Мәйітті көлігімен тасыған: Көкшетау тұрғыны өз бастығын өлтірді

Көкшетауда он күн бұрын із-түссіз жоғалып кеткен 41 жастағы Жанболат Кенжахметовтың өлі денесі табылды.
Оның денесінде зорлық-зомбылық белгілері болған.
Тергеу мәліметінше, қылмысқа марқұмның 23 жастағы бағыныштысы күдікті ретінде танылған. Екеуі алтын өндіретін кәсіпорында бірге жұмыс істеген. Қаза тапқан азаматтың туыстарының айтуынша, олардың арасында ауыр жанжал туындаған, күдікті эмоциясын тежей алмаған.
Марқұмның анасы Халида Игельдиеваның айтуынша, бұл қылмыс алдын ала жоспарланған.
«Ол бұл туралы бірнеше ай бойы ойлап жүрді. Қолайлы сәтті күтті. Жалғыз әрекет етпеген. Өзі құмар ойынның құрбаны еді», – деді ол.
Полицияның дерегінше, 8 мамыр күні Жанболат Кенжахметов күдіктінің көлігіне отырған. Бейнебақылау камераларынан оның гаражға жеткізілгені анық көрінеді. Қанды қылмыс сол жерде болған.
Күдікті қылмысты жасыру үшін мәйітті көліктің ішінде бір тәулік сақтап, түнде Станционный ауылына апарып көміп тастаған.
Қазіргі таңда күдікті ұсталып, оған Қылмыстық кодекстің 99-бабы — «Адам өлтіру» бойынша іс қозғалды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.