Егер 9 мамырда Украина шабуыл жасаса, Киевті жойып жібереміз - Медведев

Ресей Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев 9 мамыр — Жеңіс күні қарсаңында Украина билігіне сес көрсетті.
Саясаткер өзінің Telegram-арнасында жариялаған жазбасында, егер Киев Мәскеуге немесе басқа да нысандарға соққы жасайтын болса, Украина астанасының тағдыры ауыр болатынын ескертті.
Медведевтің айтуынша, Украина мұндай шабуыл арқылы мерекелік шара өткізіп жатқан Ресей халқын арандатуға тырысуы мүмкін. Ол жағдай ушыққан жағдайда Киевтің «10 мамырға дейін жетпейтінін» айтып, ауыр әрі дөрекі сөздермен қорқытты.
Айта кетейік, бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин 8-10 мамыр аралығында Жеңіс күніне орай үш күндік уақытша бітім жариялауды ұсынған болатын. Кремль бұл ұсынысты гуманитарлық мақсаттағы қадам деп сипаттаған. Алайда Украина президенті Владимир Зеленский бұл бастаманы саяси айла және манипуляция деп бағалап, бітімге келуден бас тартты.
Украина тарапының пайымынша, Ресей бұл бітім арқылы халықаралық аренада өз имиджін жақсартуды көздейді әрі нақты соғыс әрекеттерін жалғастыра береді. Ал Мәскеу, керісінше, Киевті бейбіт бастамаларды қабылдамай, жағдайды ушықтыруға ниетті деп айыптап отыр.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай мәлімдемелер соғыстың тоқтайтын түрі жоқ екенін көрсетеді. Қарсы тараптар арасындағы диалог орнына, өзара сес көрсету мен ашық қорқыту белең алуда. Жеңіс күніне орай болуы мүмкін шабуыл мен оған жауап ретінде айтылған ядролық сипаттағы ескертулер халықаралық қауымдастықты да алаңдатып отыр.