Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
02:18, 07 Қараша 2022

Мегаполисте үш ауысымды мектеп болмайды

None
None

Шымкент қаласының Елтай тұрғын алабында жұртшылықтың көптен күткен талап-тілегі іске асты.

Елді мекенде 650 орындық жаңа мектеп ашылды.

Шымкент қаласы әкімдігінің хабарлауынша, бұған дейін елді мекеннің 600-ден астам оқушысы 4 шақырым қашықта орналасқан көрші ауылдың мектептеріне қатынап оқитын. Мектеп ғимараты заманауи құрал-жарақпен жабдықталған. Биология, химия, физика зертханалары және кең спорт залы бар. Ашылу салтанатына Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан мен Еңбекші ауданының әкімі Досбол Есілбек қатысты.

«Биыл Шымкент қаласында 40-қа жуық мектеп ашылады. Үш ауысымды мектеп 9-дан 4-ке азайды, келер жылы тіпті болмайды. Бүгін міне, елтайлықтар үшін үлкен қуаныш. Бұл мектеп бір ауысымды болады. Түске дейін балалар білім алады, түстен кейін қосымша үйірмелерге қатысады. Жалпы, келешекте барлық мектеп осындай бір ауысымды болуы тиіс», – деді Шымкент қаласы Білім басқармасының басшысы Жаннат Тәжиева.

Айта кетері, білім нысаны жеке инвестордың есебінен салынған.  Мектеп жан басына қаржыландыру арқылы мемлекеттен қаржыландырылады және онда оқу тегін. Оқушыларды тасымалдау үшін де арнайы автобус қаралған.

«Біздің мақсатымыз – тек қана білім беру емес, оқушылардың берген білімді меңгергеніне көз жеткізу. Сол үшін БИЛ, НЗМ, iQaanat сияқты мектептер пайдаланатын EDUCON компаниясының ақпараттық технологиясын қолдана отырып, оқушы өткен сабақты бойына сіңіріп алғанша оқытамыз. Түсінбеген тақырыбын үйде отырып, видео сабақтар арқылы қайталай алады. Мұғалімдер мен ата-аналар оқушының барлық пәндер бойынша үлгерімін жыл бойы бақылап отыра алатын болады. Мұнда біз тек оқушылардың ғана емес, мұғалімдердің де білімін арттырып отыруға көңіл бөлеміз», – деді мектеп директоры Ақмарал Көмекқызы.

Елтай орта мектебін салған инвестор Нұрзат Ахметтің айтуынша, білім саласындағы жаңа технологиялардың тиімділігі өте жоғары. «Келер жылы, бұйырса, табиғаты керемет Елтай ауылына мектеп жанынан интернат салып, жақсы мектептерге қолы жетпей жүрген талапты ауыл балаларын жинап, пәндерді тереңдетіп оқытып, олимпиадаларға дайындап, міндетті түрде жоғары оқу орындарына түсіп, үлкен өмірге жолдама алып, жетістікке жететіндей тәрбие процесін ұйымдастырамыз», – деді ол.

Жалпы Шымкентте салынған инвестицияның көлемі жыл санап көбейіп келеді. Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте сөз алған Шымкент қаласының Кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Б.Дүйсебековтің айтуынша, қала экономикасына биыл 327,9 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға артқан.

«2022-2025 жылдар аралығында 622 млрд теңгеге 8,3 мың жұмыс орнын құруды көздейтіне 66 жобаның пулы жасақталған. Оның ішінде, биыл 51,4 млрд теңгеге 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылатын 14 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланған. Бүгінгі таңға жалпы құны 29,2 млрд теңгені құрайтын 520 жаңа жұмыс орны бар 6 инвестициялық жоба іске асырылды. Сондай-ақ 2022-2026 жылдары жалпы құны 2,6 трлн теңгені құрайтын 20 мыңнан аса жаңа жұмыс орнымен 283 инвестициялық жобаның пулы жасақталған. Оның ішінде, биылғы жылдың соңына дейін 173,1 млрд теңгеге 50 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған», – деді Б.Дүйсебеков.

Шымкентте келесі жылдан бастап жылына 345 миллион жөргек өндіретін жаңа зауыттың құрылысы басталмақ. Жоба сәтті жүзеге асқан жағдайда 145 азамат жұмыспен қамтылады. Бұдан бөлек, мал азығы өндірісі мен пластик шығаратын ірі кәсіпорын салынуы мүмкін. Бұл туралы жуырда қала әкімі Мұрат Әйтеновтің қатысуымен өткен инвестициялық штаб отырысында айтылды.

Шаһар басшысы үшінші мегаполистің импортқа тәуелділігін азайтып, экспортты көбейту бағытында инвестиция тартуды жалғастыра беретінін, сол арқылы жаңадан ашылған жұмыс орындарының қатары артқанын атап өтті.

Жауапты басқарма басшылары, аудан әкімдері мен инвесторлар бас қосқан жиында жалпы 12 жаңа жобаның таныстырылымы өтті.

«Амина Интекс» ЖШС басшысы Али Гохар «Бозарық» агро-индустриалды аймақтан мал азығы өндірісін ашуды көздейді. 1 млрд теңгені құрайтын инвест жобаның қуаттылығы жылына 1200 тонна өнім болмақ. 2023 жылы жүзеге асырылатын жоба нәтижесінде 200 адам жұмыспен қамтылады.

SAN GRAND ЖШС басшысы Бағлан Таженов «Жұлдыз» индустриалды аймағынан 9 га жерге бірнеше жоба салуды ұсынды. Біріншісі – 13 млрд теңгені құрайтын отандық жөргектерді шығаратын ірі кәсіпорын, ал екіншісі – 9,3 млрд теңгені құрайтын шыны талшықты терезе профильдерін шығаратын өндіріс ошағы. Аталған жобалар арқылы жұмыссыз жүрген 300-ге жуық азамат тұрақты жұмыс табатын болады.

AnDa Company ЖШС басшысы Дмитрий Таранов биофармацевтикалық зауыттың жобасын ұсынды. Жылына 500 000 мың доза вакцина шығаратын қуатты өндіріс ошағын «Тассай» индустриалды аймағынан салуды жоспарлауда. Жобаның құны 1 800 млн теңге болмақ. Нысан құрылысы 2023-2024 жылдары салынып, сәтті жүзеге асса, 35 азамат жұмыспен қамтылатын болады. Штаб отырысында бұдан басқа аяқ киім, картон қораптарын шығаратын, денсаулық саласына қажетті препараттарды өндіретін, тұрғын үй және коттедж салатын, тағы да басқа ірі 10-нан астам жобалар қаралды.

Қала әкімі барлық жобаларды зерделеу үшін жетекші сала басшыларына тапсырма берді.

Мегаполисте жыл соңына дейін дәрілік заттар мен гигиеналық өнімдерді өндіретін өзбекстандық Dentafill және шұлық өндірісін дамытатын түркиялық Ekol Ihracat зауыттарының лентасы қиылатын болады.

Сонымен қатар басқосу барысында 35 елден 310 компанияны көшіру мәселелері де қаралды. Қазіргі таңда АҚШ-тың медициналық жабдық өндіретін GE Healthcare компаниясымен, тұрмыстық-техникалық жабьдықтар өндірісінің көшбасшысы Haier компаниясымен, италияндық Maire Tecnimont, жапондық RP Canon Medical Systems сынды 8 алып компанияларды Шымкентке тарту бойынша келіссөздер жүргізілуде.

Тегтер: