Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:09, 23 Қаңтар 2024

Майқайыңдағы апатқа кім жауап береді: Бас прокуратура мәлімдеме жасады

майқайың
Фото: из открытых источников

Бас прокуратура Павлодар облысындағы «Майқайың Алтын» АҚ аумағында тау-кен жұмыстарын жүргізу кезіндегі қауіпсіздік ережелерін бұзу фактісі бойынша тергеу барысы туралы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Zhasalash.kz.

«Майқайың Алтын» АҚ шахтасының 100 пайыз акциясы кипрлік миллиардерге тиесілі. Кен орнына иелік етіп отырған «Rence Enterprises LTD» компаниясы осы уақытқа дейін 80 тонна алтын, 1 240 тонна күміс, 204 мың тонна мыс, 300 мың тонна мырыш өндіріп, аса мол табысқа кенелген.  Қауіпсіздік ережелерінің бұзылуы мен 4 адамның өміріне миллиардер жауап бере ме, әлде шахта басшылығы жауап бере ме? 

Бас прокуратура іс бойынша мынадай мәлімдеме жасады:

«Қылмыстық істі тергеу аясында кәсіпорынның 40-тан астам қызметкерінен, сондай-ақ ЖШС басшылығынан жауап алынды. Қажетті құжаттар, бейнебақылау камераларынан жазбалар есепке алынды. Іс бойынша жолдың қирауы себептерін анықтау үшін еліміздің әр түрлі өңірлерінен тау-кен-құрылыс жұмыстары саласындағы мамандарды тарта отырып, бірқатар сараптамалар тағайындалды».

Бүгінде прокуратура қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзуды тергеу жөніндегі арнайы комиссия құрылғанын мәлімдеді. 

«Павлодар облысы Полиция департаменті тергеу басқармасы 2024 жылғы 04 қаңтарда Баянауыл ауданы Майқайың кентіндегі «Майқайың Алтын» АҚ аумағында болған оқиға фактісі бойынша Қылмыстық Кодексінің 277-бабы 3-бөлігі («Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезіндегі қауіпсіздік ережелерін бұзу») бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр. Іздестіру-құтқару жұмыстарына 147 адам, 45 бірлік техника, үш кинологиялық есеп және екі ұшқышсыз ұшу аппараты жұмылдырылды» , - деп хабарлады Бас прокуратура.

Шахтаның шетелдік қожайыны бюджетке барды-жоқты салық төлейді. Сонымен қатар жұмысшылар мен сол маңдағы ауылға да ешқандай жағдай жасамаған. Бұл туралы депутат Жарқынбек Амантайұлы мәлімдеді.

«Ең өкініштісі, құлаған жердің астына бұрындары шахта болғанын ешкім ескертпеген. Тіпті, үстінен жол салған және сол жолды қызметкерлер осы күнге дейін пайдаланып келген. Техникалық қауіпсіздік шараларына сай, ол жерді қоршауға алып, қауіпті зона ретінде оқшаулап тастау керек еді. Дегенмен, бұл мәселенің басы ғана. Келесі мәселе – кентте тұратын «Шанхай» шағынауданының тұрғындары алаңдап отыр. Оған себеп, шағынауданның асты да шахтаға айналып кеткен. Кен қазу барысындағы жарылыстардан үй іргесі солқылдап кететінін айтып отыр. 100-ге жуық шаңырақ орналасқан аумақ, қазіргі опырылып құлаған жерден небәрі 500 метр қашықтықта орналасқан», - деді депутат.