Медаль тағу – қазаққа жалғыз жұбаныш па?
Тәуелсіздік күні-қазақ үшін қастерлі мереке. Бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған ұлық мейрамды қалай өткеріп жүрміз?
Егемендіктің құнын ет жүрегімізбен елжіреп сезінеміз бе? Ақиқатында, қазақтың көпшілігі қасиеті ерен мейрамды орашолақ ойлайды. Ел мерейін қорғаған ерлерді еске алудың орнына, есіміз шығып медаль тағып мәз боламыз. Отыз жыл ішінде халқымыздың санасы жаhандық үрдіспен тыңаймаған, көкірегі біліммен нұрланбаған екен. Елімізде тәуелсіздік күні тақаған сайын жағымсыз әдет басталады. Әлеуметтік желіні шолып қарасаң, теледидарды қосып қалсаң, тағлымды дүние таппайсың. Кілең кеудесіне қадаған медалін жарқыратып, ыржаңдап тұрған қазақты көресің. Мәдениеттіліктің сиқы осы ма? Баяғының хас батырлары марапат алғанда, дәл осылай мақтаныш кернеп қасқайып тұрмағаны анық. Сонда, қазақстандықтар үшін тәуелсіздік күні — медаль тағуға ұласатын күн бе? Алқа алып, атаққа малданғандарды жас ұрпаққа көрсету ерсі. Былтыр мереке күні үйге келген қаршадай қонақ бала әлеуметтік желідегі кеудесіне медальдарды сусылдатып таққан шенеунікті көріп: «Мына батырдың медалі не деген көп?!» деп, мемлекеттік қызметкерді нұсқағанда, кібіртіктеп жауап қатпай жерге қараған едік. Биыл да, медаль алған шенеуніктер азаймаған. Араларынан жұмысшы қауымды таппайсыз. Сонда жас буынға кімді үлгі тұтамыз? Қазір бастық болуды қалайтын бала көп. Бүгінгі балақайлар жұмысшы болу — қорлық деп түсінеді. Олар үшін еңбекші қауымы-жалақысы аз, тұрмысы жүдеу, абыройсыз, атақ бұйырмайтын қара нар. Үлкендердің әрекеті — балаға қағида. Бала айналадағылардың сөзінен емес, көбіне ісінен өнеге алады. Түптеп келгенде, ересектердің ерсі әдетін көрген өреннің бойынан текті қадет қашатыны кәдік.
Кезінде Оспан батырға Сталин Совет үкіметінің батыры атағын береміз дегенде: «Мына жылтырды әйеліме бер, сол тақсын. Маған мылтық бер, отанымды қорғаймын!» деген екен.
Есті адамның есінде қалатын сөз. Бұған бүгінгі беделді белгіні таққандар не дейді екен? Егемен ел атанған 30 жылда қазақ мәдениеттен шеткері қалды. Осы олқылық отандастарымыздың ішкі мәдениетінің жұтаңдануына алып келді. Көбіміз сол солғын көріністі билік басындағы кейбір шенеуніктердің бойынан аңғарып жүрміз. Тарихта тәуелсіз мемлекет атану — орасан зор олжа. Өйткені, бостандықтың түбі қашан да, зар илеткен соғыспен, төгілген қанмен, жанқиярлық ерлікпен келеді. Ұлтымыздың шежіресіндегі 16-желтоқсан да, сол зұлматтан бір мысқыл да кем емес. Ендеше, ұлы күнде медаль тағып, ел-жұрттан сүйінші сұрап марқаятындай не жөніміз бар? Қасан әдеттен қашан арыламыз? Ессіз ерліктен арылатын кез келді. Тым болмаса, жыл сайын тәуелсіздік мерекесі қарсаңында бас көтермей медаль шығаратын Өскемендегі «Қазақстан теңге сарайы» өндірісінің жұмысшылары бел жазсын.