несиесіне, Ресейдің шикізатына тәуелді болған Венгрия Украинада соғыс басталғанда тығырыққа тірелген ел. Ал оның басшысы Орбан сыртқы саясатын Путинді мақтап, Мәскеудің соғысын ақтауға құрған еуропалық санаулы саясаткердің бірі.

Батыс Еуропа мен Шығыс Еуропаның екі лидерінің Астанаға араға бір күн салып қатар келуін Кремль де мұқият бақылаған. Жергілікті ақпарат құралдарының Макрон сапары туралы сұрағына президент Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков «Қазақстанның Еуропамен тығыз қарым-қатынас жасауына таңданбаймыз. Қалыпты процесс» деп жауап берген. Ал Орбанның сапарын ол «Венгрия мен Қазақстанның тарихи байланысы бар. Қазақстан мен Ресейдің арасы да сондай. Мұны айрықша құрметтейміз» деп, сыпайы атап өткен.

Қазақстан мен Мажарстан (Венгрия) түбі бір түркі халықтары. Мұны Кремль де жақсы түсінеді. Орбан Астанада Тоқаевпен кездесуінде аман-саулықтан соң «Қара шаңыраққа қайта келу үлкен мәртебе» деп, туыстығын алға тартты. Мұнысы ағасын іздеген інінің бауырластығынан гөрі, келіссөз алдында әріптесін жұмсартып алуға жасаған айласындай көрінді. Келіссөзді көңілді өткізуден кет әрі емесін қазақ президенті де аңғартып, «әрине, сіз қыпшақсыз ғой» деп, құшағын жайды.

Ақорда таратқан ресми ақпараттан Қазақстан мен Венгрия арасындағы сауда-саттық көлемінің аса үлкен емесін байқайсыз. Алыс-берісті жылдам қарқынмен іске асырғанда екі ел ортасындағы тауар айналымын 750 миллион долларға жеткізуге болатын көрінеді. Үкімет мәліметінше, былтыр Венгрия мен Қазақстан ортасындағы сауда-саттық 24 пайызға өсіп, 172 миллион долларға жеткен. Алайда Орбан сапарының негізгі мәні – мұнай мен газ екенін түсіну қиындық тудырмайды. Тоқаев баяндамасында келесі жылы Батыс Қазақстан облысында ашылатын «Рожковское» газ конденсаты кен орнында Мажарстанның «МOL» мұнай компаниясы үлесінің зор болатынын айтып өтті. Бұрын Ресейдің мұнайы мен газына түгелдей тәуелді боп келген Венгрия үшін Қазақстан балама көз.

Орбан Макрондай жылдам ұшып кеткен жоқ, Қазақстанда екі күн тұрақтады. Ол 3 қараша күні Астанаға Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) 10 саммитіне қатысуға келе жатқан Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанды күтті. Саммитке Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Түркіменстан басшылары да шақырылған. Былтыр президенттер бұл саммитті Түркістан қаласында өткізуге уағдаласқан. Бірақ шешім неге өзгеріп қалғаны белгісіз, бәрі Астанада басқосты.

Саммитте айтылған көп сөздің тоқетері – түркі халықтарын жақындастыру. Түркия президенті ұйымға мүше елдерге ортақ алфавит жасауды ұсынды. Бірақ бірінің сөзін бірі аудармашысыз түсіне алмайтын туыстар ол әліпбиді қалай пайдаланбақ? Оны Ердоған мырзаның өзі де әлі білмесе керек. Оның ұсынысын өзге бауырластары іліп әкетіп, жөптей қоймады. «Бір атаның балалары» болса да «әр кәлләда бір қиял», әрбір президент өз мүддесін ойлайды. 160 миллион тұрғыны, ұлан-ғайыр аумағы бар ұйым мәдени, рухани жақындықпен қатар экономикалық байланысты тереңдете түсуге мүдделі. Теміржол, теңіз жолы дәліздерін жиілетіп, алыс-берісті көбейтпесе, ұйымның болашағы күмәнді. Алайда Ресей мен Қытайдың қыспағындағы Орталық Азиядағы түркі бауырларына Түркияның бере қояры да көп емес. Экономикасы құлдырап, ішкі-сыртқы саясаты шатқаяқтап тұрған елдің таяу арада ұйымдағы туыстарын жетектеп, пұшпаққа шығаратынына сену қиын. Бүгінгі шындық оның әзірше мүмкін емесін көрсетеді.

 Равшан Назаров
Фото: из открытых источников

Ресейлік «Независимая газета» басылымына сұхбат берген Өзбекстан ғылым академиясының мемлекет және құқық институтының қызметкері Равшан Назаров ұйымның қазіргі даму эволюциясын Еуропа Одағының алғашқы қадамдарына ұқсатқан. Ресей басылымы ТМҰ-ын нығайтуға Түркияның аса ынталы екенін, сол арқылы Анкара Орталық Азиядағы рөлін күшейтуді көздейтінін жазады. НГ саммиттен екі күн бұрын Өзбекстан президентінің Палестинаға 1,5 миллион доллар, саммит күні Қазақстан президентінің 1 миллион доллар гуманитарлық көмек жөнелту жөніндегі мәлімдемелерін «Ердоған саясатының жемісі» деп түсіндіреді. Өйткені ХАМАС-ты «террорист емес, Палестина жұртын азат етуші топ» деп атаған Ердоған Израильді біржола тұқыртып алғысы келеді. Жаны бар тәпсір. Түркі мемлекеттері ұйымының саммитіне қатысушы президенттердің бәрі Таяу Шығыстағы жанжалды атап өтті әрі соғысты тез, жылдам тоқтатудың маңызына тоқтады. Салыстырмалы түрде қарасаңыз, былтыр Самарқандағы саммитте бұл президенттер Украина-Ресей арасындағы соғысқа дәл бұлай назар аудармаған.

Астанадағы саммит аяқталған соң өзгелер кетіп, Тоқаев пен Ердоған жеке қалды. Қазақстан президенті екі ел ортасындағы тауар айналымын 6,3 миллиард доллардан 10 миллиардқа жеткізуге болатынын айтты. Түркия президенті саммит аясында ыстық ықылас көрсеткеніне разылығын білдірді. Кетерінде ол Тоқаевқа TOGG электромобиль көлігін сыйға тартты. Бұл машинаны Ердоған бұған дейін Сауд Арабия ханзадасы Мұхамед бин Салманға, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев пен Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиеевке де берген.

Айгүл Баба