«Медицинада жүйе көбейген сайын ақша жоғалады»
Онсыз да былықтан шыға алмай, әупірімдеп келе жатқан денсаулық сақтау саласын ұшпаққа шығармаған МӘМС жүйесі жөнінде сыни пікір толастар емес. «Жығылғанға жұдырық» демекші, бақандай 26 млрд теңгенің қолды болып, қорға жиналған 700 млрд теңгенің мақсатсыз жұмсалғаны саланы одан әрі батпаққа батырды.
Тіпті сақтандыру жүйесінің шарапатын көре алмаған жұрттың әр жерде білдірген жанайқайы билік басындағыларға да жетіп, бітеу жараның аузы ашылды десе болғандай.
Бұл түйткілдің шарықтау шегіне жеткенін түсінген президент Қ.Тоқаев Ұлттық құрылтайдың соңғы жиынында: «…Мен Үкіметтің Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын Қаржы министрлігіне беру шешімін қолдаймын. Әлеуметтік сала басшыларының біліксіздігі мен мемлекет мүддесіне немқұрайлы қарауының салдарынан медициналық сақтандыру қорында қомақты қаржы қолды болды», – деген. Одан соң сейсенбі күні Үкіметтің кеңейтілген отырысында да бұл тақырыптан айналып өтпеген мемлекет басшысы саланы тағы да сынап, нақты тапсырмалар берді.
«Денсаулық сақтау саласында жеке-жеке жұмыс істейтін 30-дан астам ақпараттық жүйе бар. Аталған жүйелерді бір-біріне толыққанды байланыстыруды бұған дейін қанша талап етсек те, сол күйі жасалмады. Бюджет қаржысын жымқырудың басты себептерінің бірі – осы. Салалық министрлердің көз алдында бұрын-сонды болмаған ауқымдағы алаяқтық істер жасалғаны таңғалдырады. Оның үстіне бұл әлеуметтік салада орын алып жатыр. Бас прокуратура мен басқа да өкілетті органдар қылмыстың қашан жасалғанына, оны кімдердің жасырғанына қарамастан, істі егжей-тегжейлі тексеріп, ақиқатты анықтауға міндетті. Тергеу процесін өз бақылауымда ұстаймын. Ал үкіметке 1 желтоқсанға дейін Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйе құру жұмысын аяқтауды тапсырамын. Бұл барлық үдеріске бақылау жасап, басынан аяғына дейін қадағалап отыратын жүйе болуға тиіс», – деді президент.
Әзірге МӘМС төңірегінде жымқырылған қаражат жайында нақты тексеріс нәтижесі жария болмады. Жалған құжат толтырып, деректерді бұрмалайтын қитұрқы әрекеттердің бар екені анықталса да, Бас прокуратура мен тиісті құқық қорғау мекемелері тергеп-тексеру амалдарын «байыппен» жүргізіп жатқанға ұқсайды. Тіпті бұған дейін Жоғары аудиторлық палата өз есебінде Денсаулық сақтау министрлігіне есеп бермейтін құрылымға айналған қорды бақылау және қадағалау тетіктерінің жоқтығын алға тартқан.
МӘМС қорының бухгалтерлік жүйесі заң талаптарына сай емес және мұнда түскен қаржының орнына тек активтер ғана көрсетілетінін жария еткенде тексеру органдары қайда қарады? Шын мәнінде, сақтандыру қорынан қаражат ұрлауға мүмкіндік берген жасырын «ережелер» қандай? Бұл жерден бәзбір әкімшілік-әміршілдік жүйенің майын ішкен бизнес өкілдерінің құлағы қылтимай ма? Ал оларды Қаржы министрлігі тамырын тереңге жайған жемқорлық батпағынан суырып шығып, әшкерелей ала ма?
2020 жылы ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабы, 4-тармағы бойынша айып тағылып, 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылған және 1,3 млрд теңге шығын сомасын экс-министр Е.Біртановпен бірлесіп өтеу міндеттелген Денсаулық сақтау министрінің экс-орынбасары Олжас Әбішевтен соңғы кезде дауға айналған МӘМС жүйесінің қалай жасақталғанын сұрадық. Бүгінде министрлік жанындағы Ғылыми-техникалық кеңесте медицинаға озық технология енгізу бойынша Жасанды интеллект секциясының төрағасы қызметін атқаратын маманның пікірінше, МӘМС жүйесін енгізумен Елжан Біртановтың жетекшілігіндегі бірегей команда айналысқан.
«Ол әлемдік деңгейдегі үздік сарапшылар мен шетелде білім алған қазақстандық мамандарды біріктіріп, ел үшін аса маңызды реформаны жүзеге асырды. Бұл жобада менің міндетім – Денсаулық сақтау министрлігі мен әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының барлық бизнес-процестерін цифрландыру болды. Мен – қордың алғашқы IT-архитектурасының авторымын. Менің негізгі мақсатым – қаржы ағындарын басқару емес, ашық цифрлық орта қалыптастыру еді. Пандемия кезінде қаражатты бөлу мен медициналық көмекті үйлестірумен басқа профильдік вице-министр айналысты. Сондықтан МӘМС жүйесі теріс мағынадағы «өзара көмек кассасына» айналды деп есептемеймін. Керісінше, бұл жүйе резервтері денсаулық сақтау жүйесінің күйреп кетуіне жол бермеді», – дегенді айтты.
Біз тілдескен вице-министр «МӘМС-тің керегі жоқ» дейтіндерге де жауап берді. «Егер сол қаражат дер кезінде бағытталмағанда, Қазақстанның медицина саласы ауыр салмаққа шыдамай, құлап қалуы мүмкін еді. Бұл шешім миллиондаған адамның өмірін сақтап қалды. Жалпы, МӘМС концепциясы ортақ жауапкершілік принципіне негізделген. Бірақ кез келген жақсы идея бақылаусыз қалса, жемқорлық құралына айналады. Қазіргі «мед-мафия» және «фарм-мафия» жүйенің ашықтығын жою арқылы пайда болды», – дейді Олжас Әбішев.
Оның пікірінше, бұл екі кезеңде іске асты. «Бірінші, цифрлық ашықтықты жою. Біз әр теңге мен әр медициналық қызмет көрінетін Бірыңғай IT-платформа құрған едік. 2020 жылдың жазында құқық қорғау органдары бұл жүйені «тергеу» деген сылтаумен өшіріп тастады. Алайда президент 2020 жылдың қазанында жүйені қалпына келтіруді тапсырса да, бұл іс жүзінде орындалмады. Бұдан шығатын түйткіл – платформасыз өңірлер мен қызметтер бойынша нақты есеп беру мүмкін емес.
Екінші, реформаторлар командасын шеттету. 2017-2020 жылдары Елжан Біртановтың командасы дәрі-дәрмек ұрлығына қарсы жүйелі күрес жүргізді. 28 қылмыстық іс қозғалып, тек 2018-2019 жылдары 92 млрд теңге ұрланғаны анықталды. Осыдан кейін «фарм-мафия» әкімшілік ресурсты пайдаланып, бүкіл команданы аластатты.
Үшінші, бұл мемлекеттік қызметкерлерге берілген «сигнал». 2022 жылғы бізге шыққан сот үкімі кәсіби ортаға қауіпті белгі берді. Яғни, «ұрлыққа кедергі жасасаң – жазаланасың».
Демек, бүгінгі ашық есептің жоқтығы техникалық мәселе емес. Бұл – бақылау жүйесін әдейі болдырмау мен оны құрған адамдардың шеттетілгенінің тікелей салдары».
Олжас Әбішевтің сөзіне қарағанда, 2018 жылы министрлікте 26 ақпараттық жүйе болыпты. Мұны олар 2020 жылға қарай 19-ға дейін қысқартқан. Ал қазір президент айтқандай, олардың саны 30-ға жетті. «Жүйе көбейген сайын хаос артады. Біртұтас «цифрлық терезе» жоқ жерде жүздеген миллиард теңге жоғалады. Бес жылдан бері интеграция уәде етіліп келеді, бірақ нәтиже жоқ. Себебі бірыңғай платформа жалған тіркеулерге жол бермес еді. Ең өкініштісі, бүгін ашықтық орнатуға тырысқандар ең көп «жазаланғандар» қатарында», – деп түйіндеді пікірін экс-вице министр.
Айта кету керек, сот шешіміне сәйкес, үш жылдан бері ай сайын жалақысының 50 пайызын өтемақыға аударып отырған Олжас Әбішев «Үкіммен келіспесем де, сот талаптарын толық орындаймын. Өйткені заңға бағынамын.Мемлекеттік орган цифрлық платформа енгізгені үшін моральдық зиян шекті дегені мен үшін әлі күнге түсініксіз. Бірақ қазіргі табысыммен 1,3 млрд теңгені өтеу үшін шамамен 1012 жыл қажет екен», – деп күрсінді.
Динара Мыңжасарқызы