Мазасыз өткір сана иесі еді
Иә, ол Ғалым Доскен шын мәнінде мазасыз, өткір сана иесі еді. Мен таныған және етбауырдай араласқан жарты ғасырға жуық өмірде: Ғалымның үйдегі, түздегі, қызметтегі, қоғам қозғалыстарындағы, аға-бауыр, дос-жаран, ұстаз-шәкірттерінің арасындағы қарым-қатынас, іс-әрекетін еске алғанда, тура осындай ойға келдім.
Өйткені ол мынау тіршіліктегі адамға тән барлық қам-қарекеттің салбуырын шақтарында ғана емес, өмір майданының қилы сынағында, тіршілік пен саясаттың тауқыметті тосқауылына жолыққан тұстарда да, санасы сергек, ақылы жүйрік, ойы өжет, шешімі тез, іс-қимылы ширақ, адам атаулының игі ісіне адал азаматтық қалпын салқынқандылықпен сақтай білді.
Иә, ол аса шиеленісті сәтте де шешімді тез және тосын тұста қабылдайтын. Бұл оның мінезіне жеңдірген ұшқалақтығы, сабырсыздығы емес, керісінше, он ойланып, жүз толғанып жүрген мәселесінің, мүмкін ерте, мүмкін кеш болар, бірақ әйтеуір санасын ұзақ мазалаған ойдың түбі шешілуге тиісті шағымды шағы сол болатын. Өйткені мен етене араласқан 45 жылдың ішінде оның ақыл-ой санасының бұйығы тартқан кезін көрген емеспін. Санасын сақ ұстап, бүгін айтылған небір күрделі мәселенің шешімін, ары кетсе бір аптаның ішінде, ол мәселеге қатысты жайларды бүге-шігесіне дейін зерттеп, олқылығы мен артықшылығын саралап, дұрыс тұжырымын айтатын. Шешім қабылдайтын. Мен оған, Ғалымның қоғамның және қоғамдық ойдың долы мұхиттай буырқанған тұсындағы батыл, сауатты ойлары мен дайындаған саяси құжаттары мен оны жүзеге асыру тұсында куә болдым. Сол кезде, ол бұл мәселе туралы мағлұматтарды бұрыннан жинақтап, ой қорытып жүрген болып шығады.
Ғалымның бойындағы үш қасиет: бірінші: ол санасына маза бермей ізденетін, білуге аса құштар болатын және оқығанын тоқи білетін, түсіндіре білетін, түсіндіріп қана қоймай, жүзеге асыра білетін ақыл қормал еді. Бұл қасиет оның азаматтық, іскерлік тұлғасын қалыптастырды және сол ұстанымымен өмір сүрді. Сол құштарлықтың нәтижесі оның алғыр және батыл шешім қабылдауына мүмкіндік беретін. Ал қырық жылдың ішінде ол араласқан қоғамдық-саяси істер дербес талдаудың арқауы. Тек, «Қазақстан» телеарнасындағы ұлттық санаға реформаторлық бағыт әкелген іскерлігін еске сала кеткім келеді. Екінші, оның сыпайы әрі өжет ойы белгісіздіктен сескенбейтін, бүгіннің ісін ертеңге қалдырмай табан астында шешуге мүмкіндік беретін жан мен тәнінің ширақтығы еді. Соның нәтижесінде, бұрын өзіне беймағлұм батыл істерді қолға алды. Осы, ішкі және сыртқы мінездің үйлесімі оның адамдық-азаматтық мінезін қалыптастырды. Үшінші қасиеті: досқа да, дұшпанға да, алысқа да, жақынға да, жалпы адами қарым-қатынасқа адал еді. Ұнатсын, ұнатпасын, бәрібір, ойын сол сәтте ашық айтып, пікірін білдіретін. Біз сыйласып та, сырласып та жүрдік. Сонда қолдамайтын нәрсесін ашық айтып, өзінің алдағы уақытта да сол қарсы пікірін ұстанатынын ескертетін. Ал өзінің жан досы үшін жанын беруге қашанда қасам еді. Ондай қауырт күндер әлі де көз алдымда.
Міне, білім арқылы өмірдің мағынасын іздеп, елі үшін бір белгі қалдыру үшін санасына маза бермеген асыл да өткір ойлы Ғалым Доскен бауырым да бақилық болыпты. «Ғылым-білім – жаннаттың кілті» дейді. Рас болғай.
Тұрсын ЖҰРТБАЙ