Майшаммен ас ішіп, телефон жарығымен сабақ оқитын ауыл
Адамзаттың игілігі үшін өнертапқыштар смартфон ойлап тапты. Алматы облысы Жамбыл ауданына қарайтын Ынтымақ ауылы соның игілігін көріп отыр. Балалары телефонмен сабақ оқиды. Басқасын айтпағанда, смартфонның жарығы кәдеге жарап тұр...
Редакциямызға хабарласып, мұңын шаққан ауыл тұрғындары арнайы келуімізді сұрады. Бардық. Электр бағандары шіріп, электр сымдары ескірген. Ауылдың жарығы үп етіп жел тұрса өшіп қалады. Тұрғындар бірнеше жылдан бері тиісті органдарға арыз айта барады, олар істі кейінге шегеруден шаршамайды. Әкімдік электр энергиясына ақша бөлінбейтінін, сондықтан жаңадан электр сымы тартылмайтынын да ашып айтыпты.
Алматы облысындағы энергия тапшылығы
Елімізде алдағы екі жылда электр қуатының тапшылығы артады. Мұндай болжамды энергетика министрлігі жыл басында мәлімдеген. Мысалы, 2024 жылы электр энергиясын тұтыну 120,6 млрд кВт/сағ, ал өндіру 118,3 млрд кВт/сағатты құраған. Нәтижесінде, тапшылық 2,4 млрд кВт/сағ болған. Келер жылы да электр энергиясына деген тапшылық арта түседі. Сондықтан жыл басынан бері Қазақстан Ресей экспорттайтын электр қуатын сатып алудың мөлшерін арттырған. Ресейлік электр қуатын экспорттаушы «Интер РАО» компаниясының мәліметі бойынша, Қазақстан биыл ресейлік электр энергиясының жартысына жуығын сатып алған. Мамандардың сөзінше, елімізде электр энергиясының тапшылығы 2030 жылға қарай 30 пайызға артады.
Жалпы Алматы облысында да электр қуатының тапшылығы жыл сайын артып барады. Әсіресе өндіріс орындарында ток тапшылығы қатты сезіледі. Сондықтан кәсіпкерлер оны сырттан сатып алуға мәжбүр. Бұл да электр энергиясының қымбаттауына әкеледі. Электр қуатының тапшылығы облыстағы өнеркәсіптің дамуын тежейді. Өңірде электр энергиясының тапшы болатыны – электр станциялары ескірген, техникалары тозған. Мамандар да жетіспейді. Маман жетіспеуінің себебі жалақы төмен. Облыс тозған станцияларды күрделі жөндеуден өткізуге бюджеттен 35 млрд теңге бөлген. Бірақ одан келіп-кетер ештеңе жоқ сияқты. Аймақта 7 жылдан бері жарықсыз отырған Қошмамбет сияқты ауылдар да бар. Бір ғана ауыл емес, электр қуаты тапшылығының зардабын облыстағы біраз ауыл тартып жатыр.
Ауыл тұрғындары не дейді?
Әдейілеп кештете барған Jas Alash тілшісін ынтымақтықтар күтіп алып, алдымен құлағалы тұрған электр бағандары мен тот басқан сымдарды көрсетті. Шарасыз ауыл адамдары салбырап тұрған электр сымдарын ағашқа байлап қойған. Себебі жел тұрса сымдары бір-біріне тиіп, тұйықталу (замыкание) нәтижесінде жарық лып етіп өшеді де қалады. Соның салдарынан кей көшеге жүк көлігі кіре алмайтындай жағдайға жеткен. Ауыл адамдары қыста малына жем-шөп тасуға бұл да кедергі екенін айтады. Бұдан бөлек, тұрғындар біраз уақыттан бері электр қуатымен жұмыс істейтін техникаларды да қосуды ұмытқан.
Осы ауылдың тұрғыны Сейсен 2006 жылы Қытайдан көшіп келген. Көршілерінің басым бөлігі қандастар. Ол бірнеше айдан бері электр қуатының тапшылығын айтып, арыз жазып, әкімшіліктің табалдырығын тоздырған. Бірақ одан ешқандай нәтиже шықпаған.
«Осы жердегі 20 шақты отбасының атынан арыз жазып, әкімшілікке өткізгенмін. Арызымызды наурыз айында өткіздік, екі айдан соң барсақ, арыз әлі тартпада жатыр. Ешкім қарамаған. Сол жерде арызымды қайтадан өткізіп, кейіннен арнайы маманы келді. Ол: «Біз бұл токтың бәрін білеміз, көріп жүрміз, басшылыққа ескертейік» деп кетіп қалды. Кейіннен бастығына хабарласқан едім, ол: «Бізге бұл жерге электр энергиясын тартуға ақша бөлінген жоқ, сондықтан ешқандай жөндеу жұмысын жүргізе алмаймыз, қайда арыздансаңдар да өздерің біліңдер» деп айтты. Сондықтан сіздерді шақырдық. Жарық мәселесі 6-7 жылдан бері шешілмей келеді. Әр жылы осы мәселеге тап боламыз», – дейді ол.
Ешкім жауапкершілікті мойнына алғысы келмейді
Бұл ауылда кеш батқаннан қарбалас басталады. Себебі тұрмыстық техника, теледидар электр қуатының жетіспеушілігінен істемей қалады. Ауыл тұрғыны Гүлстан жарықтың ақшасын ай сайын төлейтінін айтады.
«Үйімізде жарық жоқ емес, бар. Бірақ электр қуатының жетіспеушілігінен кір машина қоса алмаймыз, нан пісіре алмаймыз, теледидар көре алмаймыз. Қазір күніміздің, тұрмыстағы тірлігіміздің барлығы тоққа байланып тұр емес пе? Кеш батса бітті, әбігерге түсеміз. Мұздатқышымыз да ашық-шашық жатыр. Кіріп көрсеңіздер де болады. Әкімге айттық. Оған айтсақ, «Алатау» жарық компаниясына айт дейді. Оған барсақ, басқа жерге бар дейді. Жалпы бір-біріне сілтей береді. Ешкім жауапкершілікті мойнына алғысы келмейді. Бәріміз салық төлейміз. Балам кәсіппен айналысады. Үш айда өкіметке 2 млн теңге салық төледім. Оның бәрі қайда кетіп жатыр? Кішкентай кәсіп ашсақ, салық төлеңдер деп қысады. Қарапайым халыққа салық салғанда керемет. Ал сонда 20 шақты үйдің жарығын реттеп беруге шамалары келмейді. Электр энергиясына да төлейміз. Екі ай төлемейікші, қиып кетеді. Ақшасын алғаннан соң неге халықтың светін дұрыстап бермейді. Соған көмектеріңізді берсеңіздер», – дейді ол.
Ауыл тұрғыны Сейсен де басқалар сияқты жарықтың тұрақсыздығынан бір рет кір машинасын күйдірген. Содан кейін жаңасын сатып алғанымен электр қуатының жетіспеушілігінен ол да істемей қалған. Тағы бір тұрғын Зулбия жарықтың тұрақсыздығынан үйіндегі бірнеше техникасын күйдірген. Тұрғындар жаңа техника сатып алғанымен ол да көп өтпей істен шығады екен. Тіпті олар өз қалталарынан ақша төлеп, трансформатор да сатып алмақшы болған. Егер әкімдік мәселемізді шешіп бермесе, халық боп өзіміз трансформатор сатып аламыз деп бекініп отыр.
«Жарық мәселесі қиын бізде. Былтыр екі тоңазытқышты бірден күйдірдік. Көршім Жұлдыздың да бірнеше техникасы жанып кетті. Басқа тұрғындарда да солай. Әр техниканы «рассрочкамен» сатып аламыз. Бірақ ақшасын төлеп болмай жатып күйдіріп аламыз. Себебі көршілерім айтқандай, энергия тапшы. Жарықтың қуаты кейде көтеріледі, кейде қатты түсіп, сығырайып қалады», – дейді ауыл тұрғыны.
Балалар түнде сабақты телефонның жарығымен оқиды
Осы ауылдың тұрғыны Жұлдыздың балалары сабақты күндіз оқиды. Кейде үй тапсырмасын үлгермей қалса, түнде телефон жарығымен сабақ оқуға мәжбүр. Отбасы кешкі асын да майшаммен отырып ішеді. «Көпбалалы анамын, балаларым сабақ оқуға қиналады, өкіметтен ештеңе сұрамаймын, тек жарығымызды реттеп берсе екен» дейді ол.
Кіріп көрдік. Расында, майшамның жарығындай ғана күңгірт сәуле себезгілейді. Бөлме іші қарауытып, заттардың сұлбасын ғана бағамдауға болады.
«Жарықтың бары – осы. Көріп тұрғандарыңыздай, үйде ештеңе көрінбейді. Теледидар да күйді. Көпбалалы анамын, өкіметтен ол үшін жәрдемақы да алмаймын. Техникалар шетінен жанып кете берсе қайсысына ақша жеткіземін. Кір жуу үшін түнгі он екіні күтуге мәжбүрміз. Таңертең бесте тұрып жұмысқа кетеміз. Кейде кір жуып ұйықтамайтын күндеріміз де болады. Бір рет немесе бір ай қайталанатын жағдай болса мейлі, қанша жылдан бері осы жағдай. Электр қуатының көтерілгенін аңдып отырамыз. Сол кезде кір машинасын қосып, нан пісіріп үлгерсең үлгердің, болмаса тағы да жарықтың қуаты азайып қалады. Қазір нан пісіруді қойдық, дүкеннен сатып аламыз. Мен ғана емес, 20 шақты отбасының жағдайы осындай. Тіршілігіміз – осы. Түнде ғана емес, күндіз де осы жағдай», – дейді ауыл тұрғыны.
Ұзынағаш ауыл әкімдігі бұл мәселеден хабардар екен. Әкім көктемде осы ауылға келіп, электр сымдарын көзімен көрген. Ұзынағаш ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Әмір Маратұлының айтуынша, электр тапшылығы жалпы бір ғана ауыл емес, аудан бойынша бар. Ынтымақ ауылына жаңа трансформатор қоюға тапсырыс та берілген. Маман ауылдағы электр мәселесі қазан айында шешіледі деп сендірді.
«Бұл ауылдағы жарық мәселесіне тап болып отырған үйлер кейіннен салынған. Жеке тұрғын үй құрылысы болса үкімет су және жарықпен қамтамасыз етуге міндетті. Ал қосалқы шаруашылық болса өкіметке тәуелді болмайды. Бірақ біз соған қарамастан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі бюджеттен ақша сұрап, трансформаторға тапсырыс бердік. Жобамен қазан айында аталған ауылда жарық мәселесі түгелдей шешіледі. Жалпы бұл мәселе токтың жетпеуінен туып отыр. Қазір жаңадан үйлер көптеп салынып жатыр. Біз оны бақылай алмаймыз. Сондықтан электр энергиясы жетпей жатыр. Ынтымақ ауылында ғана емес, басқа ауылдарда да осы мәселе бар. Одан бөлек, ауыл шаруашылығы объектілері де көптеп құрылып жатыр. Бір ауыл шаруашылығы 50 үйдің электр энергиясын тұтынады. Бұл да жарықтың жетіспеушілігіне әкеп соғады», – дейді Ұзынағаш ауылдық округі бас маманы.
Әкімдік өкілінен ұққанымыз – Ынтымақ ауылының тұрғындары әлі қазан айына дейін осы мәселемен тіршілік етуге мәжбүр. Бірақ тұрғындар бұдан артық күте алмайтынын айтады. Себебі майшаммен кешкі асын ішіп, телефон жарығымен балаларына сабақ оқытудан шаршаған. Олар алдағы уақытта аудан мен облыстан қайран болмаса энергетика министрлігіне шағымдануға бекініп отыр.
P.S. «Жас Алаш» тілшісі бұл мәселе бойынша облыс әкімдігіне хабарласты. Әкімдік өкілдері ауданнан анық-қанығын біліп, бізге айтуға уәде етті. Бірақ газет беттелгенше ешқандай жауап келген жоқ.
Айтпақшы, облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев былтыр Қарасай ауданынан 2,73 миллиард теңгеге «Көкөзек» қосалқы станциясын ашып, бұл станция бизнес субъектілерін және осы маңдағы 1 500 үйді жарықпен қамтамасыз етеді деген. Жамбыл мен Қарасай ауданы көрші, арасы тиіп тұр. «Көкөзектің» пайдасын бір көрсе осы Ынтымақ көруі керек еді. Сірә, экономикалық алып аймақ салмақ боп жүрген Сұлтанғазиев «электр энергиясының тапшылығы өндіріс орындарының жылдам дамуына, өнімдерін арттыруға кедергі келтіріп келеді» деп жүріп, ауылдарды ұмытып кеткен сияқты...
Тұрсынбек БАШАР