Майқайың апаты – қателік пен сараңдықтың салдары
Алтын кенішімен аты шыққан Майқайыңда 4 қаңтарда кәсіби әскерилендірілген авариялық құтқару қызметінің 3 құтқарушысы мен 1 жүргізушісі мінген автобус тереңдігі 150 метр кенішке құлап кетті. Көп ұзамай екі мәйіт табылғанымен, қалған екі адам мен автобусты іздестіру жұмыстары әлі де нәтижесін бермеді.
Құтқару жұмыстарына «Майқайыңалтын» АҚ кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің Павлодар филиалы, жергілікті атқарушы органдардың күштері, ТЖД-ның құтқарушылары, Астана қаласы мен Павлодар облысы ТЖД кинологиялық есептоптары жұмылдырылды. Алайда кеніштегі ахуалға байланысты іздестіру бірде үздіксіз жүрсе, бірде тоқтап тұр. Тау-кен массасын зерделейтін комиссия құтқарушыларға төнетін қауіпті басшылыққа алып, жұмысты тоқтату немесе жалғастыру туралы нұсқаулық беріп жатыр.
Әуелі геосканер көмегімен автобус жатуы ықтимал орын анықталды. Болжамды жерде қазба жұмыстары жүргізіліп, автобустың бөлшектері, оттегі балоны, тыныс алу аппараты, қолсөмке мен кеншінің бас киімі табылды. Ал автобус пен қалған екі адамды табу қиындаған үсті қиындап барады. Топырақ пен тастың сырғып жылжуы, опырылып құлауы әрі кеніштің тереңдігі үмітті алыстатып барады. Іздестіру жұмыстарын тоқтатпау үшін құлау жиектері тазартылып, нығайтылған. Өткелдерді тереңдетіп, жолды кеңейтуге ауыр техникалар да тартылды. Бірақ жер қыртысындағы тұрақсыздыққа байланысты техника мен мамандарды көбейтудің өзі қауіпті бола бастаған. Іздеуді тоқтатамыз ба, қайтеміз деген сұрақ қойыла бастағанда, жоғалған адамдардың туыстары мәлімдеме жасап, іздеуді тоқтатпауды сұрады. Бұл мәселеге қоғам да араласқан соң, кенішке 1-2 ғана экскаватор түсіріліп, сақтандыру «тростары» арқылы жұмыс істеуді ұйғарған. Қазіргі жағдайды білу үшін Павлодар облыстық ТЖД-ға хабарласқанымызда авариялық-құтқару жұмыстарының тоқтап тұрғанын айтты.
Жерді үңги берудің салдары
Қалай болса да опырылып жатқан жердегі қауіп сейілмей тұр. Онызерттеу үшін арнайы комиссия да құрылды. Олар пайда болған шұңқырдың периметрін, тау-кен массасын зерттеп, ойықтың түбіндегі георадар профильдерін сканерлеп, «топырақ құрылымы өзгерген және әлсіреген» деген қорытынды шығарды. Оған қоса, кеніште және оның аумағында, жер астында бос шұңқырлар анықталған. Бұл туралы Павлодар облыстық ТЖД хабарлап, опырылған жердің бойымен жарықшалар пайда болғанын да айтты. Жер қабатының бұлай «мінез» көрсетуі жайдан-жай бола салатын кездейсоқтық емес. Көбіне антропогендік факторлардың кері әсері бары айтылады. Бұл туралы геология және минерология ғылымының кандидаты Ақылбек Жүнісовпен тілдестік.
«Жер қыртысындағы шөгінді қабатты топырақ дейміз. Оның қалыңдығы бір жерлерде жүздеген метрді құраса, кей аймақтарда километрлеп есептеледі. Ал апат болған Майқайың жақты алып қарасақ, онда қазақтың ұсақ шоқысы, негізінен магмалық тау жыныстары басым. Бұл сонау ортаңғы палеозойда вулкандардың атқылауы нәтижесінде қалыптасқан мықты түзілімдер. Массивтері берік болғандықтан мұндай экструзивті тау жыныстары үгілу процесіне біршама төзімді болып келеді. Мысалы, Жезқазғандағы құмтас бұған қарағанда қоқсуға бейім. Сондықтан Майқайыңдағы ахуал жердің астын үңги берудің салдары деп болжам жасауға да болады.
Материалдарды қарап отырсақ, аталған кен көлеміндегі үгілу процесі 40 метрге дейін жеткен. Осының әсерінен минералдардың өзгерісі пайда болады да, ол қоқсыған қабатқа айналады. Әрі кенді алар кезде қабатты суландырады, климаттың әсері тағы бар. Жердің беті суық, ал астындағы температура басқаша. Демек, ылғалдану процесі жоғарылап, қоқсу жеделдеп кетуі де мүмкін. Бұдан бөлек, кенді үңгудің әсерінен бос қуыстардың көбеюі де кері әсерін тигізбей қоймайды. Апаттың негізгі себебі де осы секілді. Әрине, жер астынан кен алатын барлық орындарда бос қуыстар қалатыны сөзсіз. Бірақ оларды сол күйі қалдырмай, тау жыныстарын ұстап тұратын арнайы құрылғылар қойылуы керек. Тау-кен мамандары оны «целик» деп атайды. Осы процесс дұрыс жүрмегендіктен қуыстар орасан зор кеңістікті алып кеткен болуы да мүмкін. 150 метр тереңдік деген де осының айқын көрінісі. Оның үстіне түпкілікті тау жыныстары жердің бетіне шығып жатыр. Нақты мәліметтер жеткіліксіз болған соң нақты айту қиын, бірақ техногендік қателіктер жіберілген секілді. Және жарықшалар аса көп болмаса да осы факторды ұмытпаған жөн. Өйткені жер мығым болғанымен, үнемі қозғалыста. Бізге байқалмайтын, көзге көрінбейтін осы қозғалыстың да әсер етуі ғажап емес», – дейді геолог маман.
Ақылбек Жүнісов айтып отырған «техногендік қателіктер» расымен де бар. 4-24 қаңтар аралығында 4 сарапшы ұйым апат орнына барып, жауапты мамандармен, қызметкерлермен сөйлесіп, жан-жақты тексеріс жүргізгені есімізде. Ақырында өндірістік жұмыстың дұрыс ұйымдастырылмағаны, тау-кен жұмысындағы қауіпсіздік шараларын қадағалаудың өз деңгейінде жүргізілмегені, блоктарды пысықтау кезінде қазбалардың құлау процесі дұрыс бақыланбағаны анықталды. Павлодар облысы полиция департаментінің тергеу басқармасы оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 277-бабының 3-бөлігі (тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғады. Тергеу нәтижесінде комиссия мүшелері шахта директорының, бас инженердің, бас маркшейдердің, учаскелік маркшейдерлердің лауазымдық нұсқаулықтары өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнама талаптарын ескере отырып қайта қаралатынын айтты. Себебі қателік осы тұстан кеткен болуы мүмкін.
Зерттеу, болжау, жоспарлау
Техникалық ғылымдар мен тау-кен саласының маманы Элеонора Қаржауова былай дейді:
«Қандай өндірісте болса да ең бірінші қауіпсіздік шаралары маңызды. Бұл айтпаса да белгілі нәрсе. Өндірістегі, процестегі әрбір аспекті қауіпсіздік талаптарына сай болуы керек. Мәселен, тау-кен өндірісі ашық кен өндірісінен және шахталардан тұрады. Жерасты жұмыстарының спецификасына қарай онда қауіпсіздік жағдайына баса мән берілуі керек. Мұнда кішкене ғана салғырттықтың өзі ауыр салдарларға әкелуі мүмкін. Сондықтан жұмыс беруші, мердігер немесе тапсырыс беруші болсын, қарапайым жеке қорғаныс құралдарынан бастап уақытылы модернизацияға дейін көңіл бөлуге міндетті. Әрине, бұл өз кезегінде үлкен қаражатты талап етеді. Көбінде өнеркәсіп орындары осы тұстан ақшаны қысып қалып жатады. Бұл өз алдына қатаң бақылауды қажет ететін мәселе.
Құралдардан бөлек, алдын ала зерттеулер мен болжамдар, бақылау мен тағы сол секілді алдын алу жұмыстары да керек. Соның ішінде маркшейдерлердің орнын атап айтқым келеді. Бұл кен саласындағы маңызды мамандықтардың бірі. Олар карьерлерді, шахталарды жобалаудан бастап процесс толық аяқталғанша бірге жүретін жауапкершілігі мол мамандар. Кенді іздестіру кезінен геологтармен бірге пайдалы қазба қорының көлемін, өндірудің тиімділігі мен экономикалық рационалдылығын анықтап, құрылыс жұмыстарында да бірге жүретін маркшейдерлер кезекшілікпен жұмыс істейді. Жалпы жобаны сызба, 3D модельдеу арқылы жасақтап, цифрлық программалауды әзірлейді. Осылайша, тау-жыныстарының, топырақтың құрылысын, кенді де, басқаны да жоспарлауды жүзеге асырады. Әрі қазір маркшейдерлік құрылғылар, лазерлік және басқа да жаңа технологиялар, GPS дамып кетті. Қолда бар мүмкіндіктің бәрін пайдалана отырып маркшейдерлер өзіндік кәсіби көзқарас арқылы жағдайға қарай алдын ала болжам жасап, қауіпті байқай алады. Олармен қоса толық циклді жүзеге асыратын мамандар көп әрине. Дегенмен маркшейдерлердің жұмыс принципінің өзі жалпы жағдайды бақылауда ұстауға бағытталған».
Өндірістегі, кендегі қауіпсіздік қаншалықты маңызды болса, біз бұл мәселеге соншалықты салғырт қарайтын секілдіміз. Себебі бітпейтін тексеріс пен шұбырған комиссия тек салдармен жұмыс істеп жатыр. Алдын ала тексеріп, анықтап, бақылап, түзетуге мүмкіндік бар болса да, тіпті соған міндетті болса да комиссия да, жауаптылар да, жергілікті билік те «ақсақ қойшы түстен кейін маңырайды». Олар қаза болғандарға көңіл айтып, аз-маз ақша ұсынумен-ақ жабулы қазанды жабулы күйде қалдыра салуға тырысады...
Баян Мұратбекқызы