Мажарлар Мәсімовпен неге ауыз жаласты?
Қазақстанда ұлттық та, мемлекеттік те идеология жоқ. Бар болса, биліктің ең сенімді адамы, мемлекеттің қауіпсіздік комитетіне жауапты бірінші тұлға – Кәрім Мәсімовте қос азаматтық болушы ма еді?
Мемлекеттің болашағына сенсе, отыз жыл Қазақстанның бар қызығын көрген мәсімовтер шетелдің азаматтығын ала ма? Демек, бұлар Қазақстанды Отаным деп мойындамаған. Қазақстанға жаны ашымаған, сенбеген, сіңбеген. Сол үшін де қауіпсіздік комитетін басқарып отырып, Отанға опасыздық жасап, шетелдің азаматтығына өтіп, білгендерін қылып жүрді.
Өткен аптада Отанға опасыздық жасап, қаңтар қырғынына байланысты тұтқындалған ҰҚК-ның бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің Венгрия азаматы екені анықталды. Өзі ғана емес, отбасындағы барлық жақындары Мажарстан азаматтығын алыпты. Бұл туралы Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан растаған.
Мемлекеттің лауазымды тұлғалары не үшін шетел азаматтығын алады? Мұның себебі көп, әрине. Көп жағдайда шенеуніктер зейнетке шыққаннан кейін жанға жайлы елге көшіп, қалған өмірін саясатсыз, тып-тыныш өткізгісі келеді. Ал екінші бір топ Қазақстанда жасаған қылмыстарынан қорқып, бір күні тұтқындалып қалудан алаңдап, алдын ала жол шабады. Мәсімовтің тірлігі осыған келіңкірейді. Өйткені Венгрия қарттыққа жайлы мемлекет деп айта алмаймыз. Оның үстіне, Назарбаевқа ең сенімді Мәсімовтің бүгін-ертең зейнетке шықпайтыны анық еді. Қаңтар қасіреті болмағанда, «Қожайыны» Назарбаев сияқты жетпісінде желпілдеп, сексенінде сес көрсетіп жүре берер ме еді. Ендеше, оның Венгрия азаматтығын алуының негізгі себебі, біріншіден, билік күндердің бір күні ауысатынын сезді. Екіншіден, осы уақытқа дейін жасаған қылмыстарына, билікті пайдаланып жиған миллиардтарына есеп беретінін білді. Үшіншіден, ары таза болмаған соң, болашақта бас сауғалайтын ел керек екенін іштей түсінді. Демек, Назарбаев билікте отырған кездің өзінде Мәсімов өзінің қауіпсіздігіне қатты сенімді болмаған.
Жаңа Қазақстан билігіне артылған міндет көп деп жүрміз ғой. Қос азаматтық мәселесі сол міндеттердің бірі болу керек. Бөтен елдің азаматтығын алғандардың шаруасын майшаммен қарау туралы Қ.Тоқаев та өз жолдауында айтқан-ды. Мемлекет басшысының назар аударғанына қарағанда, қос азаматтықтың мәселесі Ақорда үшін де өзекті. Бұдан былай Кәрім Мәсімов қана емес, биліктегі дөкейлердің біразының бетпердесі шешіліп, екінші азаматтықтары анықталып жатса, таңғалмаймыз. Моральдік тұрғыдан айтқанда, қос азаматтығы бар адамның мүддесі де, мақсаты да бөлек болатыны анық. Ондай жандар «чемоданный настроениеде» жүреді. Қазақстанды «аэропорт» сияқты сезінеді. Қызметте отырған кезінде басып қалуды, жеп қалуды ғана ойлайды. Бар ойы – сол. Басына тықыр таянған күні жиналады да тайып тұрады. ҰҚК-ның экс-басшысында қос азаматтық болса, басқа шенділерге қалай сенеміз? Алда-жалда министрлер мен депутаттардан екінші азаматтық анықталған жағдайда, Кәрім ағаймен салыстырып, «адвокат» боламыз-ау! «Мәсімовтің өзі Мажарстан азаматтығын алғанда, бұлар не қылмайды?» – деп, қалыпты жағдай сияқты қабылдайтын шығармыз, бәлкім?
«Біреу тоңып секіреді, біреу тойып секіреді». Шетелден келген қандастарымыз Қазақстанның көк паспортына зар болып жүргенде, бардың қадірін қашырған Мәсімовтердікі – қып-қызыл кесір! Ал қазақы ұғымға сенсек, кесір – кесірлі адамды табады.
Айтпақшы, саясаттанушы Ерлан Саиров фейсбуктегі парақшасында «Жоғары лауазым иелері – министрлер, әкімдер, вице-министрлер, құқық қорғау жүйесінің басшылығын «қос азаматтық фактілері» бойынша тексеруден өткізу қажет. Елімізде жалпы «қос азаматтыққа» қатысты жаппай тексеру өткізу өте маңызды» деп жазды. Бұл мәселеге депутаттардың үн қатқанына қарағанда, сайлаудың ар жақ, бер жағында біраз «қосмекендінің» аты аталып, тегі тектеліп қалатын шығар.
Қос азаматтығы бар әкімқара, шенді-шекпенділердің ісі майшаммен қаралар. Бұл арада мән беретін тағы бір дүние бар. Мәселен, АҚШ кез келген шетелдікке «жасыл паспорт» тарата бермейді. Өз талаптары, заңдары бар дегендей. Кейбір Еуропа елдері де екінші азаматтықты мемлекетке инвестиция салған қалталы кәсіпкерлерге ғана береді. Ал Мәсімов мажарларға не берді екен?!