Медиацияның қолданыс аясы кеңейіп келеді
Жақында Сенат «Біріккен Ұлттар Ұйымының медиация нәтижесінде қол жеткізілген халықаралық татуласу келісімдері туралы конвенциясын ратификациялау туралы» заңын қабылдады.
Елімізде медиацияға деген сұраныстың артуы, сот жүйесінде медиацияның сәтті жүзеге асуы медиацияның қолданыс аясын кеңейте түсу қажеттігін сездіргендей. Заң жобасының негізгі мақсатын түсіндіре келе Әділет министрі Қанат Мусин де медиацияның көмегімен екі тараптың мүдделерін қанағаттандыра отырып, дауды шешуге болатындығы халқымызды қызықтырып отырғанын атап өтті. Демек халқымыздың қанында бар қасиет бітімге келу қайта жаңғырып отыр деуге болады.
Атап өтер жайт 2011 жылы елімізде дауларды баламалы шешудің жаңа түрі – медиация институты енгізілген болатын. Шын мәнінде бұл ата-бабамыздың талай тентекті бітімге келтіріп, түрмесіз ақ тезге салған, тараптарды ың-шыңсыз татуластырып, ат шапан айыбымен таратқан ата-баба жолы болатын. Шетелдік жаңа жүйе деп қанша әспеттесек те, халқымыздың қанында бар қасиет, «бас сынса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» дегізіп, бітімге шақырудың жөні бөлек. Ұлт дәстүрін жаңғырту арқылы медиацияның да ел ішіне тез сіңіп кетуіне ықпал еттік деуге болады. Бүгінгі күні қолданыс аясы кеңейіп, сұранысқа ие болып келе жатқан жүйе алдағы уақытта тіпті қанатын кең жая түсетін түрі бар. Өйткені 2019 жылғы 7 тамызда Сингапурде Қазақстан БҰҰ-ның медиация нәтижесінде қол жеткізілген халықаралық татуласу келісімдері туралы конвенциясына қол қойды.
Әділет министрі Қанат Мусин «Конвенцияның мақсаты – қатысушы мемлекеттердің аумағында медиация нәтижесінде қол жеткізілген халықаралық келісімдерді тану және орындау. Осы уақытқа дейін бізде осындай тетік болған жоқ. Конвенция қатысушы мемлекеттердің екі және одан да көп компаниялары арасындағы халықаралық коммерциялық дауларына ғана қолданылады. Конвенцияны ратификациялау – соттан тыс медиацияны жетілдіруде оң қадам. Ол халықаралық саудаға жәрдемдесудің маңызды құралы және коммерциялық тараптардың халықаралық келісімдерін жүзеге асыруға ықпал етеді» дейді. Конвенцияға сәйкес татуласу келісімін орындау ұлттық заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады. Медиация нәтижесінде қол жеткізілген келісімдерді орындау тәртібі «Медиация туралы» Заңның және Азаматтық процестік кодекстің ережелерінде көзделген.
Атап өтер жайт, Қазақстанның конвенцияның қатысушы ретіндегі мәртебесі елдің халықаралық бизнес-беделіне және инвестициялық тартымдылығына оң әсер етеді деп күтілуде. Қазірдің өзінде бұл бастама көпшіліктің оң көзқарасына ие болуда. Мәселен, сенатта палата төрағасы Мәулен Әшімбаев «Медиация – коммерциялық дауларды реттеудің тиімді құралы. Конвенция оған мүше мемлекеттерде коммерциялық даулар кезінде медиация арқылы қол жеткізілген келісімдерді орындау үшін құқықтық негіз қалыптастырады. Қазіргі таңда медиация – коммерциялық дауларды реттеудің баламалы және тиімді құралы» деп баға беріп отыр. Осы орайда айта кетсек, медиацияның артықшылығын санамалағанда сот саласының мамандары «сот жүйесінде тараптардың өзара бітімге келуі, ең алдымен істің тез шешіліп, уақыт үнемдеуіне ықпал етеді. Екіншіден, сот шығындарын да азайтып, судьялардың жүктемесінің көбеюуінің алдын алады. Медиацияда жеңілген тарап болмайды, медиаторлар істің «алтын аралығын» табады» дейді. Сондықтан қоғамымыз медиатор дайындауға көңіл бөліп, медиациялық кабинеттер ашып, мүмкіндігінше оның көбірек қолданылуына ықпал етуге тырысуда.
Сондай-ақ Ассамблеяның Достық үйлерінен медиациялық кабинеттер ашу арқылы, ұлтаралық қақтығыстар орын алған жағдайда, істі ушықтырмай бейбіт келісімге келтірудің де бір жолы ретінде де медиация жүйесі қарастырылған еді. Бұл шын мәнінде өте жақсы бастама болатын. Өйткені қызуқандылықпен керісіп қалатын жастар көп жағдайда өткеннің тарихына үңіле бермейді. Ата бабаларының сонау бір қиын қыстау кезеңдерде қазақтың құшағын ашып, бауырына тартуының, бір бөлмелі үйінің ішінен орын тауып, бір асты бөліп ішкен сыйластығын түсіне бермейді. Ал медиациялық кабинеттерде өзара сөйлесіп бітімге келетін жастар үшін медиацияның Ассамблеяларда қолдана бастауының маңызы зор! Сондықтан барлық жағынан пайдалы жүйе жаңа заңнама аясында да өз мақсатын сәтті орындап шығарына сенім мол!