Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:47

Майқайыңдағы автобус апаты: марқұмның туыстарына төленетін өтемақы 4 есе қысқарды

Майқайың автобус апаты
Фото: ашық дереккөз

Павлодар облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы"Майқайың алтын" кенішіндегі  апат салдарынан қаза тапқан азаматтың туыстарына өтемақы сомасын 30 млн-нан 7,5 млн теңгеге дейін қысқартты.

Қыркүйекте жәбірленушілердің бірінің анасы, қызы, ұлы және әпкесі Екібастұз қалалық сотына «Кәсіби әскерилендірілген апаттық-құтқару жұмыстары қызметі» ЖШС Республикалық орталық штабынан 120 миллион теңге (әрқайсысына 30 миллионнан) моральдық өтемақы өндіру туралы талап арызбен жүгінген. Сот олардың арызын 2024 жылдың 5 қыркүйегінде қанағаттандырып, мекемені 120 миллион теңге төлеуге міндеттеген еді. 

Алайда, 2024 жылдың 13 қарашасында Павлодар облыстық соты шешімді өзгертіп, өтемақыны әр талапкерге 7,5 миллион теңгеге дейін қысқартты. Сот жазатайым оқиға "Майқайың алтын" АҚ-да жұмысты ұйымдастырудағы кемшіліктер, компанияның қызметіне қатысты қажетті жобалардың болмауы салдарынан орын алғанын анықтады.

"Сот бұл жағдайда 7 миллион 500 мың моральдық шығынды өндіріп алу керек деген қорытындыға келді", - делінген Павлодар облыстық сотының хабарламасында.

Айта кетейік, Павлодар облысында 4 қаңтарға қараған түні Майқайың кеніші шахтасының жанында автобус карьерге құлап кеткен еді.  Көлікте үш құтқарушы мен жүргізуші болған.  Марқұм болған екі адамның денесі бірден табылды. Үшінші құтқарушы мен жүргізушіні іздеу жазға дейін созылды. Қыркүйек айында қызметкерлердің бірінің отбасы өтемақы өндіруге шағым түсірді.