Медведев курстасына көмектесе алмады

Қазақстанның саяси сахнасында тағы бір даулы оқиға басталды. Бұрынғы Бас прокурор, экс-сенатор әрі қаржы полициясының басшысы болған Қайрат Қожамжаров ұсталды. Қазір тергеу жүріп жатыр. Бас прокуратура оған қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану және қылмыстық жолмен табылған қаражатты заңдастыру баптары бойынша айып тақты.
Бұл істің мәнін түсіну үшін Қожамжаровтың айналасына назар аударған жөн. Оның сенімді серіктері саналатын Талғат Татубаев пен Олеся Кексель кейінгі айларда қамауға алынды. 2025 жылдың 3 шілдесінде Татубаев «азаптау» бабы бойынша ұсталды. Екі күннен кейін Кексельге де дәл осы баппен айып тағылды. Бұл жағдай олардың тек өз әрекеттеріне ғана емес, бір кездегі бастығы болған Қожамжаровқа да күдік тудырып отыр.
Қайрат Қожамжаров – Қазақстанның саяси және құқық қорғау жүйесінде маңызды қызметтер атқарған адам. Ол қаржы полициясын басқарды, Қазақстанның бас прокуроры және Ақмола облысының әкімі қызметтерін атқарды. 2019 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың тағайындауымен сенат депутаты болып, бұл қызметті 2023 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев оның өкілеттігін тоқтатқанға дейін атқарды.
Бас прокурор лауазымында болған кезінде Қожамжаровтың жетекшілігімен қаралған кейбір істер негізсіз деп танылып, кейін оның қарамағында жұмыс істеген кейбір қызметкерлерге қатысты қылмыстық істер қозғалып, олар қамауға алынды. Сонымен қатар Қожамжаровтың «Қорғас ісінен» пайда көргені туралы қауесеттер тарағанымен, бұл айыптаулар нақты дәлелдермен расталмады. Дегенмен ол бұл мәселеге қатысты нақты жауап беруден бас тартып келді.
Қожамжаров бірнеше миллион доллар пара алған ба?
2024 жылдың 18 мамырында жарияланған сот отырысында Талғат Қарабаев «Қорғас ісі» бойынша бұрын сотталған, ұйымдасқан қылмыстық топ басшысы, қаржы полициясы қызметкерлеріне берілген пара көлемін ашық айтты. Оның сөзінше, 1 жыл 10 ай ішінде Қорғас пен Қалжат кеден бекеттерінен жүктерді еш кедергісіз өткізу үшін финполдың «кассирі» арқылы 19–22 млн доллар көлемінде пара берілген.
Куәгер Карабаевтың айтуынша, бұл қаржы Қожамжаров басқарған финполдың жоғары басшылығына берілген. 2012 жылы дәл осы қылмыстардың шарықтау кезеңінде, кеден қызметкері Медет Жамашев қастандықпен қаза тапты. Ол «Қорғас ісі» бойынша басты куәгерлердің бірі болатын. Қайрат Қожамжаров бұл кезде Ақмола облысының әкімі лауазымына жаңадан тағайындалған еді. Экс-прокурор Виктор Тихонов Жамашевтің өліміне қатысты өзінің принципшіл позициясының кесірінен заңсыз сотталғанын айтты. Оның айтуынша, Қожамжаров Бас прокурор болып тағайындалған соң Жамашевтің өліміне қатысты іс жабылып қалған. Кейін Жоғарғы сот арқылы ол ақталды. Ал 2023 жылдың желтоқсанынан бастап бұрын Қожамжаровтың қол астында істеген бірнеше қызметкер тұтқындалды. Биыл маусымда Талғат Әбдірахманов кінәсін мойындаған жалғыз айыпталушы ретінде төрт жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Ал оның бұрынғы әріптестері Қасым Әбубәкіров пен Бекболат Мейрамбеков үш жылға сотталса, арнайы департаменттің экс-басшысы Ұлан Мәдиев төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Тергеу барысында күдіктілердің қыздарға жасалған зорлық әрекеттері де анықталған. Бұл істе Қожамжаровтың кезінде мансаптары өрлеген бірнеше тұлғаның, оның ішінде Талғат Татубаев, Мақсат Дүйсенов пен Сергей Потаниннің де аты аталды. Олар контрабандадан табыс көрген тұлғалар ретінде сипатталады. Ал бұған дейін қаржы полициясының өкілі Талғат Махатов «Бетон» лақап атымен танылып, кеденші Жамашевті өлтіруге тапсырыс беруші ретінде 20 жылға сотталғаны, «хуторлықтар» ОПГ мүшесі саналатын Ержан Қасымбаевтың 15 жылға бас бостандығынан айырылғаны белгілі.

Медведевтің курстасы және халықаралық деңгейдегі ықпал
Қайрат Қожамжаровтың атына байланысты дау-дамай бірнеше рет көтерілгенімен, ол әр жолы «судан құрғақ» шығып отырған. Аты шулы «Қорғас ісі» – соның айқын мысалы еді. Telegram-арналар мен сарапшылар оны «қол сұғылмайтын», элитаға компромат жинаған тұлға деп сипаттап келді. Тіпті кейбір мәліметтерде Қожамжаровтың Ленинград мемлекеттік университетінде Ресейдің бұрынғы президенті, қазіргі РФ Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведевпен бірге оқығаны айтылып, оның ұзақ жылдар бойы саяси «қорғаны» болғаны жайлы болжамдар тараған.Алайда уақыт бәрін өзгертті.
Қожамжаровтың ең сенімді серіктері – Талғат Татубаев пен Олеся Кексель азаптау бабы бойынша ұсталғасын, көптеген күмәнді жайттың беті ашылды. Соның бірі Қайырбаев ісі болатын. Оны 2011 жылы 14 маусымда басына қап кигізілген күйі Қожамжаров отырған кабинетке апарған.Кабинетте Қожамжаровтың өзі, сондай-ақ оның орынбасарлары Мәдиев пен Татубаев болған. Қожамжаров Назарбаевтың портретін нұсқап, «үлкен кісінің тапсырмасын орындайтынын» айтып, Жақаев пен өзге тұлғаларға қарсы мойындау көрсетпелерін талап еткен. Кейін Қайырбаев белгісіз бір адамның қорқытуына тап болып, қызының қауіпсіздігіне қатер төнетінін естіген. Содан соң ол қайтадан қаржы полициясының жертөлесіне түсірілген.
Бұл дерек – Қожамжаровтың аты сот үкімінде алғаш рет тікелей аталған сәт. Оның содан бастап «неприкасаемый» мәртебесі шайқала бастағаны анық. Сенімді серіктерінің бірінен кейін-бірінің ұсталуы мұның айғағы болса керек. Бір кездері Мәскеудегі курстасы болған Медведевтің ықпалы да оны енді арашалай алмай отыр.
Айтпақшы, Қожамжаровтың айналасы тек саяси-тергеу дауларымен шектелмейтіні де белгілі болды. Жақында халықаралық іздеуде жүрген көлік прокуратурасының бұрынғы басшысы, оның сенімді серігі саналатын Мақсат Дүйсеновтің туыстарының мүлкі әшкереленді. Telegram-арналардың дерегінше, оның туған інісі Асхат Дүйсенов Дубайдағы ең элиталы аудандардың бірінде – Jumeirah Gate Tower кешенінен бірнеше пәтерге иелік етеді. Апартаменттердің жалпы құны шамамен 5 млн (2,7 млрд теңге) доллар. Бірақ Асхат ірі кәсіпкер ретінде танылмаған, оның аты салық қарыздары мен қылмыстық істерде жиі аталған. Бұрын ол «Нұрбанк» ісінде Рахат Әлиевтің сенімді серіктерінің қатарында көрсетіліп, «адам ұрлау» және «қылмыстық топ құру» баптары бойынша іздеу жарияланған. Кейінгі жылдары құрылысқа қаржы салып, сәтсіздікке ұшырап, қарызданып жүргенімен, шетелден қымбат жылжымайтын мүлік иесі болып шықты.
Журналистердің пайымдауынша, қашқын ағасы Мақсат Дүйсенов қазір дәл осы пәтерлердің бірінде жасырынуы мүмкін. Бұл факт Қожамжаров командасының жемқорлық пен заңсыз схемаларға ғана емес, халықаралық деңгейдегі көлеңкелі байланыстарға да қатысты екенін көрсетеді.