Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:28, 20 Наурыз 2025

Мәжілістегі мадақ: Жаңа Қазақстан құрылып бітіпті

қазбек иса, елнұр бейсенбаев, қошанов және сайыров
Фото: Жас Алаш коллаж

Кеше өткен мәжілістің пленарлық отырысы президентті, оның алты жыл ішінде жасаған реформаларын мадақтауға арналды.

 Осыдан 6 жыл бұрын, 19 наурыз күні Нұрсұлтан Назарбаев биліктен кететінін мәлімдеп, орнына сол кездегі сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев отырған. Атап айтпаса да, мәжілістегі негізгі әңгіме содан бергі кезеңді қамтиды. Ресми тақырып «Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформаларын іске асыру – мемлекеттік құрылыстың жаңа тарихи кезеңі» деп аталады. Баяндамашылар мен депутаттар тек оптимизмге толы ақпарат беріп, қазіргі жүйеге, Қазақстанның бет алысына мақтауды үйіп-төкті. Парламент мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтан бастап барлық ауыз ашып сөйлеген депутаттар 30 жылдық билікті сынап, соңғы жылдарда жеткен «ауқымды» жетістіктерді айтып тауыса алмады. 

Алты жылға шүкір айту үкіметтен басталған. Осыдан бірнеше күн бұрын үкіметтің ресми ресурсында премьер-министр Олжас Бектеновтің мақаласы жарияланды. Жарыққа шыға салып «мақтану ма, мақтау ма?» деген сынның астында қалған материал статистика мен «президент тапсырмасы бойынша» жасалған шаруаларды тізбектеуден тұрады. Бәрі өскен: экономика қарыштап, әлеуметтік жағдай түзеліп, саяси реформалар бұрын болмаған негізде жылдам іске асқан – статистика сайрап тұр.

Қошанов

Қошанов бастаған депутаттар не айтты?

Парламенттің төменгі палатасы да осыған бой алдырғандай. Әйтеуір мәжілістің бірнеше сағатқа созылған отырысы мақтау мен мадақтауға айналып кеткендей әсер қалдырды. Алдымен баяндама жасаған мәжіліс спикері Қошанов отыз жыл бойы Қазақстанда суперпрезиденттік басқару формасы қолданылғанын, осы саяси жүйе дағдарысқа әкелгенін, халықтың науқаншылдық пен жасандылықтан шаршағанын айтты. Оның сөзінше, қоғамның еңсесі Жаңа Қазақстан идеясы мен жаңаша жолдаулардың әсерінен көтеріліп қалыпты. Қыза келіп, «осы сәттен бастап Әділетті Қазақстан деген лозунг емес, реалды мүмкіндіктер болады» деп салды.

Одан кейін: «Ел тарихында тұңғыш рет Конституцияның үштен біріне демократиялық принциптерге сай түбегейлі өзгерістер енді. Суперпрезиденттік басқару жүйесі шектелді. Президент енді ешқандай партияға мүше болмайды. Жақын туыстарының жоғары лауазымды қызмет атқаруына тыйым салынды. Мемлекет басшысының жеке бастамасымен Конституцияға бір реттік, жеті жылдық мерзім қағидасы енгізілді. Аудан, ауыл әкімдері сайланбалы жүйеге көшті», – деді. Бір мандатты сайлаудың қайта енгізілгені мен парламенттің өкілеттілігі артқанын, екі триллион теңгеге жуық актив елге қайтарылғанын, құрылтайдың жайын баяндады. Артынан мұғалімдердің, дәрігерлердің жалақысы, студенттердің стипендиясы өсіп жатқанын, бұл тізімді жалғастыра беруге болатынын да еске салды. Десек те, қосылып жатқан аз-маз пайызбен бірге жатақхана мен үй жалдаудың, азық-түлік пен басқа да тауарлардың, қызметтердің қымбаттап жатқанын айтпай кетті.

Ермұрат Бапи
Фото: parlam.kz

Депутаттар да осы тезистер төңірегінде аса оптимистік баяндама жасады. Мысалы, Ермұрат Бапи 25 жылдық оппозициялық, қоғамдық қызметтен кейін сайлау арқылы депутат болғанын, 20 жыл бұрын жойылған бір мандатты мажоритарлық сайлау және сайлану мүмкіндігі президент реформаларының арқасында қайтадан қалпына келгенін айта келіп, «мұның Қазақстанның жаңа тарихында жазылып қалатыны ақиқат» деді. Бүгінгі күндердің тарихта «реформалар кезеңі» деген таңбамен қалатынын айтты. Осының бәрі атқарылып жатқандарды баяндау емес, мақтауға ұқсап бара жатқанда, бұл реформалардың ішінде кідірістер де жоқ емес деп қалды ол. Жиналғандардың бәрі құлағын түріп, күтіп қалған сәтте депутат: «Елдегі 30 жылда сірескен авторитарлық мұраның «мұрнын бұзып», қыр арқасын қирату жаңа билікке де оңайға түсіп жатпағанын іргеден сезініп жүрміз. Ескілердің ерегескен қарсылығы қаңтардан кейін де дамыл тапты дей алмаймыз», – деді. Сосын жеке-дара билікке табыну дерті бойына сіңіп кеткен мемлекеттік-бюрократиялық аппаратты айықтыру оңай емес екеніне көз жеткізгенін хабарлады. Расында, ол ауру әлі де өршіп тұрған секілді...

Қазыбек Иса
Фото: ашық дереккөз

Ал Қазыбек Иса қазіргі саяси реформаларды «салиқалы» деп сипаттап, тұңғыш президенттің есімі мен оның реформаларына жиі қосарланған сөздерді пайдаланды. «Жолдаудан бері үш жылдың ішінде іргелі өзгерістер жасалды» деді. Референдумды, парламенттің ықпалы артқанын, конституциялық соттың құрылғанын, сайлау туралы, сайланғандардың отыз жыл сірескен сеңді үш жылда қозғап жібергенін, нақты өзгерістер көз алдымызда екенін жеткізді. Осының бәрі президенттің жетістігі деп білетінін де жасырмады.

Ринат Зайытов
Фото: из открытых источников

Ринат Зайытов болса: «Әрине, жасағанымыздан алда жасайтынымыз көбірек. Ұлы жетістіктерге бара жатқанымыз анық. Бұл – тікелей мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың саяси институттарға, ойы бөлек азаматтарға деген сенімінің арқасы» деп басталған сөзін өлеңдетіп аяқтады. Иә, мемлекетте орын алып жатқан өзгерістерді көрмес қана байқамайды... Және шалғайда жатқан бір ауылда кішкентай баланың тісі ауырса оған Астанадағы министрдің жүрегі ауырады екен... Біздің министрлер мыңдаған халық қол қойған петицияға да мән бермейтінін ескерсек, Зайытовтың өлеңі «ақындық арынмен» жазыла салғандай әсер етеді екен.

Ерекше толғанған тағы бір депутат Ерлан Сайыров сондай бір керемет екпінмен автократия әсерінен 2010 жылдан бастап саяси дағдарыстың өршігенін, соның кесірінен азаматтар мен билік арасында байланыс үзілгенін айтты. «2019 жылы осындай күрделі кезеңде билік басына Қасым-Жомарт Тоқаев келді. Қаңтар кезеңінде ел президенті Қазақстан мемлекетін ауыр алапаттан құтқарып қалды» деді ол.

Депутат Бақытжан Базарбек болса, қолданылмай жатқан жерлер мен заңсыз берілген жерлердің мемлекет меншігіне қайтарылып жатқанын баяндады. Оның да сөзінде президенттің есімі бірнеше рет қайталанды.

Негізгі тезистер, жаттанды фактілер және «қызыл сөз»

Өзге де баяндамашылар жеткен жетістіктерді, атқарылған істерді санамалап шықты. Ұзын сонар баяндамалары тым жағымды болып кетті деп қысылды ма, әйтеуір сөздерінің соңында әлі де атқарылатын істер көп дегенді қосып қойып жатты. Өйтіп қысылатындайы да бар. «Ұлы», «тарихи», «салиқалы», «әділетті», «бірінші рет» деген сөздер тым көбейіп кетті.

Ең қызығы, сөз алғанның бәрі ортақ фактілерді айтты. Идеялары да мәндес. Баяндамалар бір-бірінен тек лексиконы мен екі-үш статистикасы арқылы ғана ерекшеленді деуге де болады. Соның ішінде ескі Қазақстан мен «ескі» президенттің қателігі жайлы көп сөз болды. Өткен отыз жылымыз бүгінгі қоғамның антогонисі ретінде сипатталып, өте эмоционалды тезистер келтірілді.

Одан соң сайлау жүйесі туралы қайта-қайта айтылып жатты. Әр баяндамашы тоқталған тағы бір тақырып – құрылтай. Екі триллион теңгенің елге қайтарылғанын да бәрі ұдайы қайталап отырды. Десек те, ешбірі бұл сыртқа кеткен миллиардтардың аз ғана бөлігі екені туралы жақ ашпады. Мәселен, Global Financial Integrity ұйымының болжамы бойынша, 2004-2013 жылдар аралығында ғана сыртқа 167,4 млрд доллар кеткен.

Алайда депутаттар мәжілістің бұл отырысында тек қызыл сөзге қызып алған ба деп қаласың. Бірнеше сағаттық риторикадан соң біз утопияда өмір сүріп жатырмыз ба деген сауал туындағаны да жасырын емес. Суперпрезиденттік форма артта қалды, парламенттің өкілеттілігі артты деп отырғанда, депутаттардың осыншама мадақ айтқаны қызық. Ол туралы кулуарда мәжілісмендердің өзінен сұрадық.

«Назарбаевтың кезінде депутаттар көп мақтау айтатын, сіздер ше?»

Ермұрат Бапи: «Әр депутаттың өз ұстанымына байланысты деп ойлаймын. Жеке мен өз сөзімде барды бар, жоқты жоқ деп айттым. Төрт-бес позицияма байланысты, атқарылған, атқарылып жатқан, атқарылу барысында орын алған кемшіліктер туралы сөйледім».

Бақытжан Базарбек: «Мен өзім мадақты жақсы көрмеймін. Оны 30 жыл бойы көрдік. Бірақ жақсының жақсылығын айту керек. Бүгін үш жылда не жасалды деген сұрақ қойылды. Үш жылда болған дүниенің нәтижесін білемін. Бұның алдында мен заңгер едім, парламентте депутат боламын деген ойыма да кіріп-шықпаған. Жеке басым үлкен демократиялық өзгерістер орын алып жатыр деп есептеймін. Сол туралы сөз сөйледім. Басқа депутаттарға жауап бере алмаймын. Назарбаевты мақтағандай, мадақты бүгін аса байқамаймыз. Алайда қатты кетпеген де дұрыс. Мақтай беріп, бұрынғы нәрсеге бой алдырмауымыз қажет. Ал бүгін атқарылғанды ғана айтып отырмыз. Бәрі фактілер. Әрине, кейде эмоционалды кетіп қалған нәрселер болған шығар. Бірақ іс жүзінде болғанды ғана қозғадық».

Елнұр Бейсенбаев: «Жарыса мақтап кетті деп ойламаймын. Керісінше, проблемалар айтылды ғой. Мемлекет басшысының атын атау да көп болған жоқ. Саяси реформаларға тоқталды. Ол тек президенттің емес, саяси институттар мен партиялардың да жетістігі. Мақтау-мадақтау болды деу мүлде қисынсыз. Тоқаевтың аты аталса мақтады деген сөз емес қой. Айтылғанның бәрі рас. Олардың қай жері мадақтау?»

Иә, соңғы спикеріміз өзімізге дүрсе қоя берді. Иә, жаңа сайлау жүйесімен парламентке келген депутатқа біз Зайытов айтқан «көрместердің» бірі болып көрінген болармыз...

Баян Мұратбекқызы