Мәжіліс депутаты Мұқаев "Ұлттық киім" күнін бекітуді ұсынды
Депутат Мұқаев алдағы уақытта ұлттық нақыштағы киім кию дәстүрін тек Наурызбен, акциялармен ғана шектемей, оны трендке айналдыруды ұсынды.
«Ұлттық киім – ұлтымыздың ұлылығын ұлықтайтын, ұлттық кодымызды білдіретін айшықты көрсеткіш. Ұлттық киімдеріміздің мол мұрасымен мақтана алатындай елміз. Басқа киімдерді айтпағанда, бір ғана бас киімнің қазақ халқында 20-дан астам түрі бар. Бүгінде ұлттық киімізді өзіміз емес, өзге елдерде кеңінен ұлықталу үстінде.
«Мәселен, бауырлас қырғыз халқы бастарынан айыр қалпағын тастамайды. Соған қарап-ақ, оны қырғыз екенін жазбай танисың. Тіпті Жоғарғы Кенештің өзінде депутаттары айыр қалпақтарын киіп отырады. Ол қала берді ұлттық киімдерін сақтау мақсатында, 5 наурызды – Айыр қалпақ күні деп мемлекеттік деңгейде бекітіп, ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраларының тізіміне енгізген.
Біз де өз ұлттық киімімізді өзіміз киюді сәнге айналдырмасақ, біртіндеп оларды басқалар иемденіп кетуі мүмкін. Соңында шапанымыздан айврылып, қамшымызды ғана ұстап қалмайық», - деді Дәулет Мұқаев.
Осы орайда ол Үкіметке бірқатар іс-шараны қолға алуды ұсынды.
«Біріншіден – ұлттық киімдерімізді ұлықтау мақсатында республикалық деңгейде «Ұлттық киім» күнін бекіту. Бұл күн мәдени құндылықтарымызды кеңінен насихаттап, өскелең ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеудің негізі болар еді.
Екіншіден – мемлекеттік қызметкерлер мен халыққа қызмет көрсететін орталық қызметкерлерінің киімдеріне қазақи айдентика элементтерін қосу.
Үшіншіден – Ұлттық киім өндіретін отандық кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіп, бизнесті қолдауға бағытталған гранттарда ұлттық киім кәсібіне басымдық беру, халық арасында ұлттық киімді қолжетімді етуге ықпал етіп, сұранысты арттыру.
Төртіншіден - мектеп оқушылары киетін ұлттық киімдер стандартын әзірлеп енгізу әрі халықаралық түрлі жарыстарға баратын азаматтардың формаларына міндетті түрде ұлттық нақышты бейнелеу», - деді Мәжіліс депутаты.