Медиаконтенттің үнсіз салдары: Мазасыздық феномені

Nutgraph: Зерттеулерге сәйкес, бүгінде әрбір жеке тұлға күніне шамамен 74 ГБ ақпарат өңдейді, бұл 16 фильм көргенмен немесе 200 000 сөз оқығанмен тең.
Дәл осындай көлемдегі ақпаратты 500 жыл бұрынғы көзі ашық адамдар бүкіл өмір бойы қабылдайтын. Әлеуметтік желідегі визуалды әрі негативке толы ақпарат қоғам мазасыздығын күшейтіп тұр. Бұл мақала – ақпараттық мазасыздықтың себептерін психология, медиа және қоғам тұрғысынан түсіндіретін эксплэйнер. Сондай-ақ негативті контентке бейімділік пен медиагигиена жайлы маңызды тұжырымдар ұсынады.

"Кейде көшеде балалар жүргенін көрсем, біртүрлі күйге түсіп кетем. Байқамай біреуді қағып кетем бе деп қорқам…"
Бұл – 19 жастағы Аяулымның күн сайынғы ішкі монологы. Ол жолға шыққан сайын бойын билеген үрейден арыла алмайды. Жаңалықтан көрген қайғылы оқиғадан кейін екінші курс студенті үшін көлік жүргізу енді күнделікті қорқыныш пен ішкі күреске айналды.
Аяулым секілді жаңалықтарды жиі қарайтын адамдар көп. Әсіресе әлеуметтік желілердегі видеолар арқылы ақпаратты визуалды түрде қабылдау – эмоциялық әсерді күшейтеді. Көлік жүргізу тәжірибесі болса да, Аяулымның мазасыз ойлары күн өткен сайын үдеп барады.
Ал Айымжан Қуанышева – 18 жаста. Күніне үш сағаттан артық әлеуметтік желіде отырады. Ол да ақпараттың шегі жоғын мойындайды.
– Ақпаратты тым көп тұтынғанда өз-өзіме жынданып, жылағым келіп кетеді. Байқамай Instagram-ға кіріп кетемін де, қайта-қайта қарап отырамын. Кейде желілерді өшіріп тастағым-ақ келеді, бірақ бұл маған өте қиын», – дейді ол.
Бірі көлікпен бала қағып кетемін деп үрейленсе, енді бірі жаңалықтардан құр қаламын деп қорқады. Әркімнің ішінде өз қорқынышы бар. Ал медиа дәл сол қорқыныштарды ұлғайтатын құрал болып барады.
Бүгінде көптеген адам медиадағы мазмұндарға шектен тыс сеніп, өзіне диагноз қоя бастады. Психолог Ұлдана Ағабаеваның айтуынша, кейде адам бірнәрсе оқып алады да, психологқа дайын диагнозбен келеді.
– Әр үшінші клиент дерлік: «менде ГЗТС синдромы бар», – деп шағымданып келеді. Бірақ шын мәнінде олардың ешқайсысында нақты диагноз жоқ. Бұл – әлеуметтік желі арқылы тараған контентке сене берудің салдары, – дейді маман.
Бұл тенденция SickTok деп аталады. TikTok-та #СДВГ және #аутизм хэштегтері бар контенттер 60 миллиард қаралым жинаған. Кей авторлар өз тәжірибесін бөлісіп, диагнозы жайлы айтады, алайда олардың ішінде ресми емес деректер де бар. Ал нақты мәліметтерге сүйенсек, 2023 жылдың соңында АҚШ-та СДВГ диагнозы расталған 9 миллион жағдай тіркеліп, бұл 2007–2016 жылдармен салыстырғанда екі есе көп.
Неге негатив бізге тартымды?
Психолог Анна Борисқызы былай дейді:
– Ең алдымен, бұл қауіпсіздікке деген қажеттілікпен байланысты. Адам ақпаратты бақылау арқылы өзін қауіпсіз сезінгісі келеді. Яғни жаңалықтарды бақылау – «жағдайды қадағалап отырмын» деген иллюзия береді. Бұл адамға сыртқы әлемнен қорғанғандай күй сыйлайды.
Бұл – тамақтану секілді: пайдалы тағам ба, әлде фастфуд па – бәрібір. Адам кейде терең әрі пайдалы деректерді іздемей, тек «инфо-фастфуд» тұтынады. Өзін осылай «толыққанды», «ақпараттан хабардар» сезінгісі келеді.
Психологтар бұл құбылысты ақпараттан құр қаламын деген қорқынышпен, яғни FoMO-мен (Fear of Missing Out) байланыстырады. Адам жаңа пост, видео, жаңалық шыққан сайын соны көруге ұмтылады. Уақыт өте келе бұл үрей, ашушаңдық және назар салудың қиындауына алып келуі мүмкін.
Бұл арада психологиялық әсермен қатар, физиологиялық салдар да ескерусіз қалмауы керек. Эндокринолог Эльвира Ерікқызының айтуынша, созылмалы мазасыздық пен күйзеліс адамның эндокриндік жүйесіне тікелей әсер етеді. Соңғы жылдары ерте кезеңдегі қант диабеті, артериялық гипертония, невроз және депрессия белгілерінің пайда болуы жиілеген.
– Жақында маған 28 жастағы қыз келді, – дейді эндокринолог. – Медициналық тексерістен кейін оның климакс кезеңіне ерте кіргені анықталды. Ал әріптесім-гинеколог 19 жастағы бойжеткенге дәл осындай диагноз қойғанын айтты. Мұндай өзгерістер бұған дейін негізінен егде жастағы адамдарда ғана кездесетін.
Дәрігер осыған ұқсас аурулардың “жасаруын” эмоционалды интеллектің жеткіліксіз дамуымен байланыстырады. Сондай-ақ күйзеліспен күресу дағдыларының жоқтығы мен пассивті өмір салты да кері әсер етеді.
– Жастар арасындағы бедеулік, ерлер денсаулығының нашарлауы мен семіздіктің де белең алуы – осының айқын дәлелі, – дейді Эльвира Ерікқызы.
Сонымен қатар қазіргі медиамазмұндар клиптік ойлауды қалыптастырады: адам тек қысқа әрі үстірт ақпаратты қабылдауға үйреніп, терең ойлау мен талдау қабілеті әлсірейді. Салдарынан депрессияға ұшырау ықтималдылығы артады.
Қазақстандағы депрессия көрсеткіштері
Халықаралық CountryCassette басылымының соңғы зерттеуіне сүйенсек, депрессияның таралуы бойынша Қазақстан әлемдегі 180 елдің ішінде 93-орында екен. Бұл тізімде біздің алдымызда Ресей, АҚШ және Эстония тұр. Елдегі депрессияға ұшыраған халықтың үлесі – 4,4%, бұл шамамен 732 мың адам деген сөз. Салыстырмалы түрде, әлемдік орташа көрсеткіш – 3,9%. Яғни, біздегі ахуал алаңдатарлық деңгейде.

Бұл сандар еліміздің ресми статистикасымен де сәйкес келеді. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі республикалық психикалық денсаулық ғылыми орталығының дерегіне сәйкес, 2023 жылы психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстар бойынша тіркеуде тұрған азаматтар саны 198,4 мыңға жеткен.
Орталық мамандарының айтуынша, халықтың психикалық денсаулық туралы білімі төмен, ал кәсіби көмекке қолжетімділік шектеулі. Сол себепті қазақстандықтар мазасыздық пен үрейдің себебін көбіне виртуалды кеңістіктен іздейді. Бірақ оны да қауіпсіз деп айта алмаймыз.
2024 жылы Қазақстанда суицид пен зорлық-зомбылықты насихаттайтын 127 сайт, жалпы саны 35 мыңнан астам заңсыз интернет-ресурс анықталған. Бұл цифрлар – виртуалды кеңістіктегі мазмұнның қандай ауқымға жеткенін және оны сүзгіден өткізу, реттеу қажеттілігін көрсетеді.
Жетінші арнаның шеф-редакторы Оңалтай Қуандықтың пікірінше трагедияны, зорлық-зомбылықты қан-жоса етіп сипаттау немесе кәмелетке толмағандардың бет-әлпетін рұқсатсыз жариялау – этикаға қайшы.
– Мұндай ақпаратты таратуда жауапкершілік жоғары. Мысалы, жасөспірімнің 9-қабаттан секіргені туралы жаңалық күйзелістегі басқа балаға “өмірмен осылай қоштасуға болады екен” деген ой салуы мүмкін. Сондықтан ақпарат берудің жазылмаған, бірақ маңызды этикалық ережелері бар, - дейді ол.
“Бас редакторлар клубы” РҚБ атқарушы директоры Бибігүл Бөкенбайқызының пікірінше, эмоция мен манипуляцияға құрылған контенттің көбейіп кетуі фактчек мәдениетінің әлсіздігін көрсетеді.
– Алысқа бармай-ақ, осы сәуірде Шымкент әкімінің орынбасары Р. Берденовке қатысты жаңалықты кейбір порталдар ресми мәлімдемені күтпей жариялады. Кейін сол дерекке сүйенген өзге медиалар мен блогерлер жалған детальдар қосып таратты. Бұл – single-source syndrome, яғни ақпаратты тексермей, бір дереккөзден көшіру, - дейді ол.
Ақпарат ағыны тым жиілегенде, адам шынайы қауіптің ішінде жүргендей күй кешеді. Бұл құбылыс ғылымда «медиа-индуцирленген посттравматикалық стресс бұзылысы» (ПТСР) деп аталады. Қазақстанда бұл феномен Салтанат Нүкенова ісіне қатысты жаңалықтардан кейін айқын көрінді.
Көптеген әйел әлеуметтік желіде өз қорқынышы мен тәжірибесін бөлісіп, «мен де осындай жағдайдан өттім», «жалғыз жүруге қорқамын», «ерлерге сенуден қалдым» деген пікірлер жазды.
Бұл – коллективті травманың бір формасы. Яғни адам ауыр жағдайға тікелей тап болмаса да, сол сарындағы жаңалықтарды қайта-қайта оқи отырып, психологиялық жарақат алуы мүмкін.
Ең өкініштісі, мұндай контентке әлі бұғанасы бекімеген, өзіндік сараптама жасай алмайтын жас буын өкілдері жиі сеніп қалады. Бұл жөнінде әлеуметтанушы Әсем Құсманова былай дейді:
– Зерттеулер зумерлердің думскроллингке – яғни теріс жаңалықтарды үздіксіз әрі ой елегінен өткізбей тұтынуға – бейім екенін көрсетеді. Себебі олардың сыни ойлау қабілеті басқа буындарға қарағанда әлі әлсіздеу. Олар ақпараттың астарын немесе манипулятивтік сипатын әрдайым аңғара бермейді.
Осыған байланысты мамандар балалардың когнитивті функцияларын дамыту мен сыни ойлау қабілетін жетілдірудің маңыздылығын жиі айтады. Мәселенің алдын алу үшін балаларға арналған даму орталықтары мен бағдарламалар жыл санап көбейіп келеді.
Жылдам оқу орталығының жетекшісі Толғанай Қайратқызы да өз тәжірибесінде балалардың ақпаратты қабылдауына ерекше мән беру керектігін айтады:
– Қазіргі балалар цифрлық ортада еркін жүзіп жүргенімен, олардың бәрі ақпаратты саралай алмайды. Медиа сауаттылық терең қабілет. Сондықтан балалармен ақпаратты тек оқып қана қоймай, оны сұрақ қоя отырып талдауды дамытуымыз қажет.
Алайда бұл мәселеге бәріне бірдей ортақ шешім жоқ. Психолог Ұлдана Ағабаева бұл мәселеге қатысты әмбебап тәсіл жоқ екенін алға тартады.
– Ең әуелі мәселенің барын мойындау керек. Не болып жатқанын ұғынып, ақпарат ағынын біртіндеп азайту маңызды. Ең маңыздысы – өзіңе таңдау еркіндігін беру: шынымен қажет дүниені ажыратып, қалғанын ысырып тастау, – дейді маман.

Күнделікті мазасыздықты азайту – медианы дұрыс оқу гигиенасынан басталады. Толығырақ кеңестерді анықтамадан таба аласыз:
“Медианы дұрыс оқу гигиенасы” анықтамасы
Мақала авторлары:
Назым Тұяқбай,
Ильнара Менисова,
Айым Жаныбекова