Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:00

Медицинаның жыртығын МӘМС-пен жамамақ. Әлназарова да айта береді екен!

Әлназарова
Фото: Жас Алаш коллаж

Кезінде А.Мамин үкіметі қолданысқа енгізген МӘМС-ті қазір «мәні қашқан» жүйеге теңейтіндер аз емес.

Бір тарап МӘМС-тің керегі жоқ десе, енді бір тарап халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып, оны әрі қарай жетілдіру қажет дейді.

Денсаулық сақтау саласына Ақмарал Әлназарова алғаш министр болып келгенде «МӘМС-ті алып тастау керек» деген әңгімелер қайта үдеген. Жаңа келген министрден халық соны күткен де болатын. Алайда Әлназарова МӘМС-ті алып тастау жоспарда жоқ екенін, сондықтан үкіметтің МӘМС-тен бас тартпайтынын, келешекте оның жұмысына ашықтық, сауаттылық енгізілетінін айтып уәде берген.

Әлназарованың бухгалтериясы...

Тіпті биыл үкімет отырыстарының бірінде А.Әлназарова екі жылдан кейін МӘМС денсаулық саласының негізгі қаржыландыру көзіне айналады дегенді де айтты. Оның сөзінше, МӘМС іске қосылғаннан кейін бұл саланы қаржыландырудың орташа жылдық қарқыны екі еседен артық өскен. Мысалы, соңғы 7 жылда 1 адамға жұмсалған медициналық шығын 98 мың теңгеден 258 мың теңгеге дейін ұлғайыпты. Бастапқы деңгейде көрсетілетін қызметтер және консультациялық-диагностикалық қызметтер саны да 2,7 есе артқан. Міне, МӘМС-тің осындай «шарапатын» көрдік дейтін министр алдағы екі жылда денсаулық саласы қаржыландырудың басты көзі де осы жүйе болатынына сенімді.

Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, МӘМС жүйесі енгізілгелі бері Қазақстандағы медициналық-демографиялық көрсеткіштер айтарлықтай жақсарған. Жалпы өлім-жітім 8 пайызға төмендепті. Ана мен бала өлімі азайған. Күтілетін өмір сүру ұзақтығы 75 жасқа дейін ұзарған. Скринингтік тексерулерден өтетін адамдар саны артты. МӘМС жүйесі әсіресе онкологиялық аурулар мен жүрек-қан тамырлары ауруларын ерте анықтау бойынша оң нәтиже беріп отыр. Денсаулық министрлігінің дерегінше, бүгінде қазақстандықтардың 83 пайызы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қосылған. Олардың ішінде 72 пайызы мемлекет тарапынан қамтамасыз етіліп отырған осал топтардағы азаматтар.

Халықтың базынасы мен қордың жоспары

Дегенмен министр МӘМС жайлы айтқан сайын халықтың жүйкесі жұқарады. Қазір қарапайым халық бұл қорға ай сайын босқа қаражат аударып жүргендерін, мемлекеттік емханалар мен ауруханалардың қызметінің сын көтермейтінін, мекемелерге ауырып ем іздеп барған адамның «шақшадай басы шарадай» болатынын айтып, жиі арызданады. Тіпті елдің арасында «келер жылдан бастап МӘМС-ке бес есе артық жарна төлейді екенбіз» деген сөз желдей есіп тұр. Ал енді бұл не жарна? Шынымен де алдағы уақытта МӘМС-ке төлейтін сома өсе ме?

Келер жылдан бастап МӘМС жарналарын есептеу үшін жоғарғы шекті мөлшер енгізіледі: жұмыс берушілер үшін – 40 ЕТЖ (ең төменгі жалақы) дейін; жұмыскерлер үшін – 20 ЕТЖ дейін. Қазір қызметкер жалақысынан 2 пайыз МӘМС жарнасын тек 850 мың теңгеге дейінгі сомадан ғана төлейді. Яғни, айлығы бұдан көп болса да жарнасы сол 2 пайыз болып есептелетін. Енді 2026 жылдан бастап бұл шек ұлғаяды. Жоғары жалақы алатын адамдар енді көбірек жарна төлейді. Мысалы, 1,5 млн теңге жалақы алатындар бұған дейін ай сайын 17 мың теңге төлеп келсе, енді 30 мың теңге төлейтін болады. Сәйкесінше, жұмыс берушінің де жарнасы өседі.

Қор өкілдерінің айтып отырғанын қарапайым тілмен түсіндірсек, бұл былай: елімізде 850 мың теңгеден көп жалақы алатындар саны 500 мыңнан сәл асады. Яғни, бұл өзгеріс халықтың тек 9 пайызына ғана қатысты болмақ. Қалғаны сол баяғыдай табысының екі пайызын төлей береді. Мұны қор өкілдері әділетті есептеу деп санайды. Мысалы, қазір 850 мың теңге жалақы алатын бірінші қызметкер айына медициналық сақтандыруға табысының 2 пайызын, яғни, 17 мың теңгесін төлейді. Ал айына 3 млн теңге жалақы алатын екінші қызметкер де 17 мың теңге төлейді. Өйткені ең жоғарғы сома осындай. Енді келесі жылдан бастап өзгеріске сай, айына 3 млн теңге табатын қызметкер ең төменгі жалақының емес, тапқан табысының 2 пайызын, яғни, 60 мың теңгесін МӘМС-ке төлейтін болады. Мысалы, 4 млн теңге тапсаңыз, 80 мың теңге төлейсіз. Көп ақша алатындардың МӘМС-ке де көбірек төлегені әділетті дейді қор өкілдері.

МӘМС пен министрлік осылайша жарнаны өсіру арқылы саланың жұмысын арттырып, медициналық қызметтің сапасын өсірмек.

Пакеттің қандай пәрмені бар?

Бұдан бөлек, келер жылы «Бірыңғай медициналық көмек пакеті» іске қосылады. Министрліктің түсіндіруінше, ол пакет іске қосылған соң бірқатар қызметтер қолжетімді бола түседі. Мәселен, қазір Қазақстанда шамамен 3,3 млн азамат МӘМС жүйесінен тыс қалған. Халықты көбірек қамту үшін енді әлеуметтік осал топтарға жарна жергілікті бюджет есебінен төленеді.

Бірыңғай пакетке келесі қызметтер кіреді: жедел және шұғыл медициналық көмек, паллиативтік көмек, маңызды ауруларды емдеу, онкологиялық скринингтер. Әлеуметтік маңызы бар сегіз ауру бойынша тегін кеңес беріледі және диагностика жасалады. Олар: туберкулез, АИТВ, созылмалы вирусты гепатит, бауыр циррозы, қатерлі ісік, психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстар, сирек кездесетін аурулар, жүректің жедел инфаркті мен инсульт. Бұған дейін мұндай көмек тек АИТВ мен туберкулезге күдік болғанда ғана ұсынылатын. Енді базалық пакетке амбулаторлық диализ, созылмалы аурулардың 12 тобы бойынша динамикалық бақылау мен кеңес беру, дәрілік қамтамасыз ету, жоспарлы стационарлық және стационарды алмастыратын көмек кіреді. 2026 жылдан бастап МӘМС жүйесінде сақтандырылмағандар да скринингтен өте алады. Әлеуметтік осал топтарға жарна жергілікті бюджет есебінен төленеді. Бұған қоса бес жыл қатарынан жарна төлеген азамат табысынан айырылса, оның сақтандырылған мәртебесі төлем тоқтатылған күннен бастап алты ай бойы сақталады. Бұған дейін олардың мәртебесі үш ай бойы ғана сақталатын.

«Аспаннан киіз жауса да...»

Алайда бұл саладағы мәселелерді жіті бақылайтын әлеуметтанушы Меруерт Молдабаева қанша жерден жаңашылдық енгізіп, қомақты жалақы алатындардың жарнасын өсіріп, қордың жұмысын арттырып, қанжығасын «майлаймыз» дегенмен, бұл қадам медициналық қызмет сапасын оңалта қоймайды дейді. Себебі қазір елде 480-ге жуық медициналық ұйымның кредиттік қарызы бар. Бұл қарыздарды жаппай, «Аспаннан киіз жауса да, құлға ұлтарақ бұйырмайдының» кері болады.

«Бұл мекемелердің 90 пайызы мемлекет меншігінде. Олардың қарызын төлеуге әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (ӘМСҚ) да атсалысады. Міндетті әлеуметтік сақтандыру төлемдерінің біразы осы қарыздарды жабуға кетеді. Қор бұл қарыздарды азайту үшін де шағын және орта бизнеске, қомақты жалақы алатындарға қатысты МӘМС жарнасын өсіріп отыр. Жарнаны өсіру арқылы жыл сайын 243 млрд теңге түсіп отырса, оның бір бөлігі сол медициналық мекемелердің қарызын жабуға жұмсалады», – дейді Меруерт Молдабаева.

Щвейцарияда тұратын қазақ дәрігері Серік Тұрсын да Қазақстанда МӘМС-тің айналасында сын көп екенін, біздегі жүйе әр елдің тәжірибесінен үзіп-жұлып алынғанын айтады. Мәселен, МӘМС-ке жарнаны пайызбен есептеу тәсілі Германияда бар. Германияда жалақысына қарап МӘМС-ке 7,5 пайыздық жарна алынады. Алайда ол отбасында тек күйеуі ғана жұмыс істеп, соның жалақысынан ғана МӘМС-ке 7,5 пайыз жарна алынса, қалған жұмыс істемейтін әйелі мен баласы да сол 7,5 пайыздың есебіне кіріп, мемлекеттен тегін медициналық қызмет ала алады. Біздегі тәрізді «жұмыс істемесең қарала алмайсың» деген түсінік Германияда жоқ. Ал Щвейцарияда МӘМС-ке адам басына жарна төлейді. Англияда халықты түгелдей мемлекет тегін емдейді. Міне, Қазақстан осы үш елдің тәжірибесінің басын біріктірген.

«Қазақстанда МӘМС-тің айналасында сын өте көп. Сіздердің МӘМС Германия, Щвейцария және Англияның тәжірибесінен құралған. Мұндай құрама үлгі тиімді болмайды. Өйткені бұл әдіс сіздердің әлеуметтік жағдайларыңызға сай есептелмеген. Сондықтан Қазақстандағы МӘМС-ке төленетін жарнаны қанша өсірсе де, ол шығынды жаба алмайды. Бүкіл дүниежүзінде медицинаның шығынын тек қана бюджет төлейді. Ал сіздердің министрлеріңіз медицинаны МӘМС арқылы қаржыландырғысы келеді. Бұл – қате. МӘМС – ол әр адамның медицинаға қосатын титтей үлесі. Қазақстан осыны ұқпастан медицинаның шығынын МӘМС арқылы жапқысы келеді. Ол мүмкін емес нәрсе. Сондықтан МӘМС жарнасын өсірсек, сапалы медициналық қызмет ұсынылады деген тым қияли жоспар», – дейді шетелдік дәрігер Серік Тұрсын.

Ал қаржыгер Ілияс Исаев жарнаны өсіруден елдегі шағын және орта бизнес жапа шегуі мүмкін екенін айтады.

«Қорға қаражат қажет болса, неге оны халық немесе бизнес төлеуі керек? Қор неге өзінің жинақтарымен дұрыс жұмыс істемейді. Ондағы ақшаның қайда жұмсалып, қайда кетіп жатқанын біз білмейміз. Мысалы, мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жүгінбеймін. Бірақ оған төлейтін төлем ай сайын ұсталып отырады. Не үшін төлеп жүргенім түсініксіз. Денсаулық сақтау министрлігі «алдымен жоғары жалақы алатындарға жарна өседі» дейді. Сол жоғары жалақы алатындардың арасында кәсіппен айналысып, аяғынан тұрып келе жатқандар да барын ұмытпаған жөн. Оларды келер жылы онсыз да салықпен қысайын деп отыр. Жалпы, МӘМС жүйесінен халыққа пайда болған жоқ. Мұны үкіметтегілер мойындауы керек», – дейді қаржы сарапшысы.

Ал қазіргі үкіметтің мұны мойындай қоюы да екіталай, өйткені «экономикамыз өсіп жатыр, барлық салада сапа жақсарып жатыр, медицина жетіліп, индустрия өніп жатыр» деген үкіметтің өз есебі бар.

Не істемек керек?

Медицина ғылымының кандидаты, Жазира Құттыбаеваның ойынша, бізге МӘМС-ті жетілдіру үшін бірінші, қаржыландырудың ашықтығы мен есептілігі қажет. МӘМС қорына түскен қаржының қалай жұмсалатыны халыққа түсінікті емес. Кез келген дамыған елдің медициналық сақтандыру қорлары жыл сайын ашық есеп береді, әрбір қызмет түріне кеткен шығын бөлек көрсетіледі. Бізге де осыны меңгерген абзал. Бұл ретте МӘМС қорының онлайн ашық бюджеті болғаны жөн. Қай клиника, қандай қызметке қанша қаржы алды, осының барлығы ашық көрініп тұруы тиіс. Тәуелсіз аудит пен қоғамдық бақылау керек.

Екінші, қызмет сапасын төлеммен тікелей байланыстырған жөн. Қазір клиникалар көбіне көрсетілген қызмет саны үшін ғана қаржы алады. Оңтүстік Кореяда емнің нәтижесі, асқыну пайызы, пациенттің қанағаттануы ескеріледі. Сондықтан МӘМС-ке «Сапа үшін төлем» моделін енгізу керек. Сол кезде емханалар мен ауруханалар да сапаны жақсартуға жұмыс істейді.

Үшінші, алғашқы медициналық көмекті күшейту қажет. Бізде халық бірден кең мүмкіндік берілмеген мамандарға жүгінеді, ауру асқынады. Ұлыбританияда, Швейцарияда жалпы практика дәрігері негізгі сүзгі рөлін атқарады. Сондықтан бізге отбасылық дәрігердің беделін көтеру, бір дәрігерге тіркелетін адам санын азайту, алдын алу тексерулерін қаржылай ынталандыру керек.

Төртінші, сандық медицинаны дамыту қажет. Қағазбастылық, анализдер мен тексерулердің қайталануын доғарған жөн. Эстонияда 100 пайыз электронды денсаулық паспорты, рецепт, жолдама беріледі. Біртұтас электронды медициналық дерекқор құрылуы керек. Телемедицина қызметтерін МӘМС аясында төлеген жөн.

Бесінші, әлеуметтік әділеттілікті арттырған абзал. Жұмыссыз, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар МӘМС-тен тыс қалып жатады. Сондықтан осал топтар үшін дифференциалды жарна белгілеу керек. Уақытша төлем қабілетсіз азаматтарға «медициналық амнистия» берген жөн.

Алтыншы, жеке клиникалармен әділ әріптестік орнатқан абзал. Жеке сектор МӘМС-ке толыққанды қатыса алмай отыр. Жапонияда мемлекеттік және жеке клиникалар бірдей тарифпен жұмыс істейді. Сондықтан тарифтерді қайта қарап, жеке клиникаларға тең қолжетімділік берген абзал.

Мамандардың пайымдауынша, МӘМС-ті жетілдіру үшін осындай бес қағида қажет. Жүйе тек қаржы жинау құралы емес, халық денсаулығына инвестиция болуы тиіс.

Қ.Сайлау