Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:17, 07 Қазан 2022

Мәжілісі «Марғау», үкіметі «Самарқау»

None
None

Халық қайтіп күн көрер?!

Қазір ғой біз халыққа өмір сүрудің қиындығын, қымбатшылықтың  қарапайым бұқараны қатты қысып жатқанын, ел жоқшылықтан, кедейшіліктен әбден запы болғанын жиі-жиі айтып та,  жазып та жүрміз. Тіпті, бұл ретте, елдің ашынған дауысын саңыраудың өзі еститіндей болды. Қоғамда түрлі-түрлі түйіткілдердің шаш-етектен екенін бұқараның өзі де әлеуметтік желі арқылы болсын, басқаша тәсілдермен болсын, әйтеуір жеткізіп жатыр. Алайда ашынғаннан ащы даусымыз шыққанмен мәселенің төркіні шешілер емес. «Баяғы жартас  –  сол жартас» күйінше қалып жатқан дүниелер өте көп.

Ал енді неліктен бұлай десек, сала мамандарының айтуынша, бізде елдің сөзін сөйлейтін Мәжілісіміз «марғау», үкіметіміз «самарқау». Дәлел ретінде қолда бар деректерді сөйлетсек. Мысалы, осы жылы  «қоғам үшін өзекті» деп қабылданған заңдардың 23 пайызын ғана депутаттар көтерген, қалғаны үкіметтің «тапсырмасы». Бұдан бөлек, мәжілісмендер сол заңдарды еш қарсылықсыз 96-100 пайыз мақұлдаумен қабылдайды. Нақ қазір біз Мәжілісте ел мен жердің тағдырын қозғап, сол үшін қарсылық көрсетіп, қайшыласып жататын депуттардың легін көріп отырған жоқпыз. Тіпті қарапайым ғана қымбатшылық хақында «мына еліңіз, қымбатшылықтан шаршады, айлығын шайлығына жеткізе алмай қайыршының күйін кешіп кетті. Бірдеңе істейік те» деп шырылдап, президентке дат айтқан депуттарды да кездестірмедік.

Президент демекші, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдары көппартиялық жүйенің қажеттілігі мен парламентте оппозицияның болуы туралы айтудай-ақ айтып жүр. Бірақ шындап келгенде, Қазақстан парламентінде оппозиция жоқ немесе оның дауысы ешқандай әсер етпейді. Жалпы, осы жетінші шақырылымның жұмысы басталғалы бері барлығы  –  147 заң жобасы қаралыпты. Сол  заңдардың 77 пайызы үкіметтен түскен. «Тарихқа көз жүгіртсек, Қазақстанда депутаттар мен үкімет арасында текетірес жоқ, БАҚ көбіне депутаттарды «мойынсұнғыш» деп атайды», – дейді мамандар.

          Айтса айтқандай, расымен де бізде үкімет пен депутаттардың арасында текетірес жоқ.  Үкіметке тың ұсыныс, қажет кезінде үкімет мүшелерін қуырып жіберетін депуттатық сауалдар ұсынатын да «орақ тілді, от ауызды» мәжілісменге зәруміз.

Жалпы, кез келген сын сәтте халықтың өзі сайлаған қалаулыларынан тың бастама күтетіні анық. Әттеген-айы, қазірде сол «сайлаған депутаттарымыз ойлағандай болмады-ау» деп, ашынған елдің де қарасы көп.

          Мұндайда еріксіз депутаттардың бюджет есебінен, яғни халықтың салығынан жиналған ақшадан алып отырған жалақыларын қайта-қайта естеріне салғың келеді. Мысалы, қазір  халық қалаулыларының кейбірінің  еңбекақысы еңбек өтіліне қарай 1 млн теңге. Бұған мемлекеттен берілетін қызметтік көлік, үй-жай, тағы басқа бонустарды қосқанда, елде бір депутатқа бюджеттен айына, шамамен, 1,5 млн теңге жұмсалады екен.  Елдегі орташа жалақы 200 000 теңге, ал  ең төменгі жалақы 60 000 теңге екенін ескерсек, депутаттардың айлығы орташа еңбекақыдан 3,7 есе, ең төменгі жалақыдан 16,5 есе көп. Әлеуметтанушы-маман Ардақ Ерденбековтің пайымынша, үкімет қазіргі жағдайды пайдаланып, мәжілісмендер мен сенаторлардың, министрлердің  жалақысын барынша қысқартуы керек.

–  Депутаттардың жалақысын 200 мың теңгеге дейін төмендетуді ойластыру қажет. Әр депутатқа 1,5 млн теңгеге дейін шығындалғанша, олардың санын қысқартып, жалақысын азайтқан жөн. Сондай-ақ үкімет мүшелерінің, мнистрлердің де жалақысын азайту керек. Халық ілдебайлап күнін көріп жүргенде, олар неге миллиондап жалақы алып, мемлекеттік бонустарды пайдаланып, сыйақы алуы керек?! Үкімет самарқау, депуттар марғау. Осы үшін жоғары жалақы төлене ме?! –  дейді әлеуметтанушы.

          Рас, маман айтса айтқандай, халықтың жайын жанымен ұқпайтын, елдің сөзін сөйлеуге келгенде, бұғып қалатын шенеуніктер  не үшін  жоғары жалақы алуы керек?! Мәселен, сарапшылардың болжамынша, халықты абдыратар кезең әлі алда. Біздің үкіметтің бейқамдығынан, жалпақшешейлігінен, қазір елге ресейліктер ағылып, еніп алды. Болжам бойынша мұның әсері келер көктемде-ақ біленеді. Мамандар бұған қатысты қазірдің өзінде «әрбір екінші қазақстандық жұмысынан айырылуы әбден мүмкін. Мұндайда халыққа оңай болмасы тағы анық», деп дабыл қағып отыр. Ал осыған қатысты үкіметте, мәжілісте тың әрекеттер қарастырылып жатыр ма?! Халықты қиналтпаудың қандай амалдары жасалып жатыр?! Нақ осы сұрақтар қазір көптің көкейінде жүргені анық. Бұған үкіметтің берер жауабы дайын ба?! Әлде біздің табанының бүрі жоқ үкімет мүшелері мен мәжілісмендер елдің жайын емес, сайлаудан кейінгі қамын ойлап әлек пе?! 

Әйтеуір, қазір халықтың мұңын естіп, қиындығын сезінетін шенеунікке шын зәруміз. Сонда халық қайтіп күн көреді өзі?! Мәжілісі «марғау», үкіметі «самарқау» елдің болашағы қандай болмақ?!

Тегтер: