Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:45

Медведев Трамптың Иранға ядролық қару жеткізу туралы сұрағына жауап берді

Медведев
Фото: zhasalash.kz

Ресей Иранға ядролық қару жеткізуді жоспарлап отырған жоқ, өйткені «Израильден айырмашылығы», ядролық қаруды таратпау туралы келісімге қатысушы ел.

Бұл туралы Ресей Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев X (бұрынғы Twitter) парақшасында жазды.

Оның айтуынша, бұған дейін Telegram-арнасында жарияланған жазбасында Ресей жайлы емес, мұндай әрекетке баруы мүмкін өзге елдер туралы айтылған.

Медведев сонымен қатар АҚШ-тың Иранға жасаған соққысын айыптады және «кімде қанша ядролық қару бар» деген мәселеге қатысты дауласудың қажеті жоқ екенін атап өтті.

«Басында өзін бітімгер ретінде танытқан Трамп соғыс отын тұтатты. Кейбір елдер тіпті Иранға ядролық оқ-дәрілерін беруге дайын», - деді Медведев өзінің телеграм-арнасында. Ол бұл мемлекеттер қатарында Ресей бар-жоғын нақтыламады.

Медведевтің пікірінше, америкалық соққы елеулі зиян келтірмегенімен, ирандықтарды аятолла режимінің айналасына топтастырған.

«Енді Теһран ядролық қару жасайтынына сенімдімін. Нобель сыйлығы? Жоқ. Құттықтаймын, президент мырза!», - деп кекетті ол.

Дмитрий
Фото: телеграм

Бұл мәлімдеме АҚШ-тың Иранға бағытталған соққысынан кейінгі геосаяси шиеленіс аясында жасалып отыр. Дональд Трамп өзінің Truth Social желісінде Ресейдің Иранға ядролық қару жеткізуі мүмкін екенін меңзеген болатын. Бұған жауап ретінде Медведев Ресейдің халықаралық міндеттемелерді сақтайтынын және ядролық қауіпсіздік саласындағы жауапкершілікті терең түсінетінін мәлімдеді.

NBC News дерегінше, Пентагон Иранның алдағы 48 сағатта америкалық нысандарға жауап шабуылын бастауына дайындалып жатыр. АҚШ әскери базалары бірнеше айдан бері жоғары дайындық режиміне көшкен.

Тегтер: