Медет Құмарғалиев: Кез келген адам қалдықтан қаражат жасай алады
Бүгінгі таңда Қазақстан бойынша 3,5 мыңға жуық қоқыс алаңы тіркелсе, соның небары 18 пайызы ғана санитарлық талаптарға сай келеді екен.
Ал елімізде заңсыз қоқыс алаңдарын жинауға жыл сайын мемлекет бюджетінен миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалып отыр. Алайда қалдықты қазынаға айналдырып, қоқысты кәдеге жаратуды жаңғыртып отырған жалғыз мекеме бар. Ол – өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері операторы. Өңдеуші саланы қаржыландыру ісімен айналысатын компания тұрмыстық қалдықты жинаушылар мен өңдеушілерді ынталандырудың жаңа жүйесін енгізген. Қалдықты қып-қызыл қаражат көзіне айналдыру, қайта өңдеу саласын жаңғырту жайында «ӨКМ Операторы» ЖШС басқарма төрағасы Медет Құмарғалиевтен сұрап білдік.
– Қазақстанда жыл сайын 4-5 млн тонна тұрмыстық қалдық шығады. Алайда сол қалдықтың небары 18,3 пайызы қайта өңделсе, қалғаны қоқыс полигондарына көміліп, одан қала берді, заңсыз қоқыс алаңдарына шығарылып жатыр. Осы ретте Оператор тарапынан қандай жұмыстар атқарылуда? – ӨКМ Операторының негізгі миссиясы – қалдықтардың қоршаған ортаға тигізетін кері әсерін барынша азайту, өңдеуге жарамды қалдықтарды кәдеге жарату, өңдеуші саланы қаржылай ынталандыру, экологиялық білім мен мәдениетті арттыру. Сонымен қатар тұрмыстық қалдықтарды тиімді басқаруға қажетті инфрақұрылымды жасақтау жұмысын жүргізу. Міне, осы жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асыру қалдық өңдеу көлемін азайтуға мүмкіндік береді. Қазір біз осы бағытта жұмыс жүргізіп келеміз. Мысалы, ӨКМ Операторы қызметін бастағанға дейін, яғни 2016 жылы тұрмыстық қалдық өңдеу үлесі 5 пайызға жеткен жоқ. Оператор қызмет еткен алты жыл көлемінде қайта өңдеу үлесін 18 пайыздан асырдық. Мұнымен, әрине, тоқтап қалмаймыз. Қазақстанда шығатын тұрмыстық қалдықтың 30 пайызын қайта өңдеуге болады. Яғни пластик, қағаз-картон, шыны, металл және аралас қаптамалар қайта өңдеуге жарамды. Өңдеуге жатпайтын гигиеналық құралдар, киім-кешек, ағаш және т.б. сияқты қалдықтар 20 пайызды құраса, қалған 50 пайызға жуық қалдық көлемін органикалық (тамақ) қалдықтар алып жатыр.
– Елімізде қалдықтан қаражат жасаудың жаңа жүйесін жасадыңыздар. Сол туралы айтып берсеңіз. Яғни сіздерден қаражатты қалай және кімдер ала алады?

– ӨКМ Операторыжыл басында қаптама қалдықтарын жинаушы, тасымалдаушы және қайта өңдеуші кәсіпорындардың басын біріктіретін «EcoQolday» цифрлық жүйесін іске қосты. Қазақстанда қайта өңдеу саласын қолдауға арналған жаңа модель осы салада бизнес жасаймын деген кез келген кәсіпкерге жол ашқан жаңа механизм деуге болады. Барлығы цифрлы форматта, онлайн жүйесінде жүзеге асырылады. Қаптама қалдығын жинаймын деген кез келген кәсіпкер ecoqolday.kz сайтына кіріп, сол жерде өзі жайлы ақпаратты тіркейді және қандай қалдық түрін жинайтынын (пластик, макулатура, шыны) көрсетеді. Нәтижесінде Оператормен негіздемелік келісімшарт жасалады. Одан әрі қарай қаптама қалдығын жинаушы адам осы жүйеде өзінің жинаған қалдығын өңдеуші кәсіпорындарға саудалай алады және жинаған қалдығының көлеміне қарай Оператордан қаражат алады. Айталық, 1 тонна шыны тапсырған кәсіпкерге 44 688 теңге беріледі. Пластиктің тоннасына 52 797 теңге, макулатура үшін 33 953 теңге қаражат төлейміз. Субсидияны кез келген кәсіпкер ала алады. Ол мейлі студент, зейнеткер, тіпті шағын және орта бизнес өкілі болсын – бәрібір. Ең бастысы, «EcoQolday» жүйесіне тіркеліп, жинаған шикізатының көлемін көрсетсе болғаны. Сонымен қатар «EcoQolday» жобасы аясында біз қаптама қалдығын тасымалдаушы компанияларды да қаржыландырамыз. Бұл жердегі жүйе «индрайвер», «яндекс» такси қызметі сияқты. Яғни шикізатты өңдеушіге жеткізуге кететін жол шығынының 50-70 пайызын қаржыландырамыз. Бір сөзбен айтқанда, қалдық жинаушы шикізатын саудалап қана қоймай, сол қызметі үшін қосымша қаржыға ие болады.
– Расымен де, бұл осы саланы серпілтуге жасалған жақсы қадам екен. Бүгінгі уақытта «EcoQolday» жүйесінде қанша кәсіпкер жұмыс істеп жатыр және қанша қаржы төленді?

– Бұрындары қаптама қалдықтарын жинаушылар мен өңдеуші кәсіпорындар тендер арқылы таңдалатын. Кәсіпкерлер 10-нан астам құжат жинап әлек болатын. Ал қазір ондай жоқ. Барлығы ашық электронды түрде ешбір бюрократиясыз жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда «EcoQolday» жүйесіне тіркеліп, осы салада өз кәсібін дөңгелетіп жатқандардың саны 500-ден асты. Атап айтқанда, қаптама қалдыған жинаушылар саны – 137, кәдеге жаратушы кәсіпорындар саны – 29, ал шикізатты тасымалдаушылар саны 405 ке жетіп отыр. Жүйеге қосылушылар мұнымен шектеліп қалмайды және олардың саны күн сайын арта бермек. Жоба іске қосылған күннен бергі 6 айда жиналған қаптама қалдығының көлемі 56 мың тоннадан асты. Осы салада еңбек етіп жатқан кәсіпкерлерге бүгінгі таңда 1,4 млрд теңгеден астам қаражат төленді. Әр апта сайын 3000 тоннадан астам қаптама қалдығы жиналып (макулатура, шыны, пластик), өңдеушілерге жеткізілді. Соған сәйкес, Оператор әр апта сайын 100-150 миллион теңгеге дейін субсидия төлеп отырмыз. Осылайша біз «EcoQolday» жүйесі арқылы туған жерімізді ластамауға және қалдықты табысқа айналдыруға шақырып отырмыз.
– Қаптама қалдығын жинаушы оны өткізуде қиыншылыққа тап болмай ма? Қаншалықты қалдық жинау табыс әкеледі?

– Осы кәсіпті бастаймын деген адамдардың қоятын заңды сұрағы да осы. Әлбетте, қазір шикізат нарығында сұраныс жоқ емес. Жоғарыда айттым, «EcoQolday» жүйесінде қайта өңдеуші 29 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Бұл дегеніңіз – саудалаудың, өткізудің дайын нарығы. Біз осы жүйе арқылы ішкі бәсекелестікті туғыздық. Соның нәтижесінде шикізат бағасы өсті. Айталық, өткен жылы шыны, қағаз, полимер келісі 8-130 теңге аралығында болса, биыл оның құны 28-228 теңгеге дейін саудалануда. Демек, шикізатты ішкі нарықта саудалап-ақ табыс көруге болады. Осы жерде бір мысал келтіре кетейін, сіз 1 тонна картон өткізіп, зауыттан 80-90 мың теңге алсаңыз, ӨКМ Операторы сізге тағы 33 953 теңге субсидия береді. Сонымен қатар өңдеушіге жеткізетін жол шығынын жартылай өтеп береді. Осыдан-ақ қалдық жинау кәсібі қаншалықты табысты екенін есептей беріңіз. Биыл біз қаптама қалдығын жинаушыларға берілетін субсидия көлемін екі есеге дейін ұлғайттық. Дәл осы бағытты субсидиялауға биыл 13 млрд теңге қарастырып отырмыз. Қайта өңдеуші кәсіпорындар 227 мың тоннадан астам қаптама қалдығын өңдеу межесін белгілеген болатын. Бұл, әрине, жоғары қойылған меже. Соны еңсеру үшін жұмыс істейтін боламыз.
– Соңғы жылдары үлкен қалаларда қоқысты сұрыптап тастау тәжірибесі енгізіліп жатыр. Оның айтарлықтай нәтижесі бола ма?

– ӨКМ Операторы миссиясының бірі – дәл осы қалдықты бөліп тастауға қажетті инфрақұрылымды дамыту. Қазіргі уақытта Өскемен, Семей, Ақтөбе, Қарағанды, Нұр-Сұлтан және еліміздің басқа да он шақты аймағында қалдықты сұрыптап тастау жүйесі қолға алынып отыр. Алдағы уақытта Алматы, Павлодар, Маңғыстау облыстарында қалдықты бөліп тастауға қажетті материалдық-техникалық жарақтандыру жұмыстарын жүргізсек деген жоспарымыз бар. Қазіргі уақытта Өскемен, Семей және Ақтөбе қаласына қалдықты сұрыптауға арналған қоқыс контейнерлері мен арнайы техникаларды сатып алып, әкімдік еншісіне бердік. Сонымен қатар аталған үш қалаға өндірістік қуаты жылына 300 мың тонна тұрмыстық қалдықты сұрыптай алатын автоматты кешен салуды қолға алдық. Жыл соңына дейін кешендер пайдалануға беріледі деп жоспарлап отырмыз. Айта кету керек, сұрыптау желісін Грекияның Sabo компаниясы орнатады. Автоматтандырылған мұндай кешен әзірге Қазақстанның ешбір аймағында жоқ. Заманауи қондырғымен жұмыс істеуді үйрену үшін қазақстандық мамандар Грекияға барып, арнайы сабақ алып та келді. Жалпы, осы үш қаланың қалдық басқару жүйесін жаңғыртуға 5,2 млрд теңге қаражат бағыттадық. Міне, осылайша біз қалдық басқару жүйесін жаңғырту арқылы қайта өңдеу үлесін арттыруды көздеп отырмыз. Бұл бір айдың немесе бір жылдың ішінде нәтиже береді деп, жүзеге асып кететін шаруа емес. Барлық қадам кезең-кезеңімен жүйелі түрде жүзеге асырылуы қажет.

– Табиғат аясына шығып, өзен-көлдеріміздің жағасына барсақ, шашылып жатқан қалдықтарды көреміз. Бұны ішкі мәдениетсіздік дейміз. Ал жағажайларға контейнерлер орнату кімнің құзырындағы шаруа?

– Әрине, әр адам өзінің тұрған жерін, туған табиғатын таза ұстауы керек. Ол туралы отбасында, мектеп қабырғасында айтылары сөзсіз. Ал енді жағажай, өзен-көлдер маңына арнайы контейнерлер орнату ісіне жергілікті билік пен бизнес бірлесе кірісуі қажет. Кәсіпкер қалдыққа қаражат деп қараса, жергілікті билік сол кәсіпке қолдау білдіруі керек. Сонда ғана біздің қайта өңдеу саласы ілгері басады, табиғатымыз таза болады. Жыл сайын елімізде ұлттық парктерге саяхат жасаушылардың саны артып келеді. Соған сәйкес, табиғатқа тасталатын қоқыс көлемі де өсіп жатқаны жасырын емес. Осы орайда, біз ең алғаш рет Іле-Алатау ұлттық паркіне қалдықтарды бөлек жинау жүйесін іске қостық. Ұлттық парк аумағында қалдықты бөлек тастауға арналған 225 арнайы контейнер мен екі арнайы техника сатып әпердік. Осы жұмыстарға Оператор 110 млн теңге қаражат жұмсады. Осылайша біз тұрмыстық қалдықтан қоршаған ортамызға келетін зиянды азайтып, оны сұрыптау мәдениетін дамытуды басшылыққа алып отырмыз. Осы бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
– Шыны керек, қағаз, әйнек, пластик сауыттарды тамақ қалдығымен бірге контейнерлерге тастай саламыз. Қайта өңдеуге жарамды қалдыққа мән бермейміз. Осы жағын қалай ретке келтіруге болады?



– Қалдық қаражат көзі екенін, оны қайта өңдеуге тапсырып, ақша табуға болатынын айттым. Еліміздегі қоқыс полигондарына түсетін қалдықтың 80 пайыздан астамы өңделмей жатқаны жасырын емес. Қалдықты контейнерлерге дұрыс тастау, үйден сұрыптап шығару деген ішкі мәдениетіміз пен экологиялық санамызға байланысты. Дегенмен де біз осы бағытты қаржылай тартымды болуы үшін арнайы жобалар әзірлеп отырмыз. Соның бірі – «EcoQolday Home» жобасы. Тамыз айынан бастап Нұр-Сұлтан қаласында құрылыс компанияларының бірімен серіктесе отырып, елорда тұрғын үй кешендерінде аталған жобаны таныстыруды бастадық. Жоба аясында пәтер иелері кооперативі, мүлік иелері бірлестігі (КСК/ОСИ) немесе басқа да ұйымдар қайталама шикізатты жинауды өз ауласында жүзеге асыра алады. Кейін жинақталған шикізатты жинаушылар сатып алады. Ал одан түскен ақшаны ауланы абаттандыруға, үйді жөндеу, ауланы жаңғырту мақсаттарына пайдалануға болады. Міне, осылайша өңдеуге жарамды қалдықты кәдеге жаратуға кез келген тұрғын атсалысады және соның пайдалы нәтижесін де көреді.
– Тұрмыстық қалдық мәселесімен қатар, автокөлік тақырыбын тілге тиек етсек. Ескі көліктерді қабылдау бағдарламасы барлығымызға жақсы таныс. Аталған бағдарлама қазір жүріп жатыр ма, қанша көлік қабылданды?

– Тозығы жеткен көлік құралдарын қабылдау, оны кәдеге жарату бағдарламасы 2016 жылдың қарашасынан басталған болатын. Бағдарлама бүгінгі күнге дейін жүйелі түрде жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар автокөліктерді қабылдау жүйесіне де жаңа өзгерістер жасалды. Тапсырылатын көлік құны өсті. Жеңіл көліктерге берілетін өтемақы 210 мың теңге болса, жолаушы және жүк көліктеріне 420 мыңнан 630 мың теңгеге дейін беріледі. Айта кету керек, өтемақы көлемі айлық есептік көрсеткішке байланысты өсіп отыратын болады. 2020 жылдың қарашасынан бастап ауылшаруашылық техникасын қабылдау бағдарламасын бастадық. Бұл бағдарламаның талабы бойынша ескі трактор мен комбайнын өткізген шаруаға жеңілдік сертификаты беріледі. Айталық, толық жиынтықтағы тракторға 1 миллион теңгенің сертификаты берілсе, комбайн 2 миллионның сертификатына бағаланады. Қазақстанда құрастырылған кез келген көлікті сатып алғанда жаңағы жеңілдік сертификатының құны көлік бағасынан шегеріледі. Ескі көлікті жоюға қабылдау бағдарламасы іске қосылғаннан бастап, бүгінгі күнге дейін Қазақстан бойынша 198 мыңнан астам автокөлік жоюға қабылданды. Сонымен қатар 2200-ден астам ауылшаруашылық техникасы өткізілді. Ескі техникасын жоюға тапсырған қазақстандықтарға 28 миллиард теңгеге жуық қаражат төленді. Айта кету керек, апта сайын ел бойынша 1000-нан астам көлік қабылданып, тапсырылған техника иелеріне 200 миллион теңгеден астам қаражат беріліп келеді.
– Осы қабылданған көліктердің кейінгі тағдыры қалай болмақ?
– Өздеріңіз білесіздер, 2017 жылы Қарағандыда ескі көлікті қайта өңдейтін Орталық Азияда теңдесі жоқ зауыт салынды. Зауыттың қуаты жылына 50 мың көлікті өңдеуге жетеді. Қазақстан бойынша ескі көліктерді қабылдайтын 18 бекет жұмыс істеп тұр. Еліміздің әр қиырынан жиналған көліктер Қарағандыдағы зауытқа жеткізіледі. Сол жерде оның қара және түсті металдары сұрыпталып, ескі көлік 95 пайызға дейін қайта өңделеді. Қара және түсті металдары балқытылып, сол аймақтағы металл өңдеу кәсіпорындарына жіберіледі. Бір сөзбен айтқанда, тапсырылған көліктер толығымен кәдеге жаратылады.
– Қайта өңдеу саласын қаржыландырудан бөлек, сіздер экологиялық білім мен мәдениетті дамытуға ден қойып отырсыздар. Сұхбатымыздың соңын эко-білім жайында түйіндесек.



– Эко-сана, экологиялық мәдениетті қалыптастыру балабақшадан, мектептен басталады.Осы бағытта біз не істедік? Нұр-Сұлтан қаласының барлық оқушыларына қалдықтың пайда болғаннан бастап, қайда баратынын түсіндіретін бағдарламаны іске қостық. Қалдық өңдеу зауытына экскурсиялар ұйымдастырылды. Содан кейін қаптама қалдықтарын (пластик, макулатура, шыны) қайырымдылық бағытында жинауды жүзеге асыратын «ЭкоАсар» жобасын қаланың барлық мектеп-балабақшасына қостық. Кейіннен «ЭкоАсар» марафон эстафетасы Семей мен Өскемен мектептеріне берілді. Тапсырған шикізаттан түскен қаражатқа аз қамтылған отбасының балаларына ноутбук, азық-түлік, мектеп кітапханаларына оқулықтар, мектеп ауласына гүлдер мен алма ағаштарын егуге, қараусыз қалған жануарларға азық сатып әперуге жұмсалды. Міне, осылайша біз жас ұрпаққа экологиялық мәдениетпен қатар, қайырымдылық қасиетті үйретуді қолға алдық.
Экологиялық білімді жастардың санасына өнер арқылы сіңіру мақсатында Нұр-Сұлтан қаласында ең алғашқы экологиялық театрды іске қостық. Эко-театр жас көрермендеріне тұрмыстық қалдықты бөліп тастау тақырыбында тағылымды қойылымдар көрсетуді бастады. Сондай-ақ инклюзивті білім беруді дамыту мақсатында театр қабырғасында «Эко-шеберхана» әлеуметтік жобасы іске қосылды. Ол жерде балалар ескі тұрмыстық электр техникасын бөлшектеп, оны қайта өңдеуге жіберуді үйренеді. Міне, осылайша біз жас ұрпақтың санасына эко-мәдениетті өнер-білім арқылы жеткізе отырып, дархан даламыздың әсем табиғатын қорғауды, оны бағалауды бүгіннен бастау керегін іс жүзінде орындап келеміз.
– Сұхбатыңызға рақмет. Жұмыстарыңыз табысты болсын!