Мәжіліс депутаты өлімге әкелген жарысқа жоғары лауазымды полицейдің қатысы барын болжайды
Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Алматыдағы үш адамның өмірін қиған түнгі жарысқа жоғары лауазымды полицейдің қатысы бар деген күдігін білдірді. Ол бұл күдігін нақты видео арқылы бекітті.
«Алматыда болған көлік апатына жоғары лауазымды полиция қызметкерінің қатысы бар ма? Әл-Фараби даңғылында болған, үш жас адамның өліміне себеп болған жарысқа қатысушылардың бірі полиция қызметкері болуы мүмкін деген күдік бар. Сол себепті бәрі жасырып отыр. Ішкі істер министрлігінен ресми түсініктеме беруді сұраймын», – деп жазды Әбенов бейсенбі күні әлеуметтік желідегі парақшасында.
Депутат жариялаған видеода белгісіз ер адам бір полицейдің қызметтік көлікпен түнгі жарысқа қатысқаны туралы айтып, оның — Алматы қалалық полиция департаменті басшысының орынбасары болуы мүмкін екенін мәлімдейді.
«Күніне 1 млн теңге көлемінде айыппұл алады, жылдамдықты арттырып, жалған мемлекеттік нөмірмен емін-еркін жүр. Мынаған назар аударыңыздаршы. "102"-нің орынбасары, сол көліктің жүргізушісі – қалағанын істейді. 21 наурыз күні бұл көлік автопаркте тұруы керек болатын. Қандай рапорт жазса да, ол көлікті жеке мүддесіне, түнгі уақытта, ішімдік ішіп, қос сызықты кесіп өту үшін пайдалануға құқығы жоқ. Оны ешбір инспектор тоқтата алмайды. Алматыда мұндай полицейлерге тоқтау жоқ. Мұнда Президент әкімшілігі немесе Ішкі істер министрінің тікелей араласуы керек», – деді видеодағы азамат.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда орын алған аса ауыр жол апаты салдарынан үш адам қаза тапты. Кей деректерге сүйенсек, бұл қайғылы оқиғаға жарыс себеп болған. Күдікті ретінде кәсіпкер көрсетілуде. Аталған оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды. Қылмыстық іс қозғалған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: ҮСЕНОВ, КАР, ПАК... ТҮНГІ ТЕНТЕКТЕРГЕ ТЫЙЫМ БОЛА МА?
Полиция 26 наурыз күні түнгі жарыстарға қарсы күресті күшейтетінін мәлімдеді.