Мәжіліс Сенаттың Құрылыс кодексіне енгізген түзетулерімен келісті
Парламент Мәжіліс депутаттары Сенат енгізген өзгерістер мен толықтыруларды Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексі және оған ілеспе заң жобасы бойынша қабылдады.
Мәжіліс депутаты Мұрат Әбеновтің айтуынша, Құрылыс кодексі Парламентте екі жылға жуық уақыт қаралған.
Егер биылды алсақ, бұл заңды ең маңызды құжаттардың бірі деуге болады, себебі ол тұтас қоғамға қатысты. Заң жан-жақты талқыланды. Біз түрлі мемлекеттік органдармен, ұйымдармен, қауымдастықтармен және бизнес өкілдерімен кеңестік. Барлығы 2 200-ден астам ұсыныс түсті. Нәтижесінде нормалардың 60-70 пайызына өзгеріс енгізілді, - деді депутат.

Депутаттың айтуынша, заңның басты мақсаты – азаматтардың құқықтарын қорғау. Сонымен қатар құжатта қалалық ортаның қауіпсіздігі мен жайлылығына қатысты мәселелер де қамтылған.
Мемлекет басшысы да осы бағытта нақты тапсырмалар берген. Сондықтан депутаттар көптеген жағдайда қоғаммен ақылдасып, ең алдымен сапаға мән берді. Барлық нормалар қарауға жіберілді. Сенат оларды қарап шықты, біз жан-жақты талқылап, бірқатар мәселелерді егжей-тегжейлі пысықтадық. Сенат негізгі заң бойынша 27 ұсыныс, ал ілеспе заң жобасына екі түзету енгізді. Жалпы бұл ұсыныстарды заңды нақтылайтын әрі жетілдіруге бағытталған деп бағалаймыз, - депйді Мұрат Әбенов.