Мексикада картель басшысының өлтірілуінен кейін жаппай тәртіпсіздіктер басталды
Мексика Қарулы күштері елдегі ең ірі есірткі картельдерінің бірінің жетекшісі – Немесио Осегера Сервантесті, яғни «Эль Менчо» (El Mencho) деген атпен танымал адамның көзін жойды. Оның өлімі жаппай тәртіпсіздіктер мен зорлық-зомбылықтың өршуіне әкелді. Халиско штатында төтенше жағдай режимі енгізілді.
The New York Times басылымының жазуынша, «Эль Менчо» ұзақ жылдар бойы «Халиско жаңа буыны» (Cartel Jalisco Nueva Generación — CJNG) картелін басқарған. Ол мемлекеттік қауіпсіздік күштерімен тікелей қақтығыстан тайынбайтын, елдегі ең қатыгез қылмыскерлердің бірі ретінде танылған. Картель АҚШ-қа кокаин, метамфетамин және фентанил жеткізумен айналысқан.
NYT деректеріне сәйкес, Осегера Халиско штатының Тапалпа қаласында өлтірілген – дәл осы жерде оның картелі құрылған және негізгі қызметін жүргізген. Мексиканың Вашингтондағы елшілігі әскери операцияға қатысты қосымша ақпаратты АҚШ ұсынғанын мәлімдеді.
Халиско штатының губернаторы Пабло Лемус Наварро әлеуметтік желілерде картель мүшелері мен Мексика Қарулы күштері арасында қақтығыстар болғанын растады, бірақ егжей-тегжейін ашпады. Оның айтуынша, операцияға кедергі жасау мақсатында белгісіз адамдар көліктерді өртеп, жолдарды жауып тастаған.
The New York Times мәліметінше, кемінде бес штатта, соның ішінде Халискода, тәртіпсіздіктер күшейген. Жергілікті тұрғындар мен билік өкілдері көліктерді өртеп, көшелерді жабу фактілері туралы хабарлауда – бұл наркокартельдер жиі қолданатын тактика.
Халиско штатында төтенше жағдай енгізілді. Кейбір аудандарда қоғамдық көлік қозғалысы тоқтатылды, тұрғындарға үйлерінен шықпау ұсынылды. Өрт қою оқиғаларының бір бөлігі штат астанасы – Гвадалахарада тіркелген. Бұл қалада бірнеше айдан кейін футболдан әлем чемпионаты өтуі тиіс.
Пуэрто-Вальярта және Гвадалахара әуежайлары уақытша рейстерді қабылдамай отыр. Әлеуметтік желілерде жолаушылардың әуежай ғимараттарының ішінде паналауға тырысқаны түсірілген видеолар таралуда.
АҚШ мемлекеттік хатшысының орынбасары Кристофер Ландау «Эль Менчоның» жойылуын «Мексика, АҚШ, Латын Америкасы және бүкіл әлем үшін маңызды оқиға» деп атады. Тәртіпсіздіктер аясында АҚШ-тың Мексикадағы елшілігі Халиско, Тамаулипас, Мичоакан, Герреро және Нуэво-Леон штаттарында жүрген америкалықтарға қауіпсіз жерге паналап, сыртқа шықпауға кеңес берді.