Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:10

Мәжіліс депутаты жүргізуші куәлігінен айырылғандарға амнистия жасауға қарсы шықты

куәлік
Фото: Мухтор Холдорбеков/ Kazinform

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым жүргізуші куәлігінен айырылған азаматтарды әкімшілік амнистияға енгізу идеясына қарсы екенін мәлімдеді.

Депутаттың айтуынша, Президент бастамашы болған әкімшілік амнистия қоғамда оң қабылданған. Алайда сонымен бірге жағымсыз үрдістер де байқалуда.

 «Біз бұрын жүргізуші куәлігінен айырылғандардың ұйымдасқан түрде амнистияға енгізуді талап етіп жатқанын естіп отырмыз. Бізде бұған моральдық құқық жоқ», - деді Айдос Сарым.

Оның сөзінше, көп жағдайда мұндай азаматтар – заңды жүйелі түрде бұзған, оның ішінде мас күйінде көлік жүргізген және жол қозғалысы ережелерін елемеген адамдар.

 «Бұл жай ғана тәртіп бұзушылар емес, бұл — әлеуетті қылмыскерлер. Олар бір рет болса да өз әрекетімен өзгенің өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген. Оларға амнистия арқылы жүргізу құқығын қайтару — ертең тағы біреудің өміріне қауіп төндіру деген сөз», - деді депутат.

Сарым мұндай шешім жаңа қайғылы оқиғалар қаупін арттыратынын атап өтіп, жүргізуші куәлігінен айырылғандарды амнистияға қосуға түбегейлі қарсы екенін жеткізді.

Айта кетейік, бұған дейін Сенат депутаты, Ішкі істер министрлігінің бұрынғы басшысы Марат Қожаев Қазақстанда жоспарланып отырған әкімшілік амнистия кімдерге қатысты болуы мүмкін екенін түсіндірген еді.