Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
06:56, 19 Тамыз 2022

Мегаполис үшін маңыздысы – инфрақұрылым

None
None

Шымкенттік шенеуніктердің сөздеріне сенсек, алдағы бір-екі жылдың көлемінде мегаполисте коммуналдық қызметтерге қатысты проблемалардың барлығы шешімін табады.

Ал коммуналдық мәселе дегеніңіз, Шымкенттің қай замандардан бергі бас ауруы екендігі рас. Күні кешеге дейін қаланың шеткі аймақтарында жатқан елді мекендерде инфрақұрылымның нашарлығы қатты білінді. Көптеген көше, елді мекен тұрғындарының жолдың, сапасыз жарықтың, ауыз судың азабын тартқаны жасырын емес.

Шымкентте жекеменшік трансформаторлардың мәселесі соңғы жылдары ғана шешімін тауып келеді. Жекеменшік трансформатор дегеніңіз көше тұрғындарының өз беттерінше орнатқан трансформаторы, электр желілері дегенді білдіреді. Халықтың ортақ ақшасымен орнатылған нысандар ешқандай талап-тәртіпке бағынбайды. Тіпті антимонополияның заңдарына да пысқырмайды. Тарифті жұртшылықтың өздері немесе трансформаторды орнатқан қожайын өз бетінше белгілей салады. Мұндай жүйеде сапалы жарықтың жоқтығы айтпаса да белгілі. Қалай болса солай орнатылған желілер адам өмірі үшін де қауіпті. Шымкентте осы проблема соңғы 2-3 жылдың көлемінде оң шешімін таба бастады. Жекеменшік трансформаторлардың саны азайды. Шымкент қалалық әкімдігінің таратқан мәліметіне қарағанда, мегаполисті электр қуатымен қамту көрсеткішін биыл 98 пайызға жеткізу жоспарға қойылған. Осы мақсатта 5 елді мекен – Жаңаталап, Достық, Тұран, Нұртас, Сәуле шағын ауданында және Бозарықтағы, Ақжардағы қосалқы станцияларында құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға беріледі. Сонымен бірге  Ынтымақтағы қосалқы станцияда, Нұрсат, Қайнарбұлақ, Батыс, Солтүстік саяжай шағын аудандарында құрылыс жұмыстары жүруде. Олар келер жылы аяқталады. Нәтижесінде 2023 жылы қаланың электр қуатымен қамтылу деңгейі 100 пайыздық көрсеткішке жетеді.

Ендігі мәселе ауыз суға қатысты. Бүгінде Шымкент қаласындағы 81 елді мекеннің 78-і сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілсе, Құрсай, Сайрам, Қайнарбұлақ елді мекендері тіршілік нәрін кестемен тұтынады. Қала тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту көрсеткішін арттыру мақсатында биыл 7 нысанда құрылыс жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Бүгінгі таңда Құрсай елді мекенінде екі кезеңнен тұратын жобаның 80 пайыздан астам құрылыс жұмыстары аяқталып, 270 шақырым су құбыры орнатылды. Қайнарбұлақ тұрғын алабына ауыз су құбырын тарту құрылысы келесі жылы аяқталады.

Осы жылдың қорытындысымен Құрсай, Асар-2, Текесу елді мекендері мен Нұртас су жинақтағыш ғимаратының құрылыс жұмыстары аяқталады. Нәтижесінде қала тұрғындарының сапалы ауыз сумен қамтылу көрсеткіші 99 пайызға жетеді. Жоспарға сәйкес, Шымкент қаласының тұрғындарын толығымен сапалы ауыз сумен қамту келесі жылы қол жеткізіледі.

Сондай-ақ кала көшелеріндегі көлік тығынын азайту мақсатында Шымкент қаласы әкімдігі бірқатар ірі жобаларды қолға алып отыр. Мәселен, Қонаев даңғылын Ташкент тас жолымен қосу жұмыстары жүріп жатыр. Қазіргі уақытта көліктер Ташкент бағытына тек Республика даңғылы арқылы шығады. Қонаев даңғылын Ташкент тас жолымен қосу қала көшелеріне түсетін жүктемені айтарлықтай азайтады, әрі жүргізушілердің де уақытын үнемдейді.  Сонымен бірге  Бәйдібек би даңғылы мен Арғынбеков көшелері қиылысындағы жолайрықтың құрылысы қызу жүріп жатыр. Үш деңгейлі жолайрық 2022-2023 жылдар аралығында, көлік қозғалысын реттеудің кешенді жоспарына сәйкес жүзеге асуда. Нәтижесінде аталған көшелердің көлік өткізгіштік деңгейі екі есеге артады.

Жолайрықтың техникалық сипатына орай Бәйдібек би даңғылында 700 метр, Арғынбеков көшесінде 921 метр көше аралығы құрылыс аумағына енген. Жоба бойынша ені 80 метрлі төрт-алты жолақты автомагистраль салынып, жол жиегіне жаяу жүргіншілер және веложол төселмек. Қазіргі уақытта құрылыс нысанында Арғынбеков көшесі бойымен тіреу қабырғаларын орнату жұмыстары жүргізілуде. Ал Бәйдібек би даңғылында көпір өткелі конструкциялары орнатылуда. Жолайрықтың Бәйдібек би бойындағы көлік қозғалысы 6 шілде күні жабылған. Арғынбеков көшесіне альтернативті магистралдар ретінде Рысқұлов және Төлеметов көшелері, Бәйдібек би даңғылына альтернативті көше ретінде Бәйтереков, Шаяхметов және Өтегенов көшелері белгіленген.

Тегтер: