Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 08:00

Медициналық бұйымдардың сапасы жақсы, бағасы арзан

п

Астанада травматология және ортопедия саласына қажетті отандық медициналық бұйымдарды шығаратын бірлескен өндірістік алаңы ашылды. Салтанатты шара Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Құрылыс-техникалық колледжі» МКҚК базасында өтті.

Жаңа өндірістік алаң жоғары технологиялы медициналық өндірісті дамыту мақсатында «Халықаралық травматология және ортопедия ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС-мен әріптестік негізде құрылды. Бұл бастама елімізде травматология мен ортопедияға арналған медициналық бұйымдарды өзімізде өндіруге мүмкіндік беріп отыр.

«Халықаралық травматология және ортопедия ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС-ның бас директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Ерсін Жүнісовтің айтуынша, бұл – Қазақстан мен Орталық Азия аумағында тұңғыш рет іске асқан күрделі медициналық өндіріс.

«Біз ауруханаларда ота жасау кезінде қолданылатын ортопедиялық тіркемелерді, сынған сүйекті бекітуге арналған анатомиялық пластиналар мен бұрандаларды, тарту механизмдерін өндіре бастадық. Бұл құрылғылар адамның өмірін сақтап қалуға, тез сауығуына тікелей ықпал етеді. Өнімдер титан мен арнайы медициналық болаттан жасалады», – деді ол.

Өндіріс алаңының жұмыс істеп жатқанына алты айға жуық уақыт болған. Осы кезеңде 30 ортопедиялық тіркеме және 524 сыртқы бекіту құрылғысы шығарылған. Өнімдер Еуропа мен Ресейдегі арнайы сынақтардан өтіп, сапасы мен қауіпсіздігін растайтын сертификаттарға ие болған. Қазіргі таңда алғашқы медициналық бұйымдар аудандық ауруханаларға жеткізіле бастады.

Маңыздысы – отандық өнімнің бағасы импорттық аналогтардан әлдеқайда арзан. Мәселен, шетелден әкелінетін ортопедиялық тіркеме құрылғысының құны 8 млн теңгеден басталса, жергілікті өндірістегі бағасы шамамен 3 млн теңге.

«Бұл, біріншіден, бюджетке үнем. Екіншіден, отандық ғылым мен өндірісті ұштастырып, өз дәрігер-ғалымдарымыздың әзірлемелерін іске асыруға жол ашады. Үшіншіден, колледжбен бірлескен жұмыс арқылы білікті мамандар даярланады», – деді Ерсін Жүнісов.

Болашақта өндіріс алаңы 5 мың шаршы метр аумақты қамтитын зауытқа айналып, бір ауысымда 200 адамды жұмыспен қамту жоспарлануда. Қазіргі таңда мұнда 25 маман еңбек етуде.

«Құрылыс-техникалық колледжі» МКҚК директоры Серік Малгельдиновтің айтуынша, бұл жоба дуальды оқыту жүйесін дамытуға үлкен серпін беріп отыр.

«Колледж студенттері заманауи, цифрлы технологиялармен жабдықталған өндірісте тікелей жұмыс істеп, нақты өнім шығаруда. Біз дәнекерлеуші мамандарды даярлап келеміз, енді металл жонушы (токарь) мамандығын ашу жоспарда бар. Студенттер тәжірибеден өтіп қана қоймай, осы өндірісте жұмыс істеу мүмкіндігіне ие», – деді ол.

Қазіргі таңда колледжде 648 студент білім алса, оның 50-і өндірістік алаңда тәжірибеден өтіп жатыр.

Іс-шара барысында Құрылыс-техникалық колледжі мен «Халықаралық травматология және ортопедия ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат дуальды оқыту бағдарламасын іске асыруға, инновациялық технологияларды енгізуге және ғылыми жобаларды дамытуға бағытталған.

Астана қаласы білім басқармасының басшысы Қ.Серғазиев бұл бастаманың маңыздылығын атап өтті.

«Бұл жоба жастарды тек оқытып қана қоймай, білікті маман ретінде қалыптастырудың нақты үлгісі. Студенттер медициналық бұйымдарды сызбасынан бастап толық өндірістік процеске дейін меңгеруде. Мұндай бастамалар жұмысшы мамандықтарының беделін арттырады», – деді ол.

Жиынға ҚР Оқу-ағарту министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Астана қаласы әкімдігі, елордалық білім беру және медицина ұйымдарының өкілдері қатысты.

Әнуар ҚАЙЫРБЕК

Астана қаласы

Тегтер: