Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:15, 16 Ақпан 2022

Мейірхан АҚДӘУЛЕТҰЛЫ, «Адырна» журналының бас редакторы: Ақымақтың аты кім?

None
None

Барыс жылы ауыр басталды. Жастық шағыңыз өткен Алматы әлі есін жинай алмай жатыр.

Ақтөбе қалай: халықтың көңіл-күйі қалай?

— Ақтөбе салыстырмалы түрде, тыныштау. Салыстырмалы түрде ғана. Әйтпесе, мұнда да барлық жерде әдетке айналып кеткен полицияның дөрекілігі мен топастығы дегенін істегісі келіп-ақ бақты. Қазақтың бәрінен (!) террорист жасағысы келетін ойсыз құқық қорғау органдарының қазіргі заңдарға да, адами мәдениетке де сыймайтын бассыздығы үдеді, оған жергілікті биліктің тауықкөздігі қосылып, халықтың мазасы мүлде кетіп қалды. Бұл — санасы, мәдениеті қазіргі биліктен әлдеқайда озық тұрған халықты басынудың үлкен көрінісі. Ұлттық трагедия. Бұл трагедияның бастауы әріде. Орыс империясы қазақтың есті адамдарынан гөрі есіріктеулерін қолдады. Енді ғана отырықшылыққа бой үйрете бастаған ұлттың пысықтарын қолдау арқылы есті кісілерді биліктен,  байлықтан аулақтатса, кеше ұлт ретінде өзін-өзі қырған орыс большевиктеріне есепсіз билік берді. Ал большевиктеріңіз қазақты ұлт етіп, ұстап отырған елдің табиғи естілерінің бәрін емес, ақыл-ойы, демек білігі, кісілігі бар адамдарының бәрін, ағайын арасына сөз айтып, ой оздыра алатын адамдарының барлығын атып-асты, түрмеде шірітті, ал қалған бөлігін (көнбіс бөлігін) әбден «тәрбиелеп», қазақы атаулының бәрін (тәрбиеден бастап) түгел ұмыттырып, «арманы — бастық болу» қылып, содан соң ғана  қызметке қойды. Тіпті сол адал коммунист қазақтардың өздерін  халықтың зәресін алу үшін тоз-тоз етті. Содан біз — кіл құл-құтан рухани құл ғана қалдық. Құл-құтанда кісілік, адамшылық бола бермейді. Ал құлдан дөріген (өрген) ұрпақта қасиет болмайды. Біздің қазақы биліктің қазақты жақсы көре алмайтыны содан. Ал барлық «белсенділер» есебін тауып, билікке жағымпаздана  білгендер, қазақ халқына қай кезде де аса жаны аши қойған жоқ. Қазір де сол тенденция өзгеріссіз қалған сияқты. Трагедияның басты себебі осы.

Естідім: — «Мен ана сасық тобырдың алдына шығып қайтем: олар кім — мен кіммін?» депті, халықтан тығылып, көзге түспей қалған бір әкім журналистердің «өзіне ұнайтындарына». Жұрт әлі күліп жүр. Ал бұл — жылайтын нәрсе. Егер әкім осылай десе, оның қарамағындағылар халықты адам санына қоспайтын болғаны ғой. Ағасы жоқ пен ақшасы жоқтың бәрі сол әкім үшін  террористер де, шен таққанның бәрі соларды езуші, «қақы бар» қасқыр болғаны да. Енді бір әкім бүкіл құрбандарға қаралы күн жариялау орнына иті өлген қатынның жоғын жоқтап жүр. Оған қазақтан ит қымбат. Мүмкін… иесі? Халықтың көңіл-күйі, әзірге, осы қорлығын көріп, дегенге көнуден әріге жете алмайтын, рухани жарыққа шыға алмайтын күйде қала бере ме деп қорқамын.

— Қаңтар қасіреті 1986-жылғы Желтоқсан көтерілісінен, 2011-жылғы Жаңаөзен қырғынынан да асып кетті. Оққа ұшқандар, тергеуде азапталып жатқандардың дені —  жастар. Билік ауысу үшін осыншама құрбандықтың қажеті бар ма еді? Енді жасалатын реформалар мына қанды қаңтарды ақтай ала ма? Қазаның орнын немен толтырамыз?

 — Бұл қазалардың орны толмайды. Кінәлілер әлі-ақ жазасын Алладан тартады. Ал реформалар халықты аз-мұз алдарқатқан соң, жөніне қалады. Себеп — қазіргі билікте мұны ұғатын бас та, ми да жоқ. Олар мұны мүлде түсінбейді.

Олай болмас үшін халық іштей өзгеріске түсіп, жаңа сатыға көтерілуі керек. Әбден жеріне жеткізілген халық қазіргі алдау-арбауға уақытша көнгенімен, билік тарапының шикілігін тез таниды. Демек, билік те, тым құрыса, өзіне жаны ашыса, енді шынайы өзгерістер жасауға кірісуге тиіс. Бірақ жаман өнеге бойларына сіңіп кеткендер емес, өзгелер  ұяты мен тегі барлар...

— Осыдан он шақты жыл бұрын «Алтын орда» газетінде қазақтың болмысы, зиялы қауымның мінезі туралы көп жаздыңыз. Сол зиялы қауым қаңтар оқиғасында жастарға араша түсуге жарамады. Кейбір аға буын телеарнаға шығып: «Алаңға шыққан халықты аямау керек, әлеуметтік желіде жастарды дүрліктіргендерді соттау керек»,деп тұрып тепсінді. Қазаққа қазақтың жау болғаны ненің белгісі, елім дейтін ерлердің жүрегі қарайып кеткен бе, қалай?

— Зиялы қауымнан Махамбеттің мінезін күтуге, ол сорлыларды әлдене үшін кінәлауға болмайды. Мен өзімді аяғандай аяймын оларды. Себеп: «тышқанның ғұмыры мысықтың тоқтығына байланысты». Мысық-биліктің құдыреті — қара күш, сәл шектен ассаң (мысыққа қатер төндіресең), жауыздықтың түрлері мен әдістерінің барлығын қолданып, ажалды пенденің барлығын бейшара күйге түсіре алады, ал өзіне ашық қарсылассаң, түп-тұқияныңа дейін жоқ қылып жібереді. Адамның адамға қызмет етуінің негізінде, тек қана осы жауыздық тұр адам қорықпаса, билікті сыйламайды. Адамзатты түгел бақытты еткісі келгендердің бәрі, әсіресе, Владимир Ульянов та «мемлекет барда адамды езіп-жаншу сақтала береді» дегенді ашық айтқан. Ол бірақ, сәл де болса, заңға сүйенетін...

Ал осы қара күшке тосқауыл боларлық бір ғана құдірет бар, ол — рух. Адамның рухы, намысы, ар-ұяты. Адамды хайуаннан айырып тұратын ұлы шекара осы ғана. Сол шекара әлдеқашан бұзылғандықтан, қолы ұзын, кімге болса да қорлық көрсете алатын, иманнан ада биліктің жүгені сыпырылып, өз дегенін істей бастады. Бұған қай заманда да қарсы тұрарлық адамдар, ары таза, өз басын сыйлайтын азаматтар болғаны тарихтан белгілі. Бізде солар жоқ немесе жоққа жақын деңгейде. Оның айқын масқарасын желтоқсанда көргенбіз. Бұл туралы мейлінше ашық, нақты дәлелдермен, ащы жазған да мен едім. Одан бергі жағдай нашарлай түспесе, күшейе қойған жоқ. Соңғы отыз жылдың нақты жемісі қазақ билігі мен қазақы зиялысымақ ар-ұяттан, намыстан біржола ажырап, түгелге жуық ұятсыз бен жағымпазға айналды. Тым құрыса, орыс билігінен қорыққандықтан ғана тәртіпті бола қалатын қазақтар өздеріне билік толық тиген соң, нағыз орыс түгілі, Құдайдан қорқудан қалды. Қазақы биліктің барлық сатылары ұрлықтан, өтірікпен ғана байыды. Тәуелсіздіктің барлық игілігін көріп отырғандардың түйсік-түсінігі, мәдени көрбақтығы осыған ғана жетті. Кешегі қаңтар қырғыны осының ең асқынған көрінісі. Ал зиялы қауымның шамасы «жаңа пайғамбарға» табынуға ғана жарады. Есесіне, әлі де үмітті халықтың  рухы оянып келеді. Ол өзін сыйлауға, өзін сыйлатуға, қысқасы, рухани мәдениетке үйреніп қалды. Ол — рухы бар халық бұдан былай да жедел дамып, билікке айтқанын еріксіз істете алатын деңгейге жетер деп үміттенемін.

— Зиялы қауымның мінезі дегеннен шығады, кезінде Назарбаевты жер-көкке сыйғызбай жүргендердің алды нысананы Тоқаевқа бұрып үлгерді. Адамның осыншама бейшара халге түсуіне не себеп болуы мүмкін? Бұл жағымпаздық, сатқындық  қанмен беріле ме, әлде өмір үйрете ме?

— Оның арғы қасіретті тарихын, себебін, рухани құндылығының тарихын айттық емес пе? Ал қазір сол рух қайта тірілді. Билік оны қайта жоюдың жолын қарастырып әлек. Бірақ заман, адам болмысы өзгерген мына дәуірде қайткен күнде де жаңа көзқарас жеңеді, билік халықты ақымақ қылатын ескі аурудан арылуға мәжбүр болады. Ал көне жұртта қалып, «тойсам болды» дейтін сорлылыққа үйреніп кеткен қауымның есебі түзу «бас қатыра бергенше, мына жалған пайғамбарды да баяғы тәсілмен ақымақ қылайық. Бұл кетсе, жаңасын да сөйтерміз», дей беретін «қазақы» әдет. Бұл тәсіл де тозады, себебі, өзгере алмайтын дүние өлген дүние, ал қазақтың рухани, мәдени, ділдік тұрғыдан түгелдей өзгергісі келеді. Оған қазір кедергі болып тұрған рухани, мәдени надандық қана. Барлық қасіреттің себебі осында — топас, нойыс, тексіз және өзге ізгі өнеге көрмеген билік пен байлық осыны ғана түсіне алмайды. Халықты зар жылату, фашистік тәсілдерге барудың себебі осындай сорлы, бірақ нойыс, имансыз түсініктен өрбиді. Қысқасы, қазақы билік — осы адами ұғымдарға дейін «иілсе» ғана болашаққа сеніммен қарауға болады, ал қанға келсек, ол да өзінің тегіне қайта оралады.

—  Қазіргі саяси өзгерістерге қарасақ, Назарбаевтың дәурені аяқталған сыңайлы. Қыздары мен күйеу балалары, бауырлары шеттерінен қызметінен алынды, бизнестері мен сарайларының тағдыры талқыда тұр. Мұны Жаңа Қазақстан дәуірі басталды деп түсінуге келе ме?

— Өзгерген ештеңе де жоқ. Себебі, бұлар өзгере алмайды басқаша өмір барын, ұрыс-төбелессіз-ақ өмірді көркейтуге боларын ұға алмайды. Мүмкін, бұлардың бары осы шығар? Ал өмірді ізгі тілектестікпен, адал ниетпен өзгертуге, баяғыдан келе жатқан рухани құлдықтан құтылуға болады.

Бірақ… Әзір ештеңе өзгерген жоқ, киімін ғана өзгертті билік. Оның нәті, пиғылы өзгеруі керек. Ал жаңа дәуір — ең алдымен, ұлттың іштей өзгерістерінен, рухани сілкіністерінен кейін ғана басталады. Бұл жерде халықты ақымақ қылу дегеніңіз ендігі жерде іске аспайды. Халық түгел өзгеріп те болды.

Сосын… «Жаңа Қазақстан» дейтін сөзді ұғудың өзі қиын. Бұл «бұрын осылай жеп едік, енді басқаша жейміз» дегенмен бірдей. Өзгеру дегеннің өзі не екенін ұға алмаса, баяғы тазқалпымызбен сорлы, бірақ аса тоқ, содан да, мүмкін, топас түсінігімізді кім, қай данышпан өзгертеді? Мен білмеймін...

—  Жаңа Қазақстан құру айтқанға оңай, бірақ 30 жылғы қалыптасқан жүйені 30 күнде өзгерту оңай шаруа емес. Мысалы, үкімет мүшелері толық өзгерген жоқ, орындарын ғана ауыстырды. Мұның себебін Тоқаев кадр тапшылығымен байланыстырды. Назарбаев жүйесіне сыймаған талай мықты кадрлар шетелде жүр. Сіз бұл тапшылықты немен түсіндіресіз?

— Тоқаевпен көже қатынастығым жоқ, білмеймін. Бірақ ол да ескі инерцияның екпінінде қалып қойғанын, ештеңенің өзгере қоймасын толық дәлелдеп шықты. Кадр тапшылығы деген сылтау, нағыз өтіріктің өзі. Ол бәрін түзегісі келсе, қазақтың қай буынында да есті кісілер жеткілікті. Жұрт отыз жыл бойы ай қарап отырған жоқ, адамның бәрі толық өзгерді, жаңа ұғымдар қалыптасты, т.т. Ал қазіргі тозыңқы билік халықтың алға басуына кедергі болып отыр. Барлық проблема осы ғана. Өзгеру керек. Түгел. Сонда бәрі өзгереді. Әрине, бұл үшін бәрімізге ұлы тәуекел, ішкі тәуекел керек. Қасым-Жомартқа да. Ол енді өзінің шаруасы. Ал мен күтіп-күтіп, қартайып қалдым. Тек кейінгі ұрпақ, ел қандай болады соны ойлаймын.

—  Қаламгерден сұхбат алып отырып, әдебиет туралы сұрақ қоймау қиянат болар. Қазақ әдебиетінің «Алтын дәуірі» қайтып келмейтіні анық. Бүгінгі және болашақтағы қазақ әдебиетінің деңгейі, бағыты, формасы, идеясы қалай өзгеруі мүмкін?

— Бұл әңгіменің жөні бөлек. Сәті түсіп жатса, кейін айтармыз. Өзім — аманмын, тірімін, бәрі дұрыс. Жақсысы: «сыйлық алсам» дейтін аурудан аманмын. Бұл — аз бақыт емес.

Хош көріселік.  

Тегтер: