Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
07:36, 27 Желтоқсан 2022

Мәжілісте кім отыруы тиіс?

None
None

Алда тағы бір үлкен саяси науқан келе жатыр. Мәжіліс пен сенат депутаттарын сайлайтын саяси майдан.

Егемендік алған отыз бір жылдың ішінде депутат бейнесі өте қораш кейіпте қалыптасты. Санамызға қарны шертиген, ұйқысы қанбайтын, іше берсем, жей берсем, дейтін тойымсыз, тоғышар бейне әбден орныққан. Неге?

Билік бұларды қолдан солай жасап шықты. Құдды қалыпқа салып құйып, базардағы манекен сияқты парламент партасына отырғызды да қойды. Өздері де соған лайық қызмет қылды. Қожайындарына қарсы шығу, өз пікірін айту деген тәуелсіз ойдан ада күй кешсін. Күй демекші, күйлері керемет болды бірақ! Мемлекет берген жақсы пәтерде тұрып, жаңа көлік мініп, жоғары жалақы алды. Өздері сайланған аймақта әртүрлі бизнестерін жүргізіп, жерлес әкімдерінің жоғары жақтағы «крышасы» болуды ұмытқан жоқ. Депутаттар Қазақстанның отыз бір жылында осындай «жұмақта» жүрді.

«Тайқазанның» тарағаны сияқты, депутаттардың сол мамыражай күндері келмеске кетудің аз-ақ алдында тұр. Биыл Тоқаев өз жолдауында саяси жаңғырудың басты мақсаты – азаматтардың мемлекетті басқару ісіндегі рөлін арттыру дегенді қадап айтсын. Яғни бұдан былай мәжіліс депутаттарының 70 пайызы – пропорционалдық, ал 30 пайызы – мажоритарлық тәсілмен жасақталатын болады.

Пропорционалдық дегеніміз – партия атынан түсетін депутаттар. Яғни осы уақытқа дейін экс-нұр отанның заң шығарушы биліктегі үлесі бәрінен басым болып келді. Ал мажоритарлық дегеніміз – ешқандай партияға байланбаған, ешкімге бағынбайтын тәуелсіз үміткер деген сөз. Саяси эксперттердің айтуынша, мажоритарлық тәсілде ешқандай партияға кірмейтін, бірақ сайлауға қатысып, көп дауыс жинаған кандидат қана жеңеді. Сол арқылы парламенттің төменгі палатасына жаңаша көзқарастағы, жергілікті тұрғындар таңдаған және аймақтың барлық проблемаларына қанық депутат сайлана алады. Жалпы, аралас сайлау үлгісі азаматтардың саяси белсенділігін арттырып, саяси жаңғыруға жол ашады.

Алдағы көктемге қарай болып қалады деп күтіп отырған Парламент сайлауында өзін-өзі ұсынатын, халықтың шынайы ықыласына бөленген осындай үміткерлердің үлесі 30 пайыз болуы мүмкін. Тоқаев осындай уәде беріп отыр.

Мажоритарларлық жолмен сайланатын депутаттар арасында таза сайлау жүргізілсе, онда заң шығарушы органдағы 30 пайыз тәуелсіз депутаттардан үлкен үміт күтуге болар еді. Ал етімізге сіңген ұрлық-қарлыққа жол берсек, отыз түгілі, үш пайызға да зар болуымыз бек мүмкін. Сайлаудың барлық құқығы биліктің қолында. Қайдан құлақ шығарса, қазаншының өз еркі – кімді сайлау, кімнің аяғынан шалу Астананың ұятына байланысты.

Бұрынғы саяси науқандардан халық еш үміт күтпейтін. Онысы түсінікті. Партия өзі шешті бәрін. Ендігі саяси науқан қызыққа толы болғалы тұр. Биліктің берген уәдесі орындалса, мажоритарлар атынан «сен тұр, мен айтайын» дейтін біраз білікті қыз-жігіттер бағын сынап көрмекші. Ондай тәуекелден кім бас тартсын?! Дегенмен халық білімді, білікті, шынайы тәуелсіз азаматтарды көргісі келетіні анық. Әлеуметтік желідегі белсенді оқырмандар 30 пайыздық мажоритарлардың тізімін қоғамға белгілі біраз азаматтармен толтырып та қойыпты.

Араларында Дос Көшім, Жасарал Қуанышалин, Болат Әбілов, Рысбек Сәрсембай, Ермұрат Бапи, Арман Шораев, Зәуреш Батталова, Марғұлан Сейсембай, Мұхтар Жәкішев, Алмасбек Садырбай, Мұхтар  Түменбай сияқты бүгінгі саяси жүйеге қарсы топ өкілдері жүр. Қытайдағы қандастарымыздың мұң-зарын жоқтап, шетел қазақтарының шемен тағдырын айтып билікке «сүйкімі» кеткен Ауыт Мұқибек те бұл мандатқа құқылы. Тіпті, лайықты адамның бірі. Туған жеріне қарамаса, теңге авторының бірі Хайролла Ғабжәлилов те бұл мандаттан үмітті.

Аузын буған өгіздей мыңқ етпейтін көп депутатқа қарағанда, діни, саяси майдандардың сынағынан өтіп, әбден ысылған дінтанушы Тұрарбек Құсайынов, саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт, педагог Аятжан Ахметжан, журналист Дина Елгезек, заңгер  Айгүл Орынбек, айтыскер ақын Ринат Зайтов сияқты жастар да мажоритарлардың майданын қыздырар еді.

Әттең, біздікі арман ғана. Егер билік біздің арманымыздағыдай, азаматтарды әлгі отыз пайыздық үлеске тығып жіберсе, бұрыннан Астананың дайын асына тік қасық болып үйренген ұйқыбас «Аманатқа» жан кіріп, «Ақжол» тыпырлап, «Комсомолдың» шалдары шептен шығар еді-ау! Былтырғы қаңтар қасіретінен кейін биліктің халық алдында абыройы-беделі қатты түсті. Әлі де жүз жылыта алмай отыр. Егер мәжіліс пен сенатқа осы азаматтар барса, халықтың да қаңтардан қалған қыжылы басылар ма еді, кім білсін?!

 Әділетті Қазақстан аузынан шөп алмайтын «жуас» депутаттармен жасалмайды. Біздің де мәжіліс АҚШ, Еуропа парламенттеріндегі сияқты қызыл-шеке төбелес болып, біреуінің мұрны бұзылып, біреуінің басы жарылып жатса ғой...

Тегтер: